Қадыр Әмзеұлы (5 қаңтар 1937) Киров ауылында (қазіргі Қызылорда қаласына қарасты Ж. Маханбетов ауылы)- жоғары санатты мұғалім, Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы.
Өмірбаяны Салт-дәстүрге берік аймаққа қарасты ауылда тіршілік ететін қарапайым қазақ отбасыларының ішіндегі үлкен әулеттің қарашаңырағында қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өнегелі тәрбиесімен өседі. Әкесі дүниеден ерте өтіп, асыл анасының қамқорлығында қалады. Анасы Сатыбалды келіні Мағия ақылды да сабырлы, ар-ұяты мол, ұлтымыздың ұлағатты ұғымдарын жете білетін, еңбекті ерекше сүйетін ардақты жандар еді. Колхоздағы қайнаған еңбекке белсене араласа жүріп балаларына еш қиындық көрсетпей, аналық мейірім шуағында тәрбие алады. Мектеп қабырғасындағы ұлағатты ұстаздарының алдында білім нәрімен сусындай жүріп, түрлі білім бәйгелері мен спорт додаларына белсене қатынасып, әркез қатарластарының арасында топ жарып жүреді.
Білім жолы Сыр елінің сырлы сазымен сырғи аққан дарияның самал желіне балалық кекілін тербетіп өскен Қадыр Әмзеұлы 1956 жылы №42 В.И.Ленин атындағы (қазіргі Қуаныш Баймағанбетов атындағы) орта мектепті бітірген соң, Қызылорда пединститутының «физика-математика» бөліміне оқуға түсіп, педагогикалық саладағы алғашқы еңбек жолын 1961-1963 жылдар аралығында Целиноград облысы, Қорғалжын ауданында орналасқан Сабынды орта мектебінде оқытушы болып бастайды. Кейін араға біраз уақыт салып, өзінің атамекені Қызылордаға қайта оралып, №147 мектепке, содан соң №143 орта мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасып, информатика және математика пәндерінен оқушыларға сабақ береді.
Еңбек жолы 1963 жылы туған жерге оралған Қадыр Әмзеұлы ұстаздық қызметін А.С.Пушкин атындағы орта мектебінде, 1964 жылы №143 мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 1969-1974 жылдары №147 мектепте диектордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, 1974 жылы №143 мектепте директордың оқу істері жөніндегі орынбасары және математика, информатика пәндерінен мұғалім қызметтерін атқарды. Қадыр Әмзеұлы тек бала оқытып қана қойған жоқ, сабақ барысында пән саласы бойынша ізденіп, зерттеулер жүргізіп, формулаларға негізделген оқу-әдістемелік құралдарын дайындап шығарды. Мәскеуге бағынып, артық қимыл жасай алмайтын сол жылдары уақыт тауып зерттеумен шұғылдану – ерлікпен пара-пар іс еді. Бірақ, өзінің жеке мүддесін емес, кенжелеу қалған білім саласын дамытып, қазақ даласында әлі күнге аяздай үсіріп тұрған балалар арасындағы сауатсыздықты жою жолында арда азамат аянбады. Дүкеншінің соңғы тиынындай санап берілген оқулық адымын аштырмаса да, кішкентай ілімнен мол тәжірибе ала білген ұстаз өзге де білім ордаларының қолдануы үшін еңбектер жазып, өз саласы бойынша зерттеулерін қағаз бетіне түсіріп, ғылымға бет бұрған жас ұрпақ үшін соқпағы аз сүрлеу салып берді.
Оқу-ағарту саласына қосқан жаңашылдықтары Қадыр Әмзеұлының оқыту әдістерін, педагогикалық жұмыстарды басқару тәжірибелерін үлгі етіп, бірнеше рет аудандық, облыстық семинарлар өткізіліп, озат тәжірибелері облыстық кадрлар біліктілігін арттыру институты тарапынан зерттелді. Білім саласын дамыту жолында жасаған еңбектері уақыт өте келе өзіне лайықты бағасын алып жатты. 1965 жылы «Озат тәжірибе – көпке ортақ», 1972 жылы «Толық үлгірімге жету жолында», 1987 жылы «Сабақтарға ЭВМ қолдану – өмір талабы» деген плакаттары, 1990 жылы «Компьютерлік сауаттылық – білімділіктің негізгі шарты» деген атпен екі тілде шыққан кітапшасы облыс мектептеріне тәжірибе алмасу және білікті ұстаздың тиімді әдістерін үйрету мақсатында таратылды.
Қадыр Әмзеұлының жүргізген жұмыстары, оқыту-әдістері жайлы зерттеу мақалалары «Қазақстан мектебі» журналының 1986, 1988, 1989 жылдардағы, «ИФМ» журналының 1992, 1995, 1996 жылдардағы бірнеше сандарында жарық көрді. Республикалық физика-математикалық журнал «Алгорифмнің» әр жылдардағы сандарында оқырмандар үшін тартымды әрі қызғылықты еңбектері жарияланып отырды. Әрдайым ізденіс үстінде болған ұстаз білім беру жиындарында құнды баяндамалар жасап, орнықты ой-пікірлерін ортаға салды. Қаншама жиындарда панорамалық сабақтар, қаншама мектептерде өзіне таныс емес сынып оқушыларымен үлгілі ашық сабақтар өткізді. 1985 жылы Семейде өткен «Жаратылыстану-математика пәндерін оқытуды жақсарту туралы» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциядағы «Математика есептерін шешуге үйрету әдістері» тақырыбындағы баяндамасы конференция материалдарының арнайы кітап болып шыққан жинағына енді.
Мектеп бағдарламасымен шектеліп қалмай, түбі көрінбейтін терең саланы зерттеп, өзге де білім ұйымдарымен, қоғамдық ұйымдармен ұдайы қарым-қатынаста болған ол 1988 жылы шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдердің республикалық бірінші слетіне қатысып, ондағы айтқан пікірлері 19.07.1988 жылы Алматы телеарнасының «Мектеп және өмір» телехабарында берілді.Тек алға ұмтылуды көздеген ұстаздың одан арғы еңбектеріне жекелей назар аударсақ. 1989 жылы Қармақшы ауданында өткен «Математиканы оқытуды жетілдіру және оқушылар білімінің деңгейін көтеру мүмкіндіктері» жайлы облыстық-ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, Қармақшының №26, №105 мектептерінің 7 және 9 - сыныптарында сабақ өткізсе, 1990 жылы Қарағанды қаласында өткен халыққа білім беру қызметкерлерінің республикалық активіне қатысып, ондағы озат мұғалімдермен бірге айтқан пікірлері 24.02.1990 жылы Алматы телеарнасының «Мектеп және өмір» телехабарынан берілді.
1991 жылы Қаскелеңде өткен республикалық ХХV педагогикалық оқуға қатысып, «Сабақ барысында уақытты тиімді пайдалану» тақырыбында баяндама жасады. Баяндама мәтіні «ИФМ» журналының 1992 жылғы 1-санында жарық көрсе, осы жылы наурызда педагогикалық ғылымдар академиясына қарасты ғылыми зерттеу институтының педагогика ғылымдарының кандидаты С.И.Чакликова бастап келген бір топ ғылыми қызметкерлер Қадыр Әмзеұлының жұмыстарымен танысып, орта мектеп математикасы оқулықтарын жазатын авторлар тобының құрамында болуға шақырды. 1994 жылы шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдердің облыстық слетіне қатысып, панорамалық сабақ өткізген зерттеуші ұстаз 1995 жылы облыстық білім департаменті, облыстық кадрлар біліктілігін арттыру институты ұйымдастырған жас мұғалімдер клубының мәжілістеріне қаладағы №7 мектеп мұғалімі Барыс Қалназаровпен бірге тұрақты түрде шақырылып, жас ұстаздарға «Жаңа оқыту технологиялары» жайлы әңгімелеп отырды.
Қадыр Әмзеұлының 1999 жылы «Математикалық білімнің актуалды проблемалары» жайлы облыстық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып, «Математика және компьютерлендіру» тақырыбында жасаған баяндамасы «Сыр мектебі» газетінде жарияланса, ұстаздың оқытудағы озат тәжірибелерін кезінде облыстық газеттердің беттерінде жарияланған «Грани педагогического опыта», «Учитель–личность творческая» және тағы басқа да мақалалардан да оқып аңғаруға болады. Ол кісінің өзі құрастырған есептері мен жұмбақтары, оқырмандардың оған қайтарған жауаптары «Ұлан», «Сыр бойы», «Сырдария», «Сыр мектебі», «Тіршілік» газеттерінің беттерінде, «Сыр мұғалімі», «Зерде», «Алгорифм» журналдарының беттерінде жиі жарияланып отырды.
Үздік ұстазға қай жерде де төрден орын ұсынылады. Жүйесі есепке құрылған білім саласының өрлеуі жолында зерттеулер жүргізіп, еңбектер жазып, баяндамалар жасаған Қадыр Әмзеұлы қызметте де сатылай өсіп, 1965-1992 жылдары Сырдария ауданы математика пәні мұғалімдерінің озат тәжірибе мектебін басқарса, 1992 жылдан 1997 жылдың шілдесіне дейін, яғни, Сырдария ауданы тарағанға дейін математикадан аудандық атаулы мектебі жұмыс істеді. Өзінің білгенін өзгемен бөлісіп, ғылым жолына шырақ алып түскен ол Лекторлардың екі жылдық курсын сырттай оқып бітіріп, 1987 жылы республика астанасынан арнайы келген комиссия алдында «Лектор–методист» атағын қорғады. Бұл – білім саласын өмірінің негізі еткен айтулы азаматтың, ұлағатты ұстаздың үздіксіз еңбегінен туындаған жеңіс болатын.1964-1990 жылдары ауыл жастары арасында экономикалық оқуды жүргізіп, озат насихатшы атанған ұстаз одан кейінгі жылдары Бастауыш «Білім» қоғамының төрағасы, жергілікті кеңестің депутаты, Киров ауылдық кеңесі бастауыш партия ұйымының хатшысы, аудандық соттың заседателі қызметтерін ұзақ жылдар бойы атқарды.
Марапаттары және Қадыр Әмзеұлы туралы пікірлер «Александрия шамшырағы» тәрізді ғылым жолына сәулесін түсірген Қадыр Әмзеұлы жайлы «Қазақстан мектебі» журналының 1988 жылғы 10-санында «Мұғалім–мәртебелі мамандық» тақырыбымен білім беру саласындағы жетістіктері атап көрсетілуі – ұлағатты ұстаз еңбектерінің әділ бағалануы. Шығармашыл ұстаздың еңбегі ескерусіз қалған жоқ. 15 рет облыстық білім басқармасының Грамоталарымен, 1968 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет Грамотасымен» марапатталып, 1973 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы», 1975 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» атанды. 1981 жылы «За активную работу» белгісінің иегері болып, 1985 жылы «Учитель-методист» атағы берілді. 1993 жылы «Ыбырай Алтынсарин» медалін кеудесіне мақтанышпен таққан өр кеуделі ақ сұңқар азамат Қадыр Әмзеұлы 1994 жылы «Жоғарғы санатты мұғалім» біліктілігін алды. 2022 жылы «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атанды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»,- деген сөз бар қазақ даналығында. Тәңірі пейіліне даланың дархандығы мен халықтың тілеуін сыйлаған ардақты ағаның қызмет еткен жылдары облыстың бетке ұстар азаматтарымен дастарқандас болып, пікір бөліскен азаматтардың ұстазға риза болған толғаныстары мен пікірлерін елемей өту – Қызылорда облысының білім саласында таңбасы өшпестей болып қалған Қадыр Әмзеұлының еңбегіне жасалған біздің тарапымыздан қиянат болар еді. Елдің елеулі азаматтарының айтқан пікірлері мен газет беттерінде жарияланған мақалалардан үзінді жариялағанды жөн көрдік.
1991 жылы облыстық «Ленин жолы» газетінде «Атыңнан айналайын, ағаларым» тақырыбында Шиелі ауданының жаңашыл мұғалімі, Қазақстан білім беру ісінің үздігі Тазабек Кенжағараевтың мақаласында ұстаз туралы былай айтылады: «...Ұстаздық жолда өз бағыты, өз бағдары бар, тумысынан адамгершілікпен сусындаған Қадыр аға Әмзеевтің ойлана айтқан әр сөзін іштей қорытып, бағалай білу де өнер. Мамандығымыз бір болғасын бірнеше рет кездестік, пікірлестік. Лапылдап, ойланбай сөйлегенге, тереңге бармай, таязға жығылғанға Баукең ата Момышұлы қандай қарсы болса, бұл кісі де сондай қарсы...».
1993 жылы облыстық «Сыр бойы» газетінде «Іргелі ізденіс – уақыт талабы» тақырыбында Сырдария аудандық білім бөлімінің меңгерушісі М. Махановтың мақаласында: «Шығармашылықпен жұмыс істеу дегенде, ең әуелі, №143 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі, «Алтынсарин» медалінің иегері Қадыр Әмзеевтің есімін атар едім. Ол – үнемі өзін-өзі дамытып, білімін үздіксіз жетілдіріп, үнемі ізденіс үстінде жүретін нағыз жаңашыл мұғалім...»,- деп кейіпкеріміздің бойындағы жеке қасиеттерін ашып көрсетсе, «Сырдария» басылымында Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, №11 мектеп мұғалімі Рахима Қонысбаева: «Аудан мектептерінде математиктер жетерлік. Бірақ, олардың ішінде өз мамандығын жанындай жақсы көріп, сол салада ізденіп жүретіндері кемшін. Өз әріптестерімнің арасынан Қадыр Әмзеевті ерекше қадірлеймін. Сырт көзге томаға тұйық, соншалықты қарапайым көрінетін ұстаз сабақ бергенде, математика жайлы әңгіме айтқанда сондай шешен болып кетеді. Бұл оның өз пәнін айрықша құрметтейтіндігінен де болар, кім білсін! Қадыр шәкірттерге математиканың қыры-сырын меңгертуде айтарлықтай тәжірибе жинақтаған. Осы пәнді шәкірттердің тез, әрі қызыға меңгеруіне күш салып жүрген ұстаздардың бірі»,- деген болатын. Сабақ берудегі біліктілігі мен мол тәжірибесін «Қазақстан мұғалімі» басылымының 24 желтоқсанында жарық көрген №147 мектептің жаңашыл мұғалімі, Қазақстан білім беру ісінің үздігі Перизат Тұңғышбаева: «Математика пәнінің мұғалімі Қадыр Әмзеевтен алған үлгі – өнегелерім – өз алдына бір төбе. Бүгіндері ол кісінің математика пәнінен атаулы мектебі жұмыс істейді. Ұстазымды әркез мақтаныш етемін»,- деп мақтанышпен жазды.