Мессенджер сөмкесі кезінде электриктердің, курьерлердің иыққа асып алатын жұмысшы сөмкесі болған. Бүгінде оны жастар да, ересек адамдар да ұстай алады.

Жастар сөмкесі. Оқушылардың күнделікті қажетті алты-жеті оқулығы дәптерлерімен бірге сыйып кететіндіктен, олар оны көбірек тұтынады. Иыққа асып жүргенде сондай ыңғайлы, қоғамдық көліктерде де рюкзакқа қарағанда төменірек тұратындықтан, ешкімге кедергі келтірмейді. Тек бір ескерерлік жайт, екі иыққа кезек-кезек асынуды ұмытпаған жөн. Себебі үнемі бір иыққа асыну омыртқаның қисаюына алып келуі мүмкін.

Ерлер сөмкесі. Осы сөмкені бір пайдаланып, оның ыңғайлылығын түсінген жан басқасын керек етпей қалуы ықтимал. Себебі ер-азаматтардың көбі оны сәнді аксессуар деп емес, қажетті бұйым деп қабылдайды. Бағдарламалаушы, менеджер, редактор, архитектор, т.с.с. болсаңыз, ноутбугіңізді немесе планшетіңізді салып жүресіз. Кез келген уақытта өзіңізге қажетті барлық ақпарат қолыңызда болады. Ал сантехник, пошташы, электриктер ешкімнің кеңесінсіз, трендте бар не жоқ екеніне қарамай-ақ баяғыдан бері ұстап келеді.

Әйелдер сөмкесі. Әйелдерге арналған мессенджер сөмкесі олардың күнделікті өмірдегі серігі десек те болады. Себебі қазір іскер әйел затының көбісі техникалық құралдармен жүреді. Немесе қолы бос кезінде фитнеске немесе баласымен қонаққа барса, бар керек-жарағын салып, иығына іліп, баласын көтеріп жүре береді.

Дереккөздер Сән үлгі журналы. - Алматы 2013 ж. - 96 бет.