Басқалдақ - өзен суына қойылған бөгеттің қамыстан тоқылған түрі. Басқалдаққа балық көп жиналады. Кезінде Сырдарияға басқалдақ құрып, жиналған балықты шөміш аумен сүзіп алған екен. Бір түнде балық жиналған басқалдақтан бір- екі мың аққайран аулаған кездер болған. Сонымен бірге көл, теңіз жағасынан қыста балық аулау үшін үкі салуға сайланған орынды да басқалдақ дейді. Мұндай басқалдақты екі-үш түйе қамыс пен топырақты араластырып жасаған. Үкі салатын жерде басқалдақ болмаса, ол жердің иесі жоқ дегенді білдірген. Басқаша айтқанда, басқалдақ балық аулау жұмысын реттеу құралы ретінде де қолданылған. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. - Алматы: DPS, 2011. - ISBN 978-601-7026-17-2

Дереккөздер

Санат:Мәдениет Санат:Терминология