«Оғаш дүниелер» () — Ағайынды Дафферлер Netflix стримингтік сервисі үшін түсірген америкалық драмалық телехикая. Жобаны Monkey Massacre Productions және 21 Laps Entertainment студиялары шығарды. Бірінші маусымның сегіз бөлімінің премьерасы Netflix платформасында 2016 жылғы 15 шілдеде өтті. Екінші маусымы 2017 жылғы қазанда, үшінші маусымы 2019 жылғы шілдеде жарық көрді. Төртінші маусым екі бөлімге бөлініп, тиісінше 2022 жылғы мамыр және шілде айларында көрерменге ұсынылды. Бесінші әрі соңғы маусым да үш бөлімге бөлініп, олар 2025 жылғы 26 қарашада, 25 және 31 желтоқсанда жарық көрді. Телехикаяда қорқынышты оқиғалар, мистикалық құбылыстар, драма және кейіпкерлердің есейіп, өмірлік тәжірибе жинақтау тарихы тоғысады.
Телехикаядағы оқиғалар 1980-жылдары Индиана штатындағы ойдан шығарылған Хоукинс қаласында өрбиді. Хоукинс тұрғындары «Төңкерілген әлем» () деп аталатын бөгде әрі қауіпті параллель өлшемнің әсеріне тап болады. Барлық маусымда басты рөлдерді Вайнона Райдер, Дэвид Харбор, Финн Вулфхард, Милли Бобби Браун, Гейтен Матараццо, Калеб Маклафлин, Наталия Дайер, Чарли Хитон, Кара Буоно, Мэттью Модайн, Ноа Шнапп, Сэди Синк, Джо Кири, Дейкр Монтгомери, Шон Астин, Пол Райзер, Майя Хоук, Приа Фергюсон, Бретт Гельман, Линда Хэмилтон, Джейми Кэмпбелл Бауэр және Нелл Фишер сомдайды.
Ағайынды Дафферлер «Оғаш дүниелер» телехикаясын 1980-жылдары өтетін мистикалық және ғылыми-фантастикалық элементтері бар драма ретінде әзірледі. Телехикаяда сол кезеңдегі поп-мәдениетке көптеген сілтемелер кездеседі. Жекелеген сюжеттік тақырыптар мен режиссерлік тәсілдер Стивен Спилберг, Джон Карпентер, Дэвид Линч, Стивен Кинг және Г. Ф. Лавкрафттың шығармаларынан, сондай-ақ танымал анимелер мен бейнеойындардан шабыт алған. Бұған қоса, Дафферлер Қырғи-қабақ соғыс кезіндегі құпия үкіметтік ғылыми тәжірибелері мен оларға қатысты қастандық теорияларынан да шабыт алған.
«Оғаш дүниелер» телехикаясы Netflix платформасында рекордтық көрермен аудиториясын жинап, бүкіл әлемде жанкүйерлер қауымдастығын қалыптастырды. Телехикая сыншылар тарапынан жоғары бағаланып, оның дәуір атмосферасы, актерлердің ойыны, режиссурасы, сюжеті, музыкалық сүйемелдеуі және 1980-жылдардағы жанрлық фильмдерге жасалған сілтемелері ерекше аталып өтті. Олардың қатарында «Елестерді аулаушылар», «Жерден тыс» және басқа да фильмдер бар. Жоба көптеген марапаттар мен номинацияларға ие болды. Атап айтқанда, «Алтын глобус», BAFTA, Америка режиссерлер гильдиясының сыйлығы, Америка сценаристер гильдиясының сыйлығы және «Грэмми» жүлдесіне номинациялар алды. Сонымен қатар телехикая «Эмми» сыйлығына, Америка киноактерлер гильдиясының драмалық телехикаядағы үздік актерлік құрам үшін берілетін сыйлығына, Америкалық кино институтының, Critics' Choice Television Awards және People's Choice Awards марапаттарына ие болды.
Жоба аттас франшизаның негізін қалады. Оның құрамына «Оғаш дүниелер: 85-жылдың хикаялары» атты анимациялық спин-офф, Бродвейде қойылған «Оғаш дүниелер: Алғашқы көлеңке» приквел-спектаклі, сондай-ақ телехикая негізінде жарық көрген көптеген кітаптар мен комикстер кіреді.
Оқиға желісі «Оғаш дүниелер» телехикаясының оқиғалары 1980-жылдары Индиана штатындағы ойдан шығарылған Хоукинс қаласында өрбиді. Қала маңында орналасқан Хоукинс ұлттық зертханасы АҚШ Энергетика министрлігі үшін ғылыми зерттеулер жүргізеді деген ресми түсінік қалыптасқан. Алайда шын мәнінде зертхана қызметкерлері адамдардың қатысуымен паранормалды және табиғаттан тыс құбылыстарға қатысты құпия тәжірибелер жүргізеді. Тәжірибелердің бірінің барысында зертхана қызметкерлері кездейсоқ «Төңкерілген әлем» деп аталатын балама өлшемге апаратын портал ашады. «Төңкерілген әлемнің» әсері көп ұзамай бұл туралы ештеңеден хабарсыз Хоукинс тұрғындарына кері әсер ете бастайды.
Бірінші маусымның оқиғалары 1983 жылы қарашада өрбиді. Осы кезде 12 жастағы Уилл Байерсті «Төңкерілген әлемнен» келген жаратылыс ұрлап кетеді. Оның анасы Джойс пен қала полициясының бастығы Джим Хоппер Уиллді іздеуге кіріседі. Шериф пен ата-аналарының тыйым салғанына қарамастан, Уиллдің достары Майк, Дастин және Лукас та іздеу жұмыстарына қосылады. Осы уақытта зертханада «Он бір» деп аталған, телекинез қабілетіне ие қыз зертханадан қашып кетеді. Оны Уиллдің достары тауып алады. Көп ұзамай балалар оның ерекше қабілеттерін байқайды. Он бір Уиллді іздеуге көмектесуге тырысады, сонымен қатар өзін іздеп жүрген зертхана қызметкерлерінен жасырынып жүреді. Уиллден бөлек, тағы бір оқушы қыз — Майктың әпкесі Нэнси Уиллердің жақын құрбысы Барбара Холланд та жоғалып кетеді. Кейін Уиллдің жоғалуына «Төңкерілген әлемнің» әсері және балалар «Демогоргон» () деп атап кеткен, адамға ұқсас құбыжықтың қатысы бар екені анықталады. Бұл атау үстел ойынындағы жаратылыстың атына ұқсастығына байланысты қойылған. Уиллдің жоғалуы, «Төңкерілген әлем» және Он бірдің айналасында өрбитін негізгі оқиғалармен қатар, «Жұлдызды соғыстарға», Dungeons & Dragons үстел ойынына және өздері үшін балаларға арналған радиостанцияға әуес Майк, Дастин және Лукас мектепке барып жүреді. 1980-жылдардағы көптеген «гиктер» сияқты, олар да мектепте буллингке ұшырайды. Үлгерімі жақсы оқушы Нэнси Уиллер мектептегі танымал оқушы әрі жүзу командасының капитаны Стив Харрингтонға ғашық болады. Ал Уиллдің ағасы Джонатан Байерс інісінің жоғалып кетуін қабылдауға тырысады. Осы кезде олардың анасы Джойс Уиллмен байланысуға тырысып, біртіндеп психологиялық күйзеліске ұшырайды. Маусым соңында телехикая кейіпкерлерінің барлығы бірігіп, достарына және туған қаласына қауіп төндіретін күштерге қарсы біртұтас майдан құрады.
Екінші маусымның оқиғалары бір жылдан кейін, 1984 жылы қазанда өрбиді. Джим Хоппер Он бірді ормандағы атасының ескі үйіне жасырады. Уилл құтқарылғаннан кейін «Төңкерілген әлемді» үнемі көре беретін болады, өйткені ол «Ақыл-ойды қинаушы» () деп аталатын, алып шатырмандай қармалауыштары бар алып жаратылыстың нысанасына айналады. Көп ұзамай бұл жаратылыс Хоукинс тұрғындарына қауіп төндіре бастайды. Джойс пен Хоппер Майктың әпкесі Нэнси, Уиллдің ағасы Джонатан және Нэнсидің жігіті Стивпен бірігеді. Осы уақытта Калифорниядан Макс есімді жасөспірім қыз өгей ағасы Биллимен бірге Хоукинске көшіп келеді. Макс Майк, Лукас және Дастиннен құралған топқа қосылады. «Төңкерілген әлемнен» төнген жаңа әрі бұрынғыдан да үлкен қауіпті тоқтату үшін олардың барлығы күш біріктіруге мәжбүр болады.
Үшінші маусымның оқиғалары бірнеше айдан кейін, 1985 жылы шілденің басында, Тәуелсіздік күнін мерекелеуге аз уақыт қалғанда өрбиді. Жаңа «Старкорт» сауда орталығы Хоукинс тұрғындарының басты демалыс орнына айналып, соның салдарынан қаладағы басқа дүкендердің көпшілігі жабылуға мәжбүр болады. Хоппер Он бір мен Майктың арасындағы қарым-қатынастың дамуына барған сайын алаңдайды, сонымен қатар Джойсқа қамқорлық жасауға тырысады. Жазғы ғылыми лагерьден оралған Дастин кездейсоқ «Старкорт» сауда орталығының астында орналасқан құпия кеңестік зертханаға қатысты орыс тіліндегі радиобелгіні ұстап алады. Ол досы Стив Харрингтонмен және сауда орталығында Стивпен бірге балмұздақ сатушысы болып жұмыс істейтін Робин Баклимен бірге ұсталған құпия хабарламаның сырын ашуға тырысады. Кейін оларға Лукастың кіші қарындасы Эрика Синклер қосылады. Олар ақырында кеңестік ғалымдардың жерасты зертханасына тап болады. Ғалымдар «Төңкерілген әлемге» апаратын қақпаны қайта ашуға тырысады. Бұл «Төңкерілген әлемнен» келген жаратылыстардың Хоукинс тұрғындарының денесін иемденіп, қалаға үрей таратуына мүмкіндік береді. Басты кейіпкерлер осы қауіппен күресуге мәжбүр болады.
Төртінші маусымның оқиғалары бірнеше айдан кейін, 1986 жылы наурызда өрбиді. Джойс, Уилл, Он бір және Джонатан жаңа өмір бастауға тырысып, Калифорния штатындағы Ленора қаласына көшіп барады. Он бір өз қабілеттерінен айырылғанына бейімделуге тырысады және мектепте буллингке ұшырайды. Осы уақытта «Төңкерілген әлемнің» Векна () атты жаңа жаратылысы Хоукинс тұрғындарын аңдый бастайды. Ол адамдардың санасын билеп, оларды өлтіреді. Он бірдің жаңа жаратылыспен күресуіне көмектесу үшін доктор Сэм Оуэнс пен доктор Мартин Бреннер оны жерасты базасына алып барады. Олар қыздың ерекше қабілеттерін қалпына келтіруге көмектесуге тырысады. Ал Джойс пен Мюррей Хопперді Кеңес Одағындағы Камчатка түрмесінен құтқару үшін КСРО-ға ұшады. Бұл түрмеде бірнеше демогоргон да ұсталады. Осы уақытта Нэнси, Стив, Робин, Макс және Дастин Хоукинстегі Векнаның қылмыстарының сырын ашуға тырысады. Ал Майк, Уилл, Джонатан және пицца жеткізуші болып жұмыс істейтін жаңа досы Аргайл полиция көз алдында алып кеткен Он бірді іздеуге кіріседі.
Бесінші әрі соңғы маусымның оқиғалары негізінен 1987 жылы қарашада өрбиді. Әскери қызметкерлер Он бірді (Оби) іздеп жүр, ал басты кейіпкерлер тобы Векнаны табуға тырысады. Осы кезде Векна Нэнси мен Майктың кіші қарындасы Холлиді және тағы 11 баланы ұрлап кетеді. «Төңкерілген әлемнің» Хоукинс пен «Тұңғиық» деп аталатын басқа өлшем арасындағы құрттесігі екені анықталады. Векна балаларды пайдаланып, «Тұңғиықты» Хоукинспен біріктіруді жоспарлайды. Ақырында топ ұрланған балаларды құтқарып, Векна мен «Ақыл-ойды қинаушыны» өлтіреді және «Төңкерілген әлемді» жояды. «Төңкерілген әлемнен» қашып шығу кезінде Оди суперқабілеттері бар адамдарға жүргізілетін тәжірибелердің алдын алу үшін сол әлемде қалып, өзі де жоғалып кетуге шешім қабылдайды. Он сегіз айдан кейін, 1989 жылы мамырда, Майк, Уилл, Дастин, Лукас және Макс орта мектепті бітіреді, ал Хоппер Джойсқа үйленуге ұсыныс жасайды. Майк болса, Оби өзінің өлімін қолдан ұйымдастыруы мүмкін деген теория ұсынады.
Рөлдерде Вайнона Райдер — Джойс Байерс; Уилл мен Джонатан Байерстің анасы. Дэвид Харбор — шериф Джим Хоппер; Хоукинс полиция бөлімінің бастығы және Джейн Хоппердің асырап алған әкесі. Финн Вулфхард — Майк Уилер; Карен мен Тед Уилердің ортаншы баласы, Нэнси мен Холлидің ағасы және Уилл Байерстің үш жақын досының бірі. Милли Бобби Браун — Джейн «Оби» Хоппер (туғандағы аты — Айвз) / Он бір («Оби» қазақ тіліндегі Он бір сөзінің қысқартылуы); телекинетикалық және телепатиялық қабілеттері бар жасөспірім қыз. Джим Хоппердің асырап алған қызы, Хоукинс зертханасында доктор Бреннердің тәрбиесінде болған. Гейтен Матараццо — Дастин Хендерсон; Уилл Байерстің достарының бірі. Бұған қоса, бұғана-краниалдық дисплазиясы бар, соның салдарынан кейбір дыбыстарды дұрыс айта алмайды. Калеб Маклафлин — Лукас Синклер; Уилл Байерстің достарының бірі. Бастапқыда Он бірден қауіптенгенімен, кейін онымен дос болады. Наталия Дайер — Нэнси Уилер; Карен мен Тедтің қызы, Майк пен Холлидің әпкесі. Журналистика саласына енді қадам басқан жас қыз. Чарли Хитон — Джонатан Байерс; Уилл Байерстің ағасы және Джойс Байерстің ұлы. Фотограф. Кара Буоно — Карен Уилер (1–3 және 5-маусымдар; 4-маусымда да рөлде); Тедтің әйелі әрі Нэнси, Майк пен Холлидің анасы. Мэттью Модайн — доктор Мартин Бреннер (1 және 4-маусымдар; 2-маусымда мерзімді түрде); ғалым. Құпия тәжірибелер жүргізілген Хоукинс зертханасын басқарған. Ноа Шнапп — Уилл Байерс (2–5-маусымдар; 1-маусымда да рөлде); Джонатан Байерстің інісі және Джойс Байерстің ұлы. Оның «Төңкерілген әлемде» жоғалуынан бірінші маусымның оқиғалары басталады. Сэди Синк — Максин «Макс» Мэйфилд (2–5-маусымдар); Биллидің кіші өгей қарындасы және Майк, Дастин, Уилл мен Лукастың сыныптасы. Он бірдің құрбысы. Скейтборд тебумен айналысады. Джо Кири — Стив Харрингтон (2–5-маусымдар; 1-маусымда да рөлде); мектептегі танымал оқушы. Нэнси Уиллерге романтикалық сезімдері бар. Дастинге ағалық қамқорлық көрсетеді. Дейкр Монтгомери — Билли Харгроув (2–3-маусымдар; 4-маусымда да рөлде); Макстың үлкен өгей ағасы. Үшінші маусымда оның денесін «Ақыл-ойды азаптаушы» иеленеді. Шон Астин — Боб Ньюби (2-маусым; 3-маусымда қонақ актер ретінде); Джойс пен Джимнің бұрынғы сыныптасы, екінші маусымда Джойстың жігіті. Компьютерлер мен технологияларды жақсы меңгерген. Пол Райзер — доктор Сэм Оуэнс (2 және 4-маусымдар; 3-маусымда қонақ актер ретінде); ғалым әрі құпия тәжірибелер жүргізілген Хоукинс зертханасының жаңа басшысы. Төртінші маусымда Он бірдің қабілеттерін қалпына келтіруге көмектеседі.