«А» арнайы мақсаттағы қызметі (бұрын «Арыстан»Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы — Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 22 қарашадағы № 372қ Жарлығы қызметі) — ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары - Қызмет директоры басқаратын Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мекемесі.

Тарихы Құрылуы және бағынуы 1990 жылы 3 наурызда КСРО МҚК төрағасы В.А.Крючковтың бұйрығымен КСРО МҚК-нің жетінші басқармасының «А» тобының құрамында 12-аймақтық бөлімше құрылды, кейінірек 12-топ деп аталды. Бұл топтың командирі болып В.Н.Зоркин тағайындалды. Бұл топтың штатында 45 адам болды. Топтың жауапкершілік аумағына барлық Орталық Азия республикалары, сондай-ақ Омбы, Томбы, Жаңасібір облыстары мен Алтай өлкесі кірді. Алматылық «Альфаның» құқықтық мұрагері Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа тікелей бағынатын «А» бөлімі болды. 1992 жылы 13 қаңтарда КСРО Президентінің қарамағындағы Қауіпсіздік басқармасының «А» тобы құрамында 6-топтың негізінде құрылды. 1991-1993 жылдары бұл бөлім Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметінің құрамында болды.

Хронологиялық тұрғыдан қарағанда, «А» бөлімі тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихындағы алғашқы ресми әскери құрама болды. 1993 жылдың сәуір айынан бастап «А» бөлімі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына енгізіліп, 1994 жылдың 11 маусымында «Арыстан» қызметі болып өзгертілді. КСРО МҚК жетінші басқармасының «А» тобымен сабақтастықты сақтау үшін бөлім атауы «А» әрпінен басталуы үшін арнайы таңдалды. КСРО ыдырағаннан кейін екі ай бойы алматылық «А» тобы Ресей президенті Борис Ельцинге тікелей бағынды, содан кейін Қазақстан басшылығы өздеріне мамандарды қалдыра отырып, топты Қазақстанның құзырына беруге қол жеткізді.

Жауынгерлік бірінші қадам

1992 жылы 23 ақпанда «А» бөлімі тарихқа «Набат» кодтық атымен енген лаңкестікке қарсы алғашқы операциясын өткізді. Бір күн бұрын «Ташкент-Самара» пойызының арнайы вагонында келе жатқан алты кәнігі қылмыскер үш айдауылшыға шабуыл жасап, сегіз тапаншаны тартып алып, бостандыққа қашып кеткен. Тұтқындардың бірі топтан бөлек кетуге әрекеттеніп, кейін ұсталып қалды, қалған бесеуі Қызылорда – Сарыағаш бағытымен келе жатқан 30 жолаушысы бар кәдімгі «Икарус» көлігіне мініп үлгерді. Шиелі ауылының маңында жүргізуші милиция шолғыншыға күдікті бес жолаушы туралы хабарлап, оған милиция жасағы торуыл дайындап жатқан автобекетке бару туралы бұйрық берілді. Жүргізуші жолаушылардың салоннан шығуын өтінген кезде ІІБ қызметкерлері бандиттердің берілуін талап етіп, бірнеше рет ескертпе оқ жаудырды. Сыбайластары оқ жаудырған кезде үшеуі қолдарын көтеріп шығуға дайын болды: атыс кезінде бір милиционер мен бір бандит қаза тауып, екеуі қамауға алынды.

Салонда қалған екі бандит 13 адамды — 5 ер, 7 әйел және бір баланы кепілге алды. Бандиттер кепілге алынғандардың өмірі үшін ұшақ пен қомақты ақша талап етті. Милиция лаңкестермен келіссөз жүргізіп, автобусты Шымкент қаласының әуежайына жөнелтуге көндірді, ал бұл арада дабыл қағып, «А» бөлімін шақыртты. Штаб лаңкестерді автобус бағыты бойынша емес, әуеайлақтың сыртқы периметрінің қоршау қақпасынан ұстау туралы шешім қабылдады. Түн ішінде сарбаздар билік берген осындай автобуста жаттықты. Сонымен бірге, бандиттердің талаптарын қанағаттандыру қажет болған жағдайда, жедел штаб құрамы «А» бөлімінің қызметкері бар арнайы таңдалған экипажы бар Ан-24 ұшағын дайындады. «А» бөлімі басшысының м. а. полковник А.В. Волосников шабуыл жасау керектігін айтып көндірді, ал шабуыл жоспарын сол кездегі операция жетекшісі полковник Аманғали Баталов ұсынды.

Шабуыл 23 ақпан күні таңертең болды: «Икарус» әуежай қақпасына кіргеннен кейін оған қар тазалайтын көлік соғылып, «А» бөлімінің жедел қызметкерлері бірден автобусқа кіріп, терезе әйнектерін сындырды. Операция барысында автобуста қалған екі бандит та оққа ұшты, бірақ кепілге алынғандардың ешқайсысы зардап шекпеді. Кейбір мәліметтерге қарағанда, автобустағы тікелей шабуыл 4 секундқа созылған. Бөлімнің бір топ жедел қызметкерлері (Ә. Ф. Аблаков, А. Ғ. Баталов, В. С. Василенко, А. В. Волосников, А. В. Головин, С. К. Жұмабеков, В. П. Калиновский, И. В. Кочергин, В. И. Кузнецов, А. Е. Медетов, С. В. Семёнов, И. П. Соловьев және В. В. Хохлов) Қазақстан Республикасы Президентінен Құрмет грамоталарымен (ол кезде ордендер мен медалдар әлі белгіленбеген еді; ордендер операцияға қатысушыларға 2021 жылдың 13 желтоқсанында ғана ұсынылды) марапатталды. Операция «А» тобын кейіннен пайдалану қажеттілігін дәлелдеді.

Әдістемені қайта құру 1993 жылға қарай «А» Алматы тобындағы қызметкерлердің шамамен 60% «Альфа» Краснодар бөлімшесіне ауысып, оның басшылығына қосылды. Осыған байланысты қазақстандық қауіпсіздік органдары «А» департаментінің құрылымын ғана емес, сонымен қатар жедел қызметкерлерді оқыту әдістемесін басынан бастап құруға мәжбүр болды. «А» бөлімінің жауынгерлік даярлық басқармасының басшысы мен «Арыстан» оңтүстік бөлімшесінің командирі Виктор Стороженконың айтуынша, жас сарбаздардың оқ атудан дайындығына жетекшілік еткен Игорь Кочергин бұл іске біраз көмек көрсетті.

Топ әдістемесінің белсенді дамуы 1993-1994 жылдары «Арыстан» қызметкерлері АҚШ пен Ресейде оқудан өткен кезде басталды. Ресей мен Франция оқыту қызметтерін ұсынғанымен, сол кез бойынша олар Қазақстан үшін тым қымбат болды, сондықтан, АҚШ-та тегін оқуды жөн көрді. Америка Құрама Штаттарында оқу кезінде қазақтар кеңестік «А» тобында қызмет еткен жылдары алған білімдері мен дағдыларын ішінара пайдаланды: дайындықтың жоғары деңгейі тіпті американдық нұсқаушыларды таң қалдырды, олар қазақтардың өтініші бойынша оқыту курсын кеңейтті. 1994 жылы Алматыда АҚШ-тың Алматыдағы елшілігін «басып алу» оқу-жаттығуы ұйымдастырылды: оқу-жаттығу әпсанаға сәйкес, американдық елші кепілге алынды. «А» бөлімінің қызметкерлері елшіні бірнеше секунд ішінде сарбаздар мен елшілік қызметкерлері арасында ешбір шығынсыз босатып алды, соның арқасында американдықтар сарбаздарға қосымша дайындықты ұсынды.

Кейіннен қазақтар дүние жүзінің әртүрлі елдеріндегі жедел қызметкерлерді дайындаудың әртүрлі әдістерін салыстырып, сараптады. Ресейде қазақстандық арнайы жасақтарды дайындау бағдарламасын жасауға 4 жыл уақыт кетті. Көп ұзамай ТМД лаңкестікке қарсы орталығы пайда болды, сол арқылы «Арыстан» өзінің оқу бағдарламасын алды. Бұл ресейлік «Альфа» қызметкерлерін оқыту бағдарламасымен дерлік сәйкес келді.

Соңғы жылдары 1996 жылы қаңтарда Зайсанда «Арыстан» лаңкес тұтқындаған бірнеше кепілді босату операциясына дайындалды. «Арыстан» қызметкерлерінің бірі Марат Мәрденов бөлімше командирінің орынбасары бола тұра бес адамды атып, екеуін ауыр жаралап, сонымен қатар бір әйел мен сәбиді кепілге алған қылмыскермен келіссөз жүргізуге мәжбүр болды. Ұзақ келіссөздерден кейін Мәрденов қылмыскерді берілуге мәжбүрледі: ол сот отырысында келіссөз жүргізушісіне үш рет оқ атпақшы болғанын айтты. Өскемен соты қылмыскерге ерекше жаза тағайындады.

Журналист Айткен Қадырбековтың айтуынша, «Арыстан» Қазақстанның мемлекеттік құрылымында жүргізіліп жатқан күрделі реформалардың салдарын көрмеген санаулы құрылымдар мен бөлімдердің бірі болды. 1997 жылы Амангелді Шабдарбаев «Арыстан» арнайы жасақ бөлімшесінің командирі болған қысқа уақыт ішінде оның басшылығымен соңғы техникамен жабдықталған жауынгерлік оқу полигоны құрылып, лаңкестікке қарсы бірқатар сәтті оқу-жаттығулар өткізілді. Баткен оқиғасынан кейін Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті лаңкестікке қарсы күрес бағдарламасын әзірлеп, қабылдады, оған нақты қаражат бөлінді: оларды заңды түрде басқа қажеттіліктерге аудару мүмкіндігі болмайды. «Арыстанды» қамтамасыздандыру кейіннен осы бағдарлама негізінде жүзеге асырылды. Кейінгі жылдары «Арыстан» ең алдымен - есірткі сатушылар мен қару-жарақ контрабандистерінен бастап, жалдамалы өлтірушілерге дейінгі аса қауіпті қылмыскерлерді ұстау бойынша «негізгі емес» операцияларға қатысты. Оқу-жаттығу кезінде жасақ жауынгерлері бейбіт тұрғындарға да көмек көрсетті: 2006 жылдың көктемінде оқу-жаттығу жиындарының бірінде «арыстаншылар» жылан шаққан үш туристті құтқарып қалды.

2010-жылдары «Арыстан», ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметі бойынша, лаңкестік сипаттағы 100-ге жуық зорлық-зомбылық әрекеттерінің алдын алған; Орталық Азия моджахедтерінің жамағаты, «Джунд әл-Халифат», «Хизб-ут-Тахрир» және т.б. сияқты лаңкестік ұйымдардың содырлары мен құрылымдарын жою бойынша операциялар жүргізілді; әріптес барлау қызметтерімен бірге ондаған экстремист қамауға алынып, экстрадицияланды. Жедел қызметкерлер әртүрлі пішіндегі күрделі жарылғыш құрылғылардан бастап, қоқыс жәшігінде жатқан түйреуіш суырылып алынған қарапайым гранаталарға дейін әртүрлі бомбаларды жою жұмыстарына қатысты. «Арыстан» «арнайы жасақтың бір соққысымен» Семейде әрекет еткен Жоламан қылмыстық тобын жеңе алғанымен де танымал болды.

Ақжан Хасеннің бандасы Алайда, жасақ құрылған алғашқы 20 жыл ішінде қызметкерлер қаза тапқандар мен жараланғандардан шығын көрмесе, көп ұзамай «Арыстан» да, тағы бір арнайы жасақ «Сұңқар» да лаңкестерге қарсы операцияларда шығынға ұшырай бастады. 2011 жылдың желтоқсан айының басында Алматы облысында қазақстандық полиция мен «Арыстан» арнайы жасағының жасақтары Боралдай кентіндегі «Сахалин» шағын ауданындағы тұрғын үйлердің бірінде Ақжан Хасен бастаған 5 адамнан тұратын лаңкестік топтың жолын кескен болатын. Операция барысында бес қылмыскер де өлтірілді, бірақ «Арыстанның» екі қызметкері – 5-басқармадағы 1-бөлімінің лаңкестікке қарсы тактика бөлімінің аға офицері, майор және 5-басқармадағы 3-бөлім басшысының орынбасары майор қаза тапты. Бұл операция кезінде Черемушки аймағы қоршауға алынды, құпиялық себебінен жедел уәкілдер жергілікті тұрғындардың ешқайсысына алдағы операция туралы хабарламаған.

Ағжан Хасенді ұстау операциясы кезінде «Арыстан» сарбаздарының қазасы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі арнайы жасақтары сарбаздарының өлімі немесе ауыр жарақат алуының сол жылғы төртінші оқиғасы болды. Бұған дейін, сәуірдің 4-і күні Алматының үшінші шағын ауданында бандиттер Қадыр Қадыров, Рузымбай Ишімбетов және Абдулмансұр Ниязов жатқан пәтерге басып кіру операциясы кезінде күшті жарылыс болды: Ишимбетов пен Ниязов гранаталармен өздерін жарып жіберген. Соның салдарынан ҚР ІІМ «Сұңқар» арнайы жасағының 11 сарбазы (оның ішінде 6-ы ауыр) жараланып, кейбірі мүгедек болып қалды. 1 шілдеде Ақтөбе облысы Шұбарши кентінде ҚР ІІМ «Арлан» арнайы жасағының қызметкері лаңкестердің қолынан қаза тапты, ал 8 күннен кейін Кеңқияқ ауылында тағы бір «Сұңқаршыл» өлтірушілерді ұстау кезінде қайтыс болды.

Сол жылы 29 желтоқсанда «Арыстан» Қызылордада «Ақжан Хасен» лаңкестік тобы жетекшілерінің бірі Ерік Аязбаевты жойды: құқық қорғау органдарының берілу туралы ұсынысына жауап ретінде Аязбаев Макаров тапаншасынан оқ жаудырды, бірақ жауап ретінде оған қарсы оқ жаудырудан қаза тапты.

Бикаевтардың бандасы 2011 жылдың тамыз айында Қостанай облысында «Арыстан» жауынгерлері мен ҰҚК басқа да қызметкерлерінің қатысуымен есірткі бизнесімен айналысқан ірі ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелерін ұстау операциясы жүргізілді: бұл банданың құрамында ағайынды Қайрат пен Азамат Биқаевтар болса, оны жамбылдық Олжас пен Ғазиз Байғазиевтер басқарды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментіне 2011 жылдың мамыр айында Байғазиевтер Жамбыл облысындағы Шу қаласында бір тоннадан астам кептірілген марихуана иеленіп (айыптаушының дерегі бойынша – 1039 кг), ал сол жылдың тамыз айында Биқаевтар Қостанай облысына BMW X5, Toyota Land Cruiser және УАЗ көліктерімен 204 қап марихуана алып келуді ұйғарғаны жайлы ақпарат түсті. Олар жүкті Дәмді ауылы маңындағы қоймаға жасырып, кейін Қазақстан-Ресей шекарасы арқылы өткізуді көздеген. Бандиттерді ұстау туралы шешім қабылданды: қылмыскерлерді ұстау бойынша барлық шараларды подполковник Талғат Ілиясов басқарды.