нобай|Оспан Сейфолла Міркемелұлы Оспан Сейфолла Міркемелұлы 1938 жылы 15 желтоқсанда Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, қазіргі «Сәкен Сейфуллин» (Құндызды ауыл советі) ауылында дүниеге келген. Сол ауылдағы жеті жылдық мектепті бітірген. 1956 жылы Қызылорда қаласындағы «1-Май» қазіргі Қалтай Мұхамеджанов орта мектебін тәмәмдаған. 1966 жылы кәзіргі Әбу Насыр әл-Фараби атындағы университетінің филология факультеті журналистика бөлімін бітірген. Алғашқы еңбек қадамын Қызылорда қаласындағы паровоз депосында (1956-1957) қатардағы жұмысшылықтан бастап, Алматыдағы «№75 құрылыс тресінде» (1957-1958) моторист болып істеген. 1958-1997 жж. «Жазушы», «Рауан», «Қазақстан» баспаларында корректор, редактор, аға редактор; Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында Әдебиет бөлімінің меңгерушісі. «Қазақфильмде» аудармашы әрі редактор. «Ара-Шмель» журналында бөлім меңгерушісі, халықаралық «Түркістан» газетінде меншікті тілші қызметтерін атқарған.
Шығармашылығы солға|нобай|1955 ж. 1961 жылы жарық көрген «Жас дәурен» атты ұжымдық жинақтан бастау алған шығармашылық жолы кейін балаларға арналған «Қалақай», «Балақойған», «Жалбыз» атты жыр жинақтарымен қатар «Жазғы жауын», «Бақытқа хат», «Құндыздым, менің жұлдыздым», «Ар мен ән», «Жанарымда жан сырым», «Көңіл сәулесі», «Самала» сынды т.б. үлкендерге арналған жыр жинақтарында жалғасын тапқан. 2004 жылы «Алдымнан атқан ақ таңым», «Қанағат» атты таңдамалылары; «Сырдария кітапханасы» сериясымен 2009 жылы «Қанағат», «Тағзым», «Жалбыз» сияқты үш томдық жыр жинақтары жарық көрген. Және осы «Сырдария кітапханасына» Қалтай Мұхамеджанның үш томдығын, Мұхамеджан Қаратаев, Әбірәш Жәмішев, Әбдікәрім Ахметов, Қанапия Дәрібаев және тағы басқалардың кітаптарын құрастырып, алғы сөздерін жазып дайындап берген және Шығыстың әлемге әйгілі ұлы шығармаларының бірі - «Мың бір түннің» орысша сегіз томдығының негізін Қалтай Мұхамеджан тәржімалап, ал ішіндегі он екі мың жолдан астам бәйіттерін аударған, әрі алғы-соңғы сөздерін жазып баспаға дайындап берген Сейфолла Оспан. Балалар сахнасына лайықтап өлеңмен «Мұңлық-Зарлық», «Асан-Үсен» атты пьесалар жазған.
Шығыстың ұлы шайрларының бірі Әбдірахман Жәмидің ғазелдері мен дастандарын; А. Тверскойдың Назым Хикмет өмірінен жазған «Босфор үстіндегі ән» хикаятын; В. Биянкийдің «Қай құстың тұмсығы жақсы», Нагаевтің «Тайгадағы айқас», С.Т. Аксаковтың «Алқызыл гүл» шығармаларын; Джек Лондонның бір топ әңгімелерін; А. Бартоның, З. Александрованың, түркімен ақыны Тәңірқұлиевтың және басқа да елдердің балалар ақындарының шығармаларын аударған. Бұған қоса әлемге әйгілі Шығыс шайырлары: Ә. Фердаусидің, Ә. Рудакидің, Насыр Хұсыраудың, әзірбайжан ақыны Нәсимидің бір қатар жырларын тәржімалаған. Сонымен бірге орыс классиктері: А. Пушкин, М. Лермонтов, А. Блок, түрік ақыны Назым Хикмет, өзбек ақыны Ғафур Ғұлам, балқар ақыны Қайсын Кулиев, тәжік ақыны Момын Каноатовтардың оған қоса венгр, ангола ақындарының топтамалары мен жекелеген шығармаларын қазақша сөйлеткен. Өз жырлары да орыс, украин, қырғыз т.б. тілдерде жарық көрген.
Кино саласында 60-тан астам фильм аударып, оның ішінде Ә. Фердаусидің ақ өлеңмен жазылған «Шаһнамасы» желісімен түсірілген «Рүстем-Сүһрап» (бір бөлімді), «Саяуыш туралы аңыз» (екі бөлімді) фильмдерінің пәлсапалық жырларын, өзбектің «Көп ішіндегі жалғыз» фильмнің жырларын аударған, сондай-ақ қырғыздың «Айчурек» операсының либреттосын қазақшалаған. Сонымен қатар бір томдық «Қалтай қалжыңдарын» құрастырып, оның алғы-соңғы сөздерін жазған, сол сияқты Қазақ кино қайраткері – Абдолла Қарсақбаев жайлы, «Қазақ киносының құлагері» атты естеліктер жинағының денін өзі жазған; оған қоса қазақтың ұлы ақындарының бірі: - Жұбан Молдағалиев туралы «Мен қазақпын» естеліктер жинағын құрастырып, алғы сөзін де өзі жазған. Бұларға қоса тағы бір ұлы жазушымыз Тахауи Ахтанов жайлы «Арыстан жалды заңғар жазушы» атты естеліктер жинағына белсене ат салысқан. Тіпті әр-бірден соң Қазақ әдебиеті мен өнерінің тарландары жайлы мақалалар жинағын «Білім» баспасынан «Қанаты қырқылған қырандар», «Бала болмай, дана болып туғандар» деген атпен екі томдық етіп жарық көргізген.
Сонымен бірге 2016 жылы жарық көргем Мұқағали Мақатаев энциклопедиясының 150 дей жырына түсініктеме-мақала жазып және жас композитор Әліби Әбдінұрұлымен екі бөлімді опера жазған. Ол Астанада 2024 жылғы «Дала даусы» конкурсының «үздік музыкалық-театрлық жаныр туындысы» номинациясы бойынша бас бәйгесін иеленген. Қазақстан Журналистер одағының Ахмет Байтұрсынов атындағы жүлдесінің иегері, Бұқар жырау және Асқар Тоқмағамбетов атындағы жыр мүшәйраларының бас жүлдегері. Райымбек батыр бабамыз атындағы және Қаныш Сәтбаев атындағы мүшәйраларының жүлдегері. Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хаты» мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісінің, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің, Қазақстан Егемендігінің 20 және 25 жылдық оған қоса «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалдарымен марапатталған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері. Қызылорда облысының «Жалаңаш», «Сырдария» аудандарының Құрметті азаматы. 2023 жылы «Қазақстанның құрметті жазушысы» атағын иеленген.
Пікірлер Әбділда Тәжібаев: Мен бұл өлеңнен ақынның болмысының шындыққа жақындығын аңғарғанмын. Бір шумақ жырдан бір кезеңнің сұрғылт суық демі сезіледі. Қайшы тағдырлар сипатын көргендей боламыз. Мұндай ишарат айта білген ақын қажетті жерінде ащы да айта алары даусыз.
Қарағым Сейфолла Кемімесін көңліңдегі, Көгіңдегі жалтылдарың. Мызғымасын жыр патшасы Отыратын алтын тағың.
Құрметпен ағаң 11-2-1985 жыл
Мұхамеджан Қаратаев, академик, халық жазушысы: Мен Сейфолла інімнің «Қорқамын» деген өлеңінен қорқынышты әлемнің түп нұсқасын көргендей әсер алдым. Әдет-ғұрып өз игілігін бермеген жерде бәрі қараң екен. Соны білдім.
Әбу Сәрсенбаев: Ал қазір қазақ әдебиетіндегі орта буындардың алдыңғы қатарында елуінші қияға өзіңе лайық әдемі жүкпен көтерілдің. Сенің алғашқы кітабыңа жылы лебіз білдіргем. Сондағы бір шумағың есімде қалыпты: Күн батады бұйра бұлтты ысырып, Мен де қайтам жүкті арқамнан түсіріп. Келем үйге кең әлемнің төріне Көңілімнің көгершінін ұшырып.
Қуандық Шаңғытбаев: Оған Сейфолла інімнің өзінің өлеңдерінен аумайтын жүріс-тұрысы, дәмді әңгімесі, кейде еркінірек өктемсіп кететін қалпы да маған өте қымбат боп кетеді. Тіпті әр-бірден соң ойда-жоқта бір жоғалтып алған қасиетті қазынамды қайта тапқандай күй кешетінім де бар. Болмаса ақынның қай өлеңін оқымайын мына ит тірліктің өзіне лайық сырына қаныққандай әсерде боламын. ...Өлең шындығымен ғана өлең. Сейфоллада сол шындық бар. Ал шындық жүрген жерде табыс та жүреді. Сейфолла ақын бүгінгі таңға дейін өзінің нағыз қанға сіңген қазақи ойынан бірде-бір танбай жазып келе жатқан ақын екендігінде дау жоқ. Бұл ақынды кешегі бәрімізді тізгіндеген кеңес заманы да тізгіндей алмаған, бірақ адамгершілік қасиеттің қастерлі қағидасы ғана оны өз құрсауынан босатпаған. Байқағанға ол да үлкен қасиет.
Әбіш Кекілбаев: Қысқасы, армандасаң – алда да алатын асуың көп. Шүкірлік етсең қолың жеткен абырой мен мерей де жеткілікті. Ағаларың аңсап, інілерің дәметіп жүретіндей қабырғалы қаламгерсің. Бұйырғанын көп көргізбесін! Бұқарбай атаңның адуынды ақ найзаларындай аршындап алда жүре бер, алға баса бер!
Өтежан Нұрғалиев: Кешегі көзге ұрмай көлеңкеде жүретін Сейфолла бүгін айдарын күнге білеген тарланбоз болды. Алпысқа жетіп, қуаты, беделі өссе де, артық сыбаға сұрамаған қалпы жыл сайын, жыл аралата айқаймен алатын шағын көлемге риза болып, қалың томмен жинайтын беделді шағын топтамалармен-ақ алды. Сейфолланың стихиясы топырлап өткен қалың көпірдің ізіне еру емес, қатерлі толқынға бас тігіп, мұхиттың ақ жал айдынына жалғыз қалтылдақ қайықпен сапарға бас тігу еді. Сейфолла Оспан оқыды. Бірақ қайталаған жоқ, үйренді, бірақ еліктеген жоқ. Ой жарыстарды, бірақ ой ұрлаған жоқ. Арзан модаға, жарқыл-жұрқылға әуестенген жоқ. Өйткені сүтпен кірген мінез сүйекпен кетеді. Оған әуелде сүтпен бірге емген жан дүниесінің кіршіксіз тазалығы, екі жүзділікке қаны қас бөлек болу – бала кезінен сіңген дағды болатын. Сол сияқты өмірінде біреудің мансап-дәрежесіне қарай бас имеген киелі тұқымның ұрпағы Сейфолланың да тазалығында сөз болмаса керек деп ұғам өз басым.
Сонау бір жылдардың бірінде ақын Өтежан Нұрғалиевтің мен туралы «Поэзияда жүкші – өмірде ақын» атты мақаласы «Жұлдыз» журналының бір санында шыққан болатын. Содан бір шама уақыт өткенде кәдімгі аты аңызға айналған партизан – батыр ағамыз Қасым Қайсенов үйге ызвандап: «Мен Қасым ағаңмын ғой. Ай, Сейфолла мен анау Өтежан Нұрғалиев деген ақынға енді гәрі көрместей боп үш рет іренжіп едім. Демек ол мені үш рет қатты іренжіткен. Бірақ «Жұлдызға» басылған мына мақаласы үшін (яғни сен туралы мақаласын айтып отырмын), соның бәрін де кешірдім. Сондай керемет талдап, сенің қандай ақын екендігіңді көрсете білген екен. Соған ырза болғандығым сонша өзімнің сол іреніштерімнің бәрін кештім. Сен өзің мақтанбайтын ақынсын ғой. Бірақ не жазсаң да нақты дәлелмен ел ойынан шығатындай етіп жазатыныңды мен жақсы білем. Ырзамын оған. Сен не десең, о де. Айтарым осы еді.» – деп трубканы тастай салған. Мен қырсық шалдың бұл сөзін өзімше тәбәрік ретінде қағазға түсіріп сақтап қойдым.
Қалтай Мұхамеджанов: Орыстың атақты сыншысы Писарев Дмитрий Иванович (1840 жылы туған) стилінде жазады екенсің. Бұл кісіні кезінде В.И.Лениннің өзі қатты бағалаған.
Зейнолла Серікқалиев: Сейфолла Оспан туған топырағы, атамекен асыл қазынасы-даналық тағылымын ана сүтімен тұла бойына біржола сіңірген, туабітті дарын талантымен, азаматтық мәрт мінезімен отбасынан, ат жалын тартып мінер бозалаң шағынан ғажайып ақын боп жаратылған. Халқына қыруар жыр жинағын сыйлаған қайсар қалам кейінгі бес-алты жылда өнер әлемін төрт қабырғасынан тиянақтау жолында ақ-адал маңдай терімен, ізденіс кеңістігімен өзін мүлдем қайта сомдап шықты. Қазақ әдебиеті, өнерінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар өрелі-бергі өнегелі тұлғаларын саралар, жоғалтқан інжу-маржан, ізгілік, ірілікті аялар сыншылдық әссә-портрет, толғаныстары – ала жіпті аттамай, тірі пендені алаламай, замандастарының өткені мен бүгінін бір-бірімен табыстырар, бауырластырар дәнекер сирек құбылыстардың бірі. Ақындық пен имандылық тоғысынан арнасы айқындалған кесек көріністің келешегі біздің әлі талай таратып талай тақырыбымыз болар деймін.
Сағат Әшімбаев: Біз сөз етіп отырған Сейфолла Оспанның өлеңдерінің басым көпшілігінде негізінен ар-ұят, ұждан, адамгершілікке қатысты моральдық мәнді мәселелер көтерілген. Сондықтан да оның бұл бағыттағы өлеңдердің тәрбиелік, тағылымдық, адамгершілік мәнін атап өтпеу ағаттық болар еді. Міне, осы өлеңдегі осы өлеңге дейінгі Отан, ана, ізгілік, өмірді өрге сүйрейтін кісілік қасиет туралы өлеңдердегі ақынның ақ ниеті, ақ тілеуі, ақ көңілі бұл қолжазбаның соңғы бетіне дейін оның барлық өлеңдерінде тау самалындай аңқылдап, балаша арсалаңдап алдыңнан шығады да отырады.
Мағира Қожахметова: Белгілі ақын, сыншы, публицист, жазушы Сейфолла Оспанды замандас әріптестерінен оқшау көрсетер ерекшелігін бәлкім кейін түсінерміз. Ол өзі өмір сүріп отырған уақыттың интеллектуалдық күш-қуатын қалыптастыруға тікелей атсалысуда. Қазақ өнерінің титтей жаңалығына шейін қалт жібермей, өзгенің табысына шын қуанып, асқан көрегендікпен зерттейтіні, әдебиет қайраткерлерінің таңғажайып портреттерін туғызуы, ақындық пен зерттеушілікті, сыншылықты біртұтас саз әуеніндей үндестіруі Сейфолла Міркемелұлының басты қасиеті.
Темірхан Медетбек: Ар-ұят пен азаматтық сынға түскен кезде ол мүлде басқа. Ондай кезде ол кескекті ердің сойына, наркескен намыстың нағыз өзіне айналады. Бетің бар, жүзі бар демейді. Айтады, немесе атылады! Сәкеннің бұл мінезіне көп жұрт жақсы біледі. Ол мінезіне менің де куә болғаным бар. Бұл өмірде ар-ұяттың сөзін сөйлеп, адамдықтың туын көтергеннен өткен азаматтық болар ма?!
Аудармашы Зейнолла Көшкенов: