Әлемде 3 мыңнан астам ұлттар мен ұлыстар бар екен. Бір ұлттан тұратын бірде-бір мемлекет жоқ. Шыққан тегі мен ұлттық санасына қарағанда, әлемдегі барлық қазақтар саны 15 миллиондай. Қытайдағы, Моңғолиядағы, Өзбекстанда, Ресейдегі қазақтар өзінің ата-жұртында өмір сүруде, ал қалған қазақ диаспорасы әртүрлі жағдайларға байланысты қоныс аударуға мәжбүр болғандар. Айта кетерлігі, қазақтардың өздерінің атамекен жерлерінде азшылықта болуы Тәуелсіздікке қол жеткізген күнге дейін орын алып келген (1926 ж. – 58,5%, 1939 ж. – 37,8%, 1959 ж. – 30%, 1989 ж. – 39,7%).

Қазақ диаспоралары шарықтаған нарық экономикасы мен азаматтық қоғам орнаған елдерде ғұмыр кешуде (АҚШ, Түркия, Франция, Англия, Алмания, Швеция және т.б.), және қазіргі экономикалық-әлеуметтік және саяси реформалар жүріп жатқан дамушы елдерде өмір сүруде (Қытай, Ресей және т.б.). Осыған орай шеттегі қазақ диаспорасының бай нарықтық тәжірибесі осыған сәйкес ділі мен санасындағы құндылықтық басымдықтар егемен Қазақстан үшін өте пайдалы және құнды .

Шетелдегі қазақтардың елдік және этникалық сапасы, саны, орналасу жақындығы мен тарихи факторы диаспораның көші-қон әлеуетінің және 1993 жылдан бергі орнаған 10000 отбасының, 2005 жылдан – 5000 отбасына артық, 2009 жылдан – 20000 отбасының көші-қон квотасы бағамына шешуші болып табылады.

Көші-қон полициясы Комитетінің этникалық репатриация туралы ресми мәліметтері бойынша (2011 жылдың қыркүйек айындағы жағдайына қарай) елімізге 210225 оралман отбасы немесе 824170 адам қоныс аударды .

Репатрианттардың жалпы санынан қоныс аударушылардың ішінде саны жағынан бірінші орында Өзбекстаннан келген қазақтар тұр (60,1%), екінші орында – Моңғолиядан келгендер (13,3%), үшінші орында – Қытайдан келгендер (10,3%), төртінші орында – Түркіменстаннан (7,8%) және бесінші орында –Ресейден келген қазақтар – 4,3% .

Өзбекстаннан келген оралмандар Оңтүстік Қазақстан (Жамбыл Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстары) өңірлеріне қоныстанған, Моңғолиядан келген оралмандардың 63 пайызы Солтүстік өңірді (Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары) қоныстанған. Қытайдан келген оралмандардың көпшілігі (89 пайыздан астамы) Шығыс өңірдегі Шығыс Қазақстан облысына таңдау жасаған, ал, Оңтүстік өңірде – Алматы облысында қоныстанғандар көп. Түркіменстаннан келген оралмандардың 80 пайызы Батыс өңірлерге (Атырау мен Маңғыстау облыстары), ал Ресейден келген оралмандардың 76 пайызы Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстарында қоныстанған.

Қазақтардың Қазақстанға оралуы табиғи өсіммен қатар қазақтар санының 10 млн. адамға көбеюіне де ықпал етті, ал олардың үлес салмағы 2009 жылы 53,4%-дан 63,1%-ға дейін өсті, яғни бүгінгі күні этнодемографиялық, әлеуметтік, көші-қон үдерісін эндогендік негізде анықтайды, халықтың мәдени сабақтастығың қалпына келуіне, туған тілдің, дәстүрдің, салттың, халықтық өнердің молайуына, мемлекеттік тілдің әсіресе, солтүстік-шығыс өңірлерде таралуына ықпал етеді.

Оралмандардың ниеттеріне қозғаушы күш болған, оның халықаралық қауымдастықты мойындауы, елдің қарқынды дамуы, бабалар жеріне қайта оралуы, қазақтың ата-бабасының жерінде мемлекеттікті қалыптастыруға қатысу, егеменді мемлекетті сақтау мен дамыту, бірыңғай ұлтқа ену болып табылады. Өскелең ұрпақтың тағдырына деген алаңдаушылық жақын және алыс шет елдердегі қазақтардың көңілін жақындастырады. Тарихи отандарында шетелдегі қазақтар мен оралмандар мынадай жайттарды мүмкін деп табады: 1) этникалық (қазақылығын) ұқсастығын сақтап қалу; 2) туған ана тілін мәдени, тілдік және этникалық ассимиляцияға ұшыратын басқа мемлекеттердегі титулды ұлт ортасынан шығу арқылы ұлттық сана-сезімін, ділін сақтап қалу; 3) тәуелсіз Қазақстан қорғауында болу және Қазақстан азаматтығының құқы мен міндеттерін алу, балаларына бәсекеге қабілетті арнайы орта, жоғары және жоғары білімнен соңғы білім беруге, жастарды жұмысқа орналастыру; 4) өздерінің мәдени және рухани деңгейін көтеру; 5) отбасының әрбір мүшесінің экономикалық хал-жағдайын жақсарту; 6) Қазақстанның түпкілікті тұрғындарымен, сондай-ақ басқа елдерден келген репатрианттар арасынан туыстық байланыстарын қайта орнату; 7) өзін көрсете білу және жергілікті қазақтармен теңесу; 8) қоныс аударған соң қалалық тұрғын дәрежесін жоғалтпау.

Бұрын (2011 жылғы 22 шілдедегі «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғанға дейін) келіп жатқан қандастарымыздың тұратын жері тек олардың өз тілектерімен айқындалатын, бұл осы облыста мемлекеттік реттеуді қиындатқан болатын. Оралмандардың 60 %-ға жуығы онсыз да демографиялық қысым көріп отырған төрт облысқа (Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Алматы облыстары) жинақталған.

Осыған байланысты, «Халықтың көші-қоны туралы» (2011 жылдың 16 тамызында өз күшіне енді) Заңының тұтас бір тарауы тарихи отанына оралу мақсатында қоныс аударуға арналып отыр. Квота ең алдымен Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына шетелдегі қандастарымыздың қоныстануы үшін бөлінуі қажет.

Көші-қон квотасына енгізілген оралмандар біржолғы жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға арналған қаражатты тек қана Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылданғаннан кейін алуы мүмкін. Көші-қон квотасына енгізілген оралмандар Қазақстан Республикасының азаматтығын алудан бас тартқан жағдайда біржолғы жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға арналған қаражат есептелмейді және (немесе) төленбейді. Бұл оралмандарға тиісті жеңілдіктер мен жәрдемақыларды жалған құжат арқылы алу жағдайларына жол бермейді. 2011 жылға дейін де осындай жағдайлар аз емес еді. Мысалы 2010 жылы Алматы, Атырау, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарында мүлдем елімізге келмеген немесе әр түрлі аумақтан квотаны 2 рет алған тұлғаларға 42 млн. сомасында қаражат бөлінгені жөнінде 64 дерегі тіркелген. Ұқсас деректер бойынша соңғы 3 жыл ішінде 10 қылмыстық іс қозғалған. Оралмандарға берілетін жәрдемақы қоныстану үшін белгіленген жері бойынша төленеді, ал белгіленген өңірден тыс жерге (алғашқы үш жылдың ішінде) немесе Қазақстан Республикасынан (алғашқы бес жылдың ішінде) тыс шығатын болса төленген жәрдемақы қазынаға қайтарылуы тиіс. Оңтүстік аумақта орналасқан оралмандарға қарағанда солтүстік аумақтағылар жәрдемақыны 2,4 есеге артық алатын болады.

Аталған іс-шаралар еңбек ресурстарының артықшылығын көріп отырған аймақтардың шиеленісуін алып тастайтын болады. Бейімделу мен қалыптасудағы қиындықтар мемлекеттік орындардың кереғар іс-қимылдарымен байланысты болды, атап айтсақ қағазбастылық, сөзбұйдалық, оралмандарды жемқорлық әрекеттерге тарту. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетінің соңғы қайта құруы және оны қорғаныс құрылымы – Ішкі істер министрлігіне қосу, біздің көзқарасымыз бойынша тәжірибе жүзінде оң нәтиже беріп отырған жоқ. Мойындайтын бір жағдай, ТМД, Еуропа, Түркия елдеріндегі этникалық қазақтардың есебінен болатын көші-қон көзі Қазақстан үшін, тек оқу мен іскерлік көші-қоны, туыстық байланыстан басқа, негізінен өз мәресіне жетті. Егерде қазіргі заманауи еуропалық қазақ диаспораларының аға буыны Қытай, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Ауғаныстан, Түркия елдерінде өсіп-өнген болса, ал жас ұрпағы басқа социумда – әлеуметтік ортада – Еуропаның дамыған елдерінде, ірі мегаполистер, басқа ұлттық ортада, қазақ тілін білмей және ұлттық мәдениеттен мүлдем тысқары өсіп келеді.

Тұрақты экономикалық жағдайы, зейнеткерлік қамтамасыздығы, Ресейде бәсекеге қабілетті білім алу мүмкіндігі бар жас ұрпақтың қазақ тілінен мақұрым қалуы, қазақтардың Ресей Федерациясында түпкілікті тұрақтап қалу таңдауын анықтап беріп отыр. Моңғолияның ішкі аудандарында (Улан-Баатор, Селенгі мен Орхон, Эрденет өзендері аралығындағы) өмір сүретін қазақ жастарының ана тілін білмеуі, жергілікті ұлтпен етене араласуы және қазақи мәдениетінің жоғалуы ақырын күту тұрғысын көрсетеді. Соңғы жылдары, саны жағынан 1,3 млн. адам (2003 ж.), ең үлкен қазақ диаспорасы өмір сүретін Қытайда аз ұлттарға қатысты саясат, атап айтқанда, білім беру саласы, едәуір өзгеріске ұшырады. Тәуелсіздік жылдары қазақстандық азаматтыққа барлығы 850 мыңнан астам адам қабылданды, олардың ішінде 821 мыңы немесе 98 %ы оралмандар. Сонымен қатар, қазақстандық азаматтыққа қабылдау туралы өтінім білдірген жағдайлардың бірқатарында олардың өтінімдерін қарау нәтижелерін күтпестен, елдерді аралау немесе Қазақстаннан мүлдем кетіп қалу және белгісіз уақытқа басқа мемлекеттерге шығып кету фактілерінің жиі кездеседі.

Соңғы екі жылда азаматтыққа қабылданған 95487 оралманның, 7 мыңнан астамы № 6 нысандағы анықтаманы алуға өтініш білдірмеген. Ішкі істер органдары оларды нақты тұру орындарын анықтау және Қазақстан Республикасының жеке куәліктерімен және төлқұжаттарымен құжаттандыру шараларын қабылдауда. Этникалық репатриация Қазақстан үшін бірқатар себептерге байланысты әлі де қызығушылық білдіретіні сөзсіз: 1) көші-қон ауыртпалықтарының, кеңістік және одан кейінгі кезеңдегі этнодемографиялық теңсіздіктің орнын толтырады; 2) елдегі демографиялық жағдайды тұрақтандырады, қазақтардың үлес санын арттырады; бүгінде қазақ тұрғындарының үлес саны 67% болуы отандастарымыздың (оралмандардың) есебінен; 3) шекараға жақын жердегі стратегиялық маңызды көші-қон ағымын реттейді; 4) халықтың мәдени сабақтастығын қалпына келтіруге, туған тілдің, дәстүр мен салттың, халық өнерінің байлығына ықпал етеді, түрлі өңірлерде мемлекеттік тілдің таралуына, әсіресе солтүстік-шығыстағы тілдік кеңістіктің ұлғайуына әкеледі; 5) басқа ұлттық ортада өмір сүруге дағдыланған этникалық қазақтардың тәжірибесі, нарықтық қатынастарға ерте бейімделулері қазақстандық қауымдастықтың оңтайлы әлеуметтік байланыстары жүйесіне еркін араласуларына, ел экономикасын дамытуға жақсы әсер береді; 6) тарихи әділеттіліктің орнауына, ұлттық ойдың құрамдас бөлігі ретінде халықтың біртұтас болуына ықпал етеді. Репатрианттарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі де әрі қарай жетілдіруді қажет етеді, өйткені оралмандардың көпшілік бөлігін экономикалық нашар дамыған өңірлер мен мемлекеттерден келетіндер құрайды. Әлеуметтік көмек берерде: оралмандарды оқыту мен қайта даярлауға бөлінетін қаржыны ұлғайту, ақылы қоғамдық жұмыстарға тарту; адрестік әлеуметтік көмек көрсетуді нарықтық принциптерге сәйкес жетілдіру (жағдайы нашар азаматтарға, оның ішінде әйелдер мен балаларға); ана мен баланы әлеуметтік қорғаудың жүйесін нығайту; тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету. Қоныс аударуға бейіл танытпай отырған, сол елде қалуды ойлап отырған этникалық қазақтар туралы да мемлекеттік саясатқа түзетулер енгізу керек. Отандастар және этникалық қазақтармен ара-қатынасты үзбей байланыс жасап отыру және оны дамыту мемлекеттік саясаттың көші-қон саласындағы алдағы маңызды жұмыстарының бірі болып қала бермек. Қазақстан, үлкен аумақты алып отырған ел, халық саны аз ғана, оның үстіне өңірлерді біртегіс жайламаған, еңбек ресурстарына тапшы, экономикалық қорын маманданбаған кәсіби емес Орталық Азиядағы арзан жұмыс кұшін пайдалану арқылы толтырады. Сондықтан этникалық көші-қон бағдарламасын орындау ел мен оның өңірлеріндегі демографиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін міндет ретінде өзекті болып қала берме