Тоқсанбай – Жетісу Алатауының оңтүстік-батыс бөлігіндегі жота.

Географиялық орны Қазақстан (Жетісу облысы, Панфилов ауданы) мен Қытай шекарасында орналасқан. Шығысында (Қытай жерінде) Бежінтау жотасының сілемдерімен ұштасады.

Жер бедері Жота ендік бағытта 45 км-ге созылып жатыр. Ең биік жері шығысында (4062 м). Жотаның шығыс, солтүстік-шығыс бөлігі көтеріңкі. Ортасы мен шығысында мұздықтар бар. Жотаның батысында Сатылы, орта тұсында Қарабұлақ (3481 м) асулары орналасқан. Қарабұлақ асуындағы мұздықтардан Көксу өзенінің сол саласы – Көктал бастау алады.

Геологиялық құрылымы Жер қыртысы герцин қатпарлығының гранит, гранодиорит, әктас және сиениттерден түзілген. Оның бетін төрттік кезеңнің элювийлі-делювийлі шөгінділері басқан. Жер асты сулы горизонт девон тас көмір қабаттарында жатыр.

Климаты Қаңтар айының жылдық орташа температурасы батысында –8 –11°С, шығысында –14 –16°С. Шілденің орташа температурасы 18 – 20°С-тан шығысында 14 – 16°С-қа дейін өзгереді. Жауын-шашын мөлшері 350-ден (батысында) 750 мм-ге дейін (шығысында) өзгереді.

Өсімдігі Таудың альпілік шалғын топырағы қызғылт және шымды күлгін топырақ басым. Тау беткейлерінде қылқанды және жалпақ жапырақты орман өскен. Беткейлері мен аңғарларында цирктер, терең шатқалды аңғарлар (800 – 1100 м) жиі кездеседі. Өсек және Қорғас өзендері аралығында денудациялық жазық қалыптасқан.Қазақстан табиғаты:Энциклопедия / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы:" Қазақ энциклопедиясы" ЖШС, 2011. Т.З. - 304 бет. ISBN 9965-893-64-0 (Т.З.), ISBN 9965-893-19-5

Дереккөздер

Санат:Панфилов ауданы таулары