Шаруа көтерілістері. Зорлық пен дөрекі әкімшілік-сот бассыздығына наразылық білдіру тек ауыл шаруашылығы өндірісінің күрт құлдырауынан ғана көрінген жоқ. Қазақстанда, бүкіл елдегі сияқты қалың шаруа ашық қарсылық көрсете бастады, ол көптеген аймақтарда ұйымдастырылған қарулы көтеріліске ұласты. Ауыл еңбекшілерінің алғашқы ұйымдасқан көтерілісі 1929 жылдың күзінде басталды. Айталық, қыркүйек айының аяғында кезекті астық дайындау науқанының барысында Сырдария округі, Бостандық ауданының Ұзын, Піскем, Жаңақырғыз қыстақтарында шаруалар көтерілісі бұрқ етті, оған 400-ден аса адам қатысты. Көтерілісшілер қатарында қазақ шаруалары, қырғыз бен өзбек диқандары да болды.
Бүлікті ұйымдастырушылар - Піскем қыстағының тұрғындары Талиб Мұсабаев, Бектай Халматов, Төлеген Азизов және басқалары. Көршілес Қырғыз аумағында орналасқан Шатқалы елді мекеніндегі дикандармен, сондай-ақ биліктің шектен шығуына наразылармен байланыс орнатты. Жөнсіз салынған салық, астық тапсыру жоспарының жоғарылығы (ауқатты деп аталған шаруашылықтың әрқайсысына 600 пұт астықтан) қырғыз шаруаларының жаппай көтерілуіне алып келді. «Жағдай күн сайын нашарлап барады, — деді Мұсабаев көтеріліс бола қалған жағдайда бірлесіп іс-қимыл жасау жоспары талқыланған бас қосуда. — Салық өсуде және астығымызды сыпырып алып отыр. Қыста аштықтан өлгенше, бір-ақ күнде бірден өлгеніміз жақсы...».
Көтерілісшілерді Богустан, Ситжак, Брич-Мула қыстақтарының шаруалары қолдады. Бірлесе қимылдай отырып, олар аудан орталығы Ходжакентті басып алды. Көтерілісшілер ауылдық кеңестің төрағасы мен бірнеше белсенділерді өлтіріп, сосын кооперативтерді, аудандық мекемелердің мүліктерін және т.б. талқандап, тонады. Алайда шаруалардың стихиялы бас көтеруі ұзаққа бармады: үш күннен кейін басылды. Оның 181 белсенді қатысушысы сотталды, ал 82-сі атылды.
Тап сол күндерді осыған ұқсас толқулар кезінде әкімшілік тұрғыда Қазақстанның құрамында болған Қарақалпақтың Тақтакөпір және Қоңырат аудандарында да өтті. Дабылды жағдай Ақтөбе округінің Табын және Ойыл аудандарында, сондай-ақ Гурьев округінің бірқатар аудандарында қамтыды.
1929 жылғы тұрғындар көтерілісі 1929 жылғы қарашаның басында Қостанай округі Батпаққара ауданының бірқатар ауылдарының тұрғындары көтерілді. Көтерілістің шығуына дайындаушы органдар билігі басындағылардың бассыздығы тікелей себеп болды. Әсіресе, салық инспекторларының қаталдығы шектен шықты. Солардың ұсыныстары бойынша 1928 жылғы тамыз бен 1929 жылғы қыркүйек аралытында салық төлеуден жалтарды және тәркілеуге қарсылық көрсетті деген айыппен 188 адам тұтқындалды. КазОАК-нің бұрынғы хатшысы, кейін Қостанай округі ауыл шаруашылығы кооперативтерін алғашқы ұйымдастырушыларының бірі болған Б. Қаралдин, бұрынғы мұғалім, кейіннен халық судьясы А. Дулатов (М. Дулатовтың атасы), белгілі діни қайраткер М. Сатыбалдин және басқалары тұтқындалды. Тұтқындалғандардың едәуір бөлігі сотталды, ал Б. Каралдин, К. Алдияров және басқалары Семей облысына жер аударылды. Міне, осының бәрі наразылықтың ушытуына, қарашаның басында №2 және 5-ауылдар шаруаларының жақын мандаты елді мекендер тұрғындарын (барлығы 400-ге жуық) ұйымдастырып, аудан орталығына қарай жылжуына, оны басып алып, апта бойы ұстап тұруына әкеп соқтырды. Сөйтіп, көтерілісшілер заңсыз тұтқындалғандарды босатты, әкімшілік ғимаратын өртеді, партия-кеңес органдарының, прокуратураның, соттың, милицияның құжаттарын өртеп жіберді. Көтерілісті бастаушылар тіпті сарбаздар отрядын ұйымдастыруға талап жасады. Бір ғажабы, көтерілісшілердің негізгі тобын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысушылар құраған еді.
Батпаққарадағы көтеріліс дүмпуі Наурызым, Жетіқара, Торғай және басқа көршілес аудандарға жетті, жер-жерде жекелеген көтерілісші топтар құрылды. Алайда көтерілісті басу үшін Қостанайдан, Ақтөбеден, Торғайдан, Троицк пен Ақмоладан жіберілген әскери отрядтар Батпаққарадағы көтерілісшілерді қолдағысы келген бас көтерудің бәрінің жолын кесті және бүлік ошағы қоршалып, кейін мүлдем тұншықтырылды. Батпаққара ауданында халықтың жаппай наразылығын тудырған нақты себептер партия және кеңес органдарына жақсы таныс еді және оның үстіне олар мұны елемеді.
Партиялық-чекистік сарапшылар әбден таптаурын болған жалған насихаттық жолдармен кезекті рет қайғылы жағдайларға «ұлтшыл элементтердің жауыздық әрекеттері» деген айдар тақты. Бұл ретте олар Торғай өңірі Алашорданың белгілі жетекшілері туған жер, сондықтан «көтерілісті идеялық рухтандырушылар, шамасы, солар және солардың жақтастары» екендігін еске салды. Бұл екі арада көтеріліс басталардан көп бұрын Алашорда көсемдерінің бәрі күзетке алынған болатын. Байырғы интеллигенция өкілдері көтеріліске ықпалы бар деп айыпталды. 1916 жылғы көтеріліс басшыларының бірі Әбдіғапар Жанбосыновтың туысқандары — С. Жанбосынов, М. Әбдіғапаров қуғындалды, Б. Каралдин, М. Сатыбалдин және басқалары атылды. А. Дулатов бастаған 12 адамның түрмеде бұрын ұсталғаны туралы материалдар қазақтың контрреволюциялық буржуазиялық ұлтшылдары деп аталған тергеу ісіне тіркелді, ал өздерін күзетпен Мәскеуге айдап, алдында этаппен әкелінген Алашорда жетекшілері қамауда отырған Бутырка түрмесіне жөнелтілді. Сол кезде А. Байтұрсыновқа, М. Дулатовқа, X. Ғаббасовқа, М. Есболовқа және басқа XIX—XX ғасырлар белесіндегі интеллигенцияның белгілі өкілдеріне тағылған айыптардың бірі «Қазақстанда жерге орналастыру, байлардың мүліктерін тәркілеу, шаруашылықтарды ұжымдастыру, астық пен ет дайындау жөніндегі кеңестік науқандар мен іс-шараларды өткізуге кесел келтіргені, Кеңес өкіметін құлату мақсатымен оған қарсы қарулы көтеріліс әзірлегені» және т.б. болды.КР ОММ, 1680-к., 3-т., 621-іс, 89-93-п.. Бұл реттең ОГПУ-дың тергеу органдары Батпаққара көтерілісінің материалдарына да сүйенді. Батпаққара ісі бойынша, тұтас алғанда, 530 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, оның 115-і ОГПУ «үштігінің» шешімімен атылды.КҰКК мұрағаты, 158-т„ 49-іс, 1-т., 17-20-п..
Егер 1929 жылы халық көтерілісі көбіне жекелеген қарулы қарсылық білдіру сипатында болса, 1930 жылдың қысы мен көктемінде, кез келген наразылық көріністерінің қатал басып тасталуы мен биліктің аяусыз жазалау акцияларына қарамастан, халықтың шаруаларға қысым көрсетіп отырған саясатпен бітіспеушілік наразылығы күрт күшейіп, енді жаппай бүліншілік сипатқа айнала бастады. Бұган БК(б)П Қазөлком бюросының 1930 жылғы 2 қаңтардағы қаулысына сәйкес, онда Қарақалпақ, Бостандық және Батпаққара аудандарындағы шаруалар көтерілісі бандиттік-басмашылық қозғалыстың көрінісі ретінде сараланып, көтерілісшілерге қолданылған жазалау шаралары да кедергі келтіре алмады.
Қарсылықтың жаңа толқынына КСРО БОАК пен ХКК-нің 1930 жылғы 1 ақпандағы «Жаппай ұжымдастыру жүргізіліп жатқан аймақтарда ауыл шаруашылығының социалистік қайта құрылуын нығайту жөніндегі және бай-кулакқа қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар туралы» белгілі қаулысы зор серпін берді.КР ОММ, 30-к., 7-т., 47-ic, 1-п.. Іле-шала осыған ұқсас шешімді БК(б)П өлкелік комитеті мен Қазақ республикасының үкіметі де қабылдады.КР ОММ, 141-к., 1-т., 2926-іс, 91-92-п.; 2927-іс, 22-23-п., 109-110..
Халық қарсылығының күшеюіне антиклерикалдық саясаттың да әсері аз болған жоқ. Ар мен діни наным-сенімге бостандықты жалған насихаттай отырып, партия мен мемлекет, сонымен бірге қылышынан қан тамған атеистік науқандар жүргізді, ол мораль мен құқықтың бүкіл нормаларын ашықтан-ашық таптап, дінге қарсы шектен тыс вандализм әрекеттеріне дейін барды. Қысқа мерзім ішінде Қазақстанда көптеген мешіттер, мінажат үйлері, шіркеулер жабылды. Тек 1929-1930 жылдарда Орал округінің Тайпақ ауданындағы барлық 45 мешіт, Қостанай округінің Батпаққара ауданындағы 14 мешіт жойылды. Семей округінің тұтас аудандарында да осындай жағдай орын алды. Халықтың пікірлері мен көңіл күйін ескерместен, мешіттерді жабуға қарсы шағымдар легі Ахмет Йасауидің мұражайы орналасқан, атам заманнан дінге сенушілердің қасиетті орны болып табылатын Түркістан ауданынан бастау алды.КР ОММ, 5-к., 21-т., 82-ic, 1-п, 16; КР ҮКК мүрагаты, 101-т., 9-іс, 11-11-п..
Халықтың наразылығы Жергілікті органдардың атеизм майданы негізінде етек алған бассыздығы халықтың жаппай наразылығын тудырды, ол КазОАК мен ОГПУ органдарының басшылығында да атап көрсетілді.КР ОММ, 5-к., 21-т., 82-ic, 42-45-п.. Және шаруалар көтерілісінің жетекшілері ретінде дін өкілдерінің әрекет ете бастағаны тегін емес еді. жылдың соңы мен 1930 жылдың басында республиканың көпшілік аймақтарында көтерілістің жаңа толқыны бұрқ етті. Әкімшілік ғимараттарын өртеу, партия мен кеңес қызметкерлеріне, ұжымдастыру және басқа науқандарды өткізу жөніндегі белсенділер мен уәкілдерге қатысты ұрып-соғу жағдайлары жиіледі. Биліктің терроры мен бассыздығы өзге де наразылық білдірушілерді жұмылған қарулы топ құруға итермеледі. Сол бойда оларға тонаушылықпен айналысатын қылмысты элементтер де қосылды. Бұл ресми органдарға жұртшылық алдында биліктің тәлкегіне қарсы шыққандардың бәрін қаралап көрсетуге, олардың әрекеттерін бандылық әрекет деп бағалауға, ал әділетті саяси және экономикалық талаптарын контрреволюциялық әрекет ретінде саралауға мүмкіндік берді.
Қазақ АКСР НХК қылмыстық іздестіру басқармасының деректері бойынша қарсылық білдіруші топтар Ақмола округінің Қорғалжын, Атбасар, Еркіншілік аудандарында, Павлодар округінің Сейтен және Баянауыл аудандарында, Ақтөбе округінің Темір, Новороссийск, Қобда аудандарында, Орал округінің Азғыр, Тайпақ, Қаратөбе аудандарында әрекет етті. Жағдай республиканың солтүстік және шығыс аудандарында да шиеленісті. Адай округінде қарсылық білдіру қозғалысы етек алды.Сонда, 41-іс, 15-16-п., 65-72..
Өз туында таптық мүдде мен таптық күрес рухын бейнелеген мемлекет шектен шыққан қуғын-сүргін және күшпен мәжбүрлеу саясатымен шаруалар арасында қарсылық қозғалысына жол ашты. Ол ай өткен сайын кең қанат жая түсті. Оның үстіне ол қаукарсыз түрден (көшіп-қону, салық салынатын объектілерді жасыру және т.б.) ашық қарулы қарсылық әрекетке жиі ауысып отырды. жылдың акпан-наурыз айларында көтеріліс Сырдария округінін Созақ, Сарысу, Шаян аудандарында, Ақтөбе округінің Ырғыз, Шалқар аудандарында, Қостанай округінің Наурызым, Торғай аудандарында, Алматы округінің Бүйен-Ақсу, Бөрібаев, Лeпci (сәуірде - Балқаш пен Шоқпар) аудандарында, Қызылорда округінің Қазалы, Қармақшы, Терең-өзек, Арал аудандарында, Семей округінің Көкпекті, Зайсан аудандарында, Өскемен округінің Шемонайха, Бұқтырма, Катонқарағай аудандарында бұрқ етті. Көтеріліс басқа аудандарды да қамтыды. Шын мәнінде республиканың бүкіл аумағы Азамат соғысы қарсаңында тұрды.
Шаруалар толқуын басу үшін коммунистік отрядтар тартылды, олар көбіне-көп күштеу негізінде қалалық коммунистер мен комсомолдардан, жұмысшылар мен қызметкерлерден құрылды. Бұл отрядтар БК(б)П өлкелік комитетінің арнаулы шешімімен асығыс жасақталды және саналы түрде қала халқы ауыл халқына қарсы қойылды, оның үстіне мұндай болу ұлттық белгілері бойынша жүргізілді. Асығыс ұйымдастырылған отряд мүшелерінің көпшілігі қаруды қалай қолдануды білмеді, сондықтан көтерілісшілерге қарсы алғашқы ұрыста-ақ сәтсіздікке ұшырады. Созақ ауданында нақ осылай болды. Көтерілісшілер (Шу өзенін бойлай оның солтүстік және солтүстік батысындағы ауылдар, тама руының шаруалары) мен коммунарлар отрядтарының қимылы да алма-кезек қайғылы сипат алды.
Көтеріліске дайындық әуелі Сарысу ауданының Шу және Кентарал елді мекендері аумағында басталды. Содан кейін көтеріліс ошағы Созақ ауданы көтерілісшілерінің жетекшісі Сұлтанбек Шалақов тұратын №12 ауылға ауысты. Тергеу құжаттары бойынша, ол орта шаруа. Бірақ революцияға дейін Шалақовтың болыс старшыны, ал бір кездері тіпті Құршу болысының болысы болғаны туралы топшылау да қылаң беріп қалады. Содан келіп, Созақ көтерілісін «ірі байлар, ишандар мен молдалар» басқарғаны және тиісінше оның объективті себептері болмағаны» ҚР ҰҚК мұрағаты, №49, 158-т., 1-т., 84-94-п. туралы тұжырым жасау үшін ілік табылды.