Ақмешіт қорымы – Атырау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енген сәулет кешені ескерткіші.

Орналасқан жері Жылыой ауданы, Ақкиізтоғай ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 28 км жерде.

Кезеңі, авторы Мешітті Бекет ата Мырзағұлұлы XVIII ғасырдың аяғына таман (шамамен 1771-1774 жж.), бір деректе XIX ғасырдың басында (1803), үшінші деректе 1774 ж., төртінші пікірге қарағанда 1817 ж. салдырған.

Тарихи деректер Атырау облысының ең белгілі қасиетті жерлерінің бірі Ақмешіт қорымы болып табылады. Кешен кішігірім және Бекет атаның өзімен – Ұлы даланың әулие сопысымен салынған жерасты мешіттерінің бірі айналасында тұрғызылған. Қазір қорымда отыз екі құлпытас, екі қойтас, екі күмбезді кесене және бір сағанатам бар. Ақмешіт қорымы көптеген зиярат етушілерді өзінің қуатты энергетикасымен тартып тұрады. Келушілер өз жолын жартаста қашалып жасалған жерасты мешітінен бастайды. Жергілікті аңыз бойынша, Бекет ата Хиуадағы ұзақ оқуынан оралып, балалар мен жастарды сопылыққа үйретуді көздеген екен. Бұл кішігірім мешіт жаңа ұрпақтың білім алып, жаңа дәрежеге көтерілетін орны болуы керек еді.

Құрылысты Бекет атаның өзі қадалаған деседі, ал жұмысты жергілікті жас сәулетші Соқырша орындаған екен. Жас жігіт те ерекше қасиеттерден құр емес екен, себебі ол және оның көмекшілері үлкен жұмыс көлемін үш жыл ішінде бітіріп шықты. Балалардың игілігі үшін салынған мешіт аймақтың рухани жаңғыруының өзіндік символына айналды. Еуропалық саяхатшылар мен этнографтар көп мәрте Ақмешіт туралы өз күнделіктерінде таңқалып жазған. Э. Эверсман, А. Апексеев, А. Дюгамель және басқалары бұл жердің және кешеннің, әсіресе жерасты мешіттің сұлулығы мен ерекше қасиеттілігі туралы жазып қалдырған. Кешеннің архитектуралық ерекшелігінен басқа, Ақмешітті көргендердің барлығы оның ұлттық бірегейлік пен рухани дамудағы маңызы мен символикасын атап өтеді.Қазақстанның тарихи-мәдени нысандарының және жаппай зиярат ету орындарының альбомы/ ; ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты ; [жоба авторы Т. Бекбергенов ; бас ред. А. Р. Хазбулатов]... – Астана : [б. ж.], 2018. - 495 б., суретті; . – Библиогр.: 490 б. . – 100 дана – ISBN 978-9961-23-485-9

Қазіргі жағдайы Қазір 1995 жылы салынған мешіт және әулиенің ата-анасы мен кіші ұлының қабірінің үстіндегі кесене бар. Тәуелсіздік алғаннан кейін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді, нәтижесінде заманауи кешен пайда болды. Мешітті Бекет ата ұрпақтары қарайды. «Ақмешіт» қоғамдық қоры құрылған, қаржылай, материалдық колдаулар сол қор арқылы іске асырылып отырады.

Бүгінде жаңаша жабдықталған Ақмешіт кешені құрамында қонақ үй (1996 ж.тұрғызылған), имамға арналған үй, зиярат етушілерге арналған қосымша үй (25х12,5 м.) дербес мұражай, 2 автокөлік бар. 2007 жылы Ақкиізтоғай ауылынан ұзындығы 33 км газ құбыры тартылды, телефон байланысы орнатылды, көлік жолының қалған 13 км.-не асфальт төселді. Кешенге Жем өзенінен су құбыры тарьылды, алаңы көгалдандырылып шарбақпен қоршалды.

Дереккөздер

Санат:Атырау облысы сәулеті Санат:Атырау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Қазақстан кесенелері