Металл беріктігі Металл беріктігі – металдардың белгілі бір жағдайлар мен шектерде қандай да бір әсерлерді (түскен жүктемелер, әр түрлі температуралық, магниттік, электрлік, т.б. өрістер, әркелкі кебу немесе ісінуді, физикалық-химиялық процестердің дененің әр түрлі бөлігінде әркелкі өтуін, т.б.) бұзылмай қабылдау қасиеті. Әр түрлі жағдайлар үшін металл беріктігінің критерийлері: пропорционалдық шегі, аққыштық шегі, беріктік шегі, сырғымалық шегі, т.б. Металл беріктігінің түрлері Металл беріктігі бірнеше түрге ажыратылады: теориялық беріктігі – атомаралық ілінісу күштері арқылы есептеу (шамамен бойлық серпімділік модулінің 1/4-не тең); техникалық беріктік – нақты бір материалдарда қол жеткізген беріктік (кейбір болаттар үшін ол теориялық беріктіктің шамамен 1/10-і, ал қатты денелердің көпшілігі үшін жүзден бір, тіпті мыңнан бір үлестері); құралымдық беріктік – құралымдық элементтердің беріктігі – пісірілген тораптары, иінді біліктер, бұрандамалар, турбина қалақтарының, т.б. беріктігі (беттік ақаулардың, ішкі кернеулердің, т.б. байланысты құралымдық беріктік техникалық беріктіктен төмен болады); динамикалық беріктік – динамикалық жүктемелерді металдардың қирамай қабылдау қасиеті; ұзаққа созылатын беріктік – ұзақ уақыт жылжып-сырғу жағдайында болатын материалдың (металдың) беріктігі. Металдарды беріктендіру үшін термодинамикалық, химиялық-термодинамикалық, термомеханикалық, мехеханикалық әдістер қолданылады. Бірліктердің халықаралық жүйесінде (ХБЖ) металл беріктігінің өлшем бірлігі –НЧм/кг.Қазақ Энциклопедиясы
Пайдаланылған cілтемелер