МусковитҚазақстан энциклопедиясы, VI-том – силикаттар класының минералы. Химиялық формуласы: KAl2AlSі3O10(OH)2. Құрамына изоморфты түрде калийдің орнына Na, Rb, Cs, Ga, Ba, алюминийдің орнына V, Mg, Fe, Mn, Lі, Cr, Tі кіреді. Кристалдық құрылымы тетраэдрлердің үздіксіз қабатынан тұрады. Химиялық құрамының түрліше өзгерулері мен жаралу жағдайларына қарай мусковиттің фенгит, фуксит, ферримусковит, серицит, т.б. түрлері болады. Моноклиндік сингонияда кристалданады, кристалдары тілімше, пластинка, жапырақ, ромб, агрегаттары қабыршақ түрінде кездеседі. Мусковит түссіз, хром, темір, марганец сияқты хромофорларға байланысты сарғыштау, жасылдау, сұрғылт, қызғылт болып, шыныша жылтырайды. Қаттылығы Моос шкаласы бойынша 2 – 3; тығыздығы 2,76 – 3,10 г/см3; электр тогын өткізбейді. Мусковит тау жыныстарын құраушы минерал ретінде граниттердің, гранит пегматиттерінің, грейзендердің, тақтатастардың құрамында ұшырасады. Метаморфтық процестерде дала шпаттары, андалузит, кордиерит, сазды минералдар, т.б. бойынша дамиды. Мусковит бойынша Ar және Sr әдістерімен тау жыныстарының абсолюттік жасы анықталады. Ірі кристалды мусковит электроқшаулағыш ретінде конденсаторлар, радиошамдар, радиобөлшектерін жасау өндірісінде пайдаланылады. Қабыршақты мусковит күміс түсті бояу, слюдопластар үшін қолданылады. Мусковит кендері Үндістанда, Шығыс Сібірде, Оралда, Кола түбегінде, Украинада шоғырланған. ұсақ түйірлі Мусковит Қазақстанның көптеген гранитоид интрузиялары мен метаморфтық жыныстарының құрамында кездеседі.
Дереккөздер
Қазақ энциклопедиясы
Санат:Калий минералдары Санат:Алюминий минералдары