Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” романы – қазақ әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің де биік шыңдарының бірі.

Бұл шығармада автор қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, дәстүрі мен мәдениетін көркемдік шеберлікпен суреттеп, ұлттық болмысты терең ашып көрсетеді. Әуезовтің тілдік құралдарды қолданудағы ерекшелігі – шығарманың көркемдік деңгейін көтеріп қана қоймай, оқырманға сол дәуірдің рухын сезіндіруінде.

Романдағы тілдік қолданыстар автордың шығармашылық шеберлігін танытып қана қоймай, қазақ халқының дүниетанымы мен тарихи ерекшеліктерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Әсіресе, табиғатпен байланысты бейнелер мен көптілді қолданыстар Абайдың өмірі мен оның қоршаған ортасымен үйлесімді байланыста көрініс табады.

Эпитет Шығармада қолданылған эпитеттерден мысал:

• Жүзі раушан, көзі гауһар, лағылдек бет ұшы ахмар.  — Бұл Абайдың Науаи, Фзулиді оқып жүріп жазған өлең жолы болатын. Яғни, жүзі гүлдей нәзік, әдемі, көзі бағалы тастай жарқырайды, бетінің ұшы лағыл (қызыл асыл тас) секілді алқызыл.

• Өңі сұп-сұр, зор денелі, бурыл сақалды Құнанбай. — Құнанбайдың сыртқы келбетін, мінезі мен тұлғалық бейнесі сипатталып тұр. Оның жүзі салқын, қатал, өмірден көргені көп, ауыр мінезді, дене бітімі ірі, айбарлы, беделді тұлға екенін көрсетіп, бурыл сақалы жасына лайық салмақтылық пен даналықтың белгісі болып тұр.

• Қазақ деген қалың ел, іргелі ел, оның тірлігінің де айнымас берік тұрағы болу керек. —  Абай қазақ халқының артта қалуы мен оның себептері туралы айтып, жұттың қазақ өмірінде қайталанып келе жатқанын және бұл тек уақытша қиындық емес, елдің жалпы жағдайының көрсеткіші екенін түсіндіреді. Қадырбай бұл мәселені дүниенің өзгермелілігімен, тұрақсыздығымен түсіндіріп, қазақтың тірлігі өзгелерден артық деп есептесе, Абай бұған келіспей, қазақтың басқа елдерден артта қалып қойғанын, оның себебі – білім мен өнерді үйренбеу, басқа халықтардан үлгі алмау екенін айтады. Ол қазақ халқын "қалың ел, іргелі ел" деп атап, оның тұрақты, берік негізі болуы керектігін алға тартады, қиындықтардан құтылудың жолы – өнер мен білімді игеру деп есептейді.

Теңеу Шығармада қолданылған теңеулерден мысал:

• Айналайын Телғара! Соқталдай азамат боп кетіпсің-ау! —  Абайдың Қалиқа деген жеңгесінің сөзі арқылы Абайдың есейіп, ер жеткенін, денесі сомдалып, нағыз азамат болғанын көрсету үшін қолданылған. Cоқталдай - «үлкен, ірі», «дардай, соқталдай, еңгезердей» деген мағына береді.

• Абай әкесінің жаңағы «дарға асу» деген жердегі аяздай суық пішінін еске алды. — Бұл теңеу Қодар мен Қамқаның жағдайына қатысты Құнанбайдың қатігездігін көрсетіп, оның қатал, суық адам екенін көрсетеді.

• «Иегі ителгінің тамағындай» деп Майбасар суреттеген, Абай көз алдына ителгі, қаршыға, тұйғын сияқты қырандардың сұлу мойындарын келтіріп... — Бұл теңеу Ділдәнің бет-әлпетінің нәзіктігін, сұлулығын сипаттайды. Ителгінің (қыран құстың) мойны сүйір әрі үлпілдек болады, бұл оның көркемділігін көрсетеді.

• Қазір жүрегін аттай тулатып, соншалық қуантып, еркін алған көрінісі. — Абайдың ауылға қайтып оралғандағы қатты толқыған көңіл-күйін, сағынышын, қуанышын сипаттайды. "Аттай тулату" – жүректің қатты соғуы, ерекше шабыт пен қуаныш сезімін білдіреді.

• Ағып сөнген жұлдыздай, мұның қиял жұлдызы сонша жарқырап ақты да, енді міне өшіп барады. —  Аспан денелерімен адамдардың өмірі тығыз байланысты болған. Аққан жұлдыз дәстүрлі наным-сенімде адам өмірінің сөнуін, қиылуын білдіреді. Бұл теңеу адам өмірінің өткіншілігін, арманның орындалмай қалуын немесе бір жарқын үміттің сөніп, үзілуін бейнелеп, Абайдың қиялы мен үмітінің бір сәт жарқырап, бірақ артынша өшуін сипаттау үшін қолданылған.

• Қарлығаш қанатының ұшындай боп, айдай сызылған жіп-жіңішке қастары көтеріліп-жазылып, Абайға өзгеше бір үн қатқандай болды. — Қарлығаш қанатының ұшы сүйір әрі иіліп тұрады, сондықтан бұл теңеу қастың нәзік, жіңішке, әсем иілген пішінін көрсету үшін қолданылған.

• Құлағында үлкен алтын сырғасы ырғалып келе жатқан Тоғжан, мынау ат үстінде, мынадай топ қыздың тап ортасында, дəл көп жұлдыздың арасындағы шолпандай.  — Қазақ мәдениетінде Шолпан, аспандағы ең ерекше көрінетін, жарық жұлдыз болғандықтан, жарықтық пен көріктілікті білдіреді. Мысалда «шолпан» сөзі «көптің бірі емес» деген мəнде арнайы қолданылып, Тоғжанның өз ортасындағы көзге түсетін сұлулығы мен ерекше болмысын көрсетеді.

Кірме сөздер Романда кірме сөздер сол заманның тарихи шындығын дәл көрсету мақсатында қолданылған. Бұл сөздер қазақ қоғамының Ресей империясының әкімшілік жүйесіне бейімделуін, жаңа билік құрылымдарының пайда болуын көрсетіп, сол дәуірдегі саяси-әкімшілік құрылымдарды, әлеуметтік қатынастардың ерекшелігін сипаттайды.

• Старшин – Ресей өкіметінің қазақтардың белгілі бір рулық топтарын басқару үшін сайлаған немесе тағайындаған адамы

• Округ – өңір, аймақ

• Съезд – мәселелерді шешуге арналған жиналыс, жиын

• Поселок –ауыл, кент

• Генерал – орыс билігімен тікелей байланысты жоғары шенді адамдарға қатысты қолданылады.

Мысалдар:  

"Майбасарды биыл Құнанбай өзі аға сұлтан болғаннан кейін, осы Тобықтыға болыстық старшын еткен-ді". "Қарқаралы деген округтің әміршісі - Құнанбай мен осы Майыр. Қазақ округті «дуан» деп, мыналарды бірде «дуан басы» деп, кейде Құнанбайды «аға сұлтан» дейді. Құнанбай округті басқаратын приказдың бастығы, Майыр орынбасары болатын". "Сентябрьдің бесінде Қарамола деген жәрмеңкенің орнында Семипалатинск, Устькаменогорск, Зайсан уездерінің бас қосқан чрезвычайный съезі болады". "Абай қазір Қарамолада шербешнай съезд шақыртып отырған зор-зор дауларды, ел шабуларды, барымтаны, үлкен тынымсыз ұрлық сияқты қылмыстарды санап өтті".

Метафора Романда метафоралар кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін, мінез-құлқын, әлеуметтік орнын, тұлғалық қасиеттерін ерекше, бейнелі түрде көрсетіп, бейнесін тереңірек ашу үшін қолданылған.

• — Сəулем! Бұл сенің сөзің емес, менің сөзім ғой. — Бұл мысалда “Сәулем” сөзі ерекше эмоционалдық мəн береді. Ол келіннің ат қойғанда жайдан жай емес, ат қоятын адамның мінез-құлқын, түр-тұрпатын, өнер-талабын жан-жақты тексеріп, түрлі қасиеттеріне қарай сəйкестендіріп атағандығын көрсетеді. Сонымен қатар осы сөзге жалғанған тəуелдік жалғауы еркелету, жақын тұту, сүйсіну сияқты мағыналық реңк үстеп тұр.

• "Мен бөрінің бөлтірігімін деп” келеді-ау. — Мұнда "бөрі" – тектілік, қайсарлық, мықтылықтың белгісі. "Бөлтірік" – жас қасқыр, яғни қуаттылықтың, батылдықтың, болашақта үлкен күшке айналатын тұлғаның символы.

• Сөз бақпаған момын ағайынның бәрi де Қодарды қараламады. — Үзiндiдегi “қараламады” eтicтiгі метафоралық тәсiлмен өзiнiң стильдiк жаңа ұғымда жасалған. Ағайын Қодарды кінәламай, тек қайғы шеккен, дертті күйін айтатындығын көрсетеді.

• Өмірбойы кiмге кездессе де ылғu тapқaп кеткен базардың соңына iлiнумен өткенi ме? Өткен соң базар, қайтқан соң ажар... Сен едiң базарым.  — "Сен едің базарым" дегенде, кейіпкер өзі үшін ең қымбат, ең мәнді адамды білдіреді.

• Екіншісі — өмірде өлім сағатына шейін ұмытылмай, сана-сезім өшерде ең соңғы рет жалт етіп, бірдің өзі боп, көз алдына ай жүзімен күліп келетін Тоғжанын ойлаған шағы еді. — Ай – қазақ мәдениетінде сұлулықтың, тазалықтың символы. Оның дөңгелек пішіні, көз тартатын сұлулығын автор «дөңгелеңген, ажарлы» деген мағынада метафора ретінде қолданып, Тоғжанның сұлулығын бейнелейді.

• Құнанбайдың бөлтірігі — Бұл метафора Абайға қатысты айтылған, яғни “бөлтірігі“ деп әкесіне ұқсап, оның ісін жалғастырады дейтін баласын айтады.

• "Болыпты бір ақсақ таз және соқыр,

Құранды мысық сопы молдаң оқыр.

Болғанда ақсақ - дария, соқыр - қарға,

Ортасын дарияның қарға шоқыр" — Бұл жолдар белгілі айтыскер ақын, Құнанбайдың соқырлығын, Алшынбайдың таздығын көп алдында айтқан Шөже Қаржаубайұлының тапқырлығы мен мысқылға толы шумақтарынан алынған. Мұнда ақын астарлап, метафоралар арқылы Алшынбай мен Құнанбайды сипаттайды. Оның астарлы сөзі ел ішінде оларға қатысты сын ретінде қабылданған, себебі олардың алдап, арбап, тартып алу арқылы тіршілік ету харекетін бейнелейді. Ақсақ таз – Алшынбайға теңеліп, оның сылти басатынын айтады. Соқыр - қарға, қарға – зағип болса да, күн көруге бейімделген құс. Құнанбайдың сыртқы жағынан діндар, әдепті көрінуге тырысқанымен, ішкі дүниесінде айқын кемшіліктер, әділетсіздік сияқты теріс қасиеттердің басым екенін айтады. Оның байлық пен биліктің ортасында отырып, халықтың қамын жемей, тек өзі үшін өмір сүретінін айтады: “Қарқаралының ен байлық, ел дариясының жалғыз еркесі. Жақсы-жәйлісін жапа-жалғыз қызықтап, шоқып жеп отырған қарға!” Яғни, Құнанбайдың ымыраны пайдаланып, Алшынбай арқылы өз пайдасын көздегені меңзеліп тұр.

Тұрақты тіркес Шығармада қолданылған тұрақты тіркестерден мысал:

• Бірақ, Қамысбай «шаш ал десе, бас алатын», Майбасардың өзінен асқан бүлік, бұзақы, қанқұйлының өзі. - Өлшеусіз, асыра сілтеу, қатыгездік таныту мағынасында қолданылған бұл тіркес, Қодар мен Қамқаның үйіндегі жағдайдағы  Қамысбайдың әрекетін сипаттайды.

• Құнанбай аға сұлтан болды да, өзгелерінің қатарынан озғындап кетті. Онда әкімдік бар. Сыртқа да, ұлыққа да жақындық бедел бар. Әрі қолы ұзын, малды." - Құнанбайдың бай, билігі бар, қалағанын іске асыра алатын адам екенін көрсетеді.

• Құнанбай бұға шейін ашумен, зілмен кеп, енді осы тұста күйзелгендік күй көрсетіп, осымен жиынның кабырғасын қайыстырғысы келген. - Қабырғасы қайысу – қатты қиналу, күйзелу. Құнанбайдың Қодарды жазалау шариғат жолымен жүретінін, күйзелгендік күй көрсетіп, мұндай сұмдыққа қазақ айтқан жол жоқ, кесігін де айтпағанын білдіреді.

• Абайдың көз алдына Тоғжанмен ең соңғы айырылысар шағы соншалық ап-ашық, айдай айқын боп келді. - «Айдай анық» тұрақты тіркесіне қатысты, анық, күмәнсіз деген мағынада айтылған, жазушы қаламынан туған ерекше стильдік қолданыс. Абай үшін Тоғжан ерекше адам екенін, онымен қоштасуы есінде анық сақталғанын көрсетеді.

• Екі жарты бір бүтін болайық. Иық сүйесіп, күн көрейік деп, Құтжанға құран оқи келгенде, Қодар Жəмпейіске зарын шақты да, қолына ұстап қалды. - Күн көру — өмір сүру, тіршілік ету. Қодар баласы қайтыс болған соң шал жиені Жәмпейісті өз қолына алып, бірге өмір сүрген.

• Өз өмірі, өз үй ішімен, өз айранын ішіп күн кешетін. - Күн кешу — өмір сүру, тіршілік ету. Қодардың өз тіршілігімен ғана өмір сүріп жүргенін көрсетеді.

• Бұларға күні түсіп отырған кім десеңші!. - Күні түсу — тəуелді болу, әлдекімнің көмегіне мұқтаж болу. Жұмағұл, Діркембайлардың жағымсыз тұстарын сипаттауда қолданылған.

• Қазір қысылып, басына күн туып кеп тұр. - Күн туу — қиын жағдайға тап болу. Абайдың Қаражанға(Тәкежанның әйелі) бас аманда көмек қолын созатын, барып келіне жүретін ағайынның басына қиындық туған соң, өз көмегін тигізсін деп міндет тапсырма айтқан кезінде қолданылған тіркес.

• Жалғыз ұғып білгені, ішінде күн туғандай. - Бұл тіркес күн сəулесінің жылуы секілді жылылық сезімді білдіретін, адамның жүрегінде «қуаныш, бақыт» пайда болғанын көрсетіп тұрған М.Əуезов қаламынан туған қолданыстардың бірі.

Мақал-мәтел Шығармада қолданылған мақал-мәтелдерден мысал:

• “Бірақ Құнанбайдың мықты жері Тобықты іші болса, әлсіз жері де осы Тобықтының ішінде. «Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады». Сол қанаты мен құйрығы ел ішінде өзі тұстас ру басылар. Осы Байсал, Бөжейлер.” —  Мақал әр адам өз ортасына, өз қауымына сүйеніп әрекет етеді деген мағынаны білдіреді. Бұл Құнанбайдың жағдайына қатысты қолданылып, оның күші мен әлсіздігі Тобықты ішіндегі ру басыларына, олардың қолдауына тәуелді, байланысты екенін білдіреді.

• “«Өлім - бардың малын шашар, жоқтың артын ашар», Бөжей бай болмасын, бірақ жоқ емес. Әсіресе, ағайын тұрғанда, мынандай шебі бүтін тұқымы тұрғанда, неге жоқ болады!” — Өлімнің үлкен сынақ екенін көрсетіп, бай адам өлсе, оның артында қалған мал-мүлкі жан-жаққа шашылатынын, кедей өлсе, оның жоқтығы айқындалады, туыстарының жағдайы қиындайтынын білдіреді. Бұл мақал Бөжейдің жағдайына қатысты айтылады. Байдалы Бөжей бай болмаса да, жоқ-жітік емес, әрі ағайын-туысқаны барда оның асына қажет мал-мүлік табылмауы қате екендігін айтады.