Уэсли Уэльс Андерсон (; 1 мамыр, 1969, Хьюстон, Техас, АҚШ) — америкалық кинорежиссёр, сценарийші және кинопродюсер.
Оның фильмдеріне қайғы-қасірет, балалық шақпен қоштасу және берекесіз отбасылар тақырыбы тән. Туындыларының эксцентриктігі, ерекше визуалды және баяндау стилі, сондай-ақ актерлер ансамблін жиі қолданатындығы үшін сыншылар Андерсонды авторлық киноның шебері деп атайды. Ол бірнеше беделді марапаттарға, соның ішінде «Оскар» және «BAFTA» сыйлықтарына ие болып, «Алтын глобус» жүлдесіне төрт рет ұсынылған. Режиссердің үш бірдей туындысы BBC Culture нұсқасы бойынша 2016 жылы жасалған «2000 жылдан бергі ең ұлы фильмдер» тізіміне енді.
Андерсон өзінің алғашқы «Бөтелке ракетасы» (Bottle Rocket, 1996) және «Рашмор» (Rushmore, 1998) фильмдерімен танымал болды. Осы кезеңде ол ағайынды Люк және Оуэн Уилсондармен жиі жұмыс істеп, өзінің «American Empirical Pictures» кинокомпаниясының негізін қалады. «Тененбаумдар отбасы» (The Royal Tenenbaums, 2001) фильмі үшін «Үздік түпнұсқалық сценарий» номинациясы бойынша алғаш рет «Оскар» сыйлығына үміткер атанды. Одан кейінгі туындыларының қатарында «Стив Зиссумен су астындағы өмір» (The Life Aquatic with Steve Zissou, 2004), «Дарджилинг Лимитед» (The Darjeeling Limited, 2007) және «Үздік анимациялық фильм» номинациясын иеленген алғашқы куыршақ туындысы — «Теңдессіз Фокс мырза» (Fantastic Mr. Fox, 2009) бар. Кейіннен «Толық ай патшалығы» (Moonrise Kingdom, 2012) фильмі арқылы «Үздік түпнұсқалық сценарий» номинациясы бойынша екінші рет «Оскарға» ұсынылды.
«Гранд Будапешт қонақ үйі» (2014) фильмі режиссерге үлкен табыс әкеліп, ол алғаш рет «Үздік режиссура» және «Үздік фильм» номинациялары бойынша «Оскарға» үміткер атанды, сондай-ақ үшінші рет «Үздік түпнұсқалық сценарий» номинациясын алып, дәл осы санатта «BAFTA» сыйлығын жеңіп алды. Кейінгі жұмыстарының арасында оған «Үздік режиссура» үшін «Күміс аю» жүлдесін және тағы бір «Үздік анимациялық фильм» номинациясын алып берген екінші куыршақ туындысы — «Иттер аралы» (Isle of Dogs, 2018), сонымен қатар «Француз хабаршысы» (The French Dispatch, 2021), «Астероидтар қаласы» (Asteroid City, 2023) және «Финикиялық жоспар» (The Phoenician Scheme, 2025) фильмдері бар. Андерсон өзінің «Генри Шугардың ғажайып хикаясы» (The Wonderful Story of Henry Sugar, 2023) туындысы үшін «Үздік көркем қысқаметражды фильм» номинациясында «Оскар» сыйлығын жеңіп алды. «Рашмор» және «Гранд Будапешт қонақ үйі» фильмдері «мәдени, тарихи немесе эстетикалық құндылығы бар» деп танылып, АҚШ фильмдерінің ұлттық тізіліміне енгізілді.
Фильмография
Дереккөздер
Санат:Алтын глобус сыйлығының иегерлері Санат:BAFTA марапаты иегерлері Санат:Үздік қысқаметражды көркем фильм үшін Оскар сыйлығының иегерлері Санат:Давид ди Донателло сыйлығының иегерлері Санат:Тәуелсіз рух сыйлығының иегерлері