«Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» медалі — Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерейтойлық медалі.
Тарихы Медаль Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 23 қаңтардағы № 994 Жарлығымен еліміздегі қоғамдық келісімді нығайтуға елеулі үлес қосқан, Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз еткен Қазақстан Республикасының азаматтарын және шетел азаматтарын мадақтау, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын мерекелеу мақсатында тағайындалды.
Ережесі Мерейтойлық медалмен еліміздегі қоғамдық келісімді нығайтуға, Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз етуге, Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін арттыруға елеулі үлес қосқан, Қазақстанның бейбітшілік пен келісім тәжірибесін шетелде ілгерілету және Қазақстан мен басқа мемлекеттер халықтары арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуда көзге түскен Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетел азаматтары марапатталады. Мерейтойлық медалмен марапаттауға Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыныстарды Парламент, Үкімет, Қазақстан Республикасының министрліктері, өзге де орталық мемлекеттік органдары, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Астана мен Алматы қалаларының, облыстардың әкімдері, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар енгізеді. Мерейтойлық медалмен Қазақстан Республикасының Президенті марапаттайды. Мерейтойлық медалді Қазақстан Республикасы Президентінің атынан және тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, сондай-ақ Астана менен Алматы қалаларының, облыстардың әкімдері, Мемлекет басшысы уәкілеттік берген өзге де лауазымды адамдар табыс ете алады. Медалмен бірге марапатталушыға белгіленген үлгідегі куәлік табыс етіледі. Мерейтойлық медалді тапсыру салтанатты жағдайда өтіп, оны марапатталушыға жеке табыс етеді. Медалді берудің алдында марапаттау туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы жарияланады. Мерейтойлық медаль кеуденің сол жағына тағылады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаттары болса, олардан кейін тұрады. Мерейтойлық медальді тапсыру туралы марапаттар тізіміне тиісті жазба енгізіледі.
Табыс етiлмеген медалдар мен олардың куәлiктерi, қайтарылу себептерi көрсетiле отырып, Қазақстан Республикасы Президентi Iс басқармасының Ордендер қоймасына қайтарылады, бұл туралы тiзiмдерге тиiстi белгi қойылады. Өткізілген марапаттардың есебін, сондай-ақ мерейтойлық медалдарды табыс ету барысы туралы есептерді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүргізеді.
Сипаттамасы Медал жезден жасалып, диаметрі 34 мм болатын кәдімгі шеңбер пішінді болып келеді.
Медалдың бет жағында ортада көк эмалмен қапталған Қазақстан картасының суреті бейнеленген, одан жарық сәулелері медалдің шетіне дейін созылады. Картаның астында «2015» саны, төменде қанаттарын жайып ұшқан қыран бейнесі (мемлекеттік тудың элементі), картаның үстінде шаңырақ бейнесі көрсетілген. Айналдыра «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНА», астыңғы жағында «XX ЖЫЛ» деген жазулар қазақ ою-өрнек үзіндісімен бөлініп жазылған.
Медалдың артқы жағында ортасында төрт жолдан тұратын «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНА XX жыл» деген жазу жазылған.
Медалдағы барлық бейнелер мен жазулар шығыңқы келеді. Медалдың шеттері ернеумен жиектелген.
Медал құлақша мен шығыршық арқылы ені 30 мм және биіктігі 24 мм жезден жасалған бесбұрышты тағанға бекітіледі. Тағанның төртбұрышты бөлігі ортасынан солға қарай сәл ығысқан, ені 20 мм болып келетін алтын түсті өрнегі бар Қазақстан Республикасының туының түсіндегідей жібек қатқыл таспасымен тысталған.
Медал киімге түйреуіш арқылы тағылады.
Дереккөздер
Санат:Қазақстан медалдары