Дәрмен Нәріков (1925, Жаңатілек ауылы, Созақ ауданы, Түркістан облысы — 2003, Аққолтық ауылы) — Ұлы Отан соғысының ардагері, II дәрежелі «Отан соғысы» орденінің иегері, «Қызыл Жұлдыз» орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған жауынгер. Соғыстан кейін ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен.

Өмірбаяны Дәрмен Нәріков 1925 жылы қазіргі Түркістан облысы, Созақ ауданы, Жаңатілек ауылындағы Жаңатілек колхозында дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болып, анасы — Бақтыбайқызы Күлайдың қолында тәрбиеленген.

1936 жылы Сталин атындағы жетіжылдық мектепке қабылданып, 1942 жылы оны тәмамдады. Сол жылы, небәрі 17 жасында, Қызыл Армия қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына аттанады.

1947 жылы Дөненбайқызы Мейіркүлмен отау құрып, 4 ұл және 5 қыз тәрбиелеп өсірген. Ұрпақтары қазіргі таңда Қазақстанның түрлі өңірлерінде еңбек етіп, өмір сүріп жатыр.

Соғыс жылдары 1942 жылдың желтоқсанынан 1945 жылдың тамызына дейін майданда болды. Бірінші Украина майданының танк десанты құрамында Киев, Житомир, Львов қалаларын және Польша аумағын азат етуге қатысты. 1945 жылы 2 сәуірде Одер өзенінен өтіп, Берлинді алу шайқасына қатысқан.

Архивтік деректер бойынша: — 1944 жылы 7 қаңтарда Разин стансасы маңында жаудың 4 солдатын жойған. — 1944 жылы 9 қаңтарда 9 фашисті саптан шығарғаны үшін «Ерлігі үшін» медаліне ұсынылған. — 1945 жылы 16 қаңтарда Рауловище маңындағы ұрыста 12 жауын жойғаны үшін «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынылған. Оның әскери ерліктеріне қатысты түпнұсқа архив құжаттары табылып, ресми түрде расталды.

Марапаттары II дәрежелі «Отан соғысы» ордені «Қызыл Жұлдыз» ордені «Ерлігі үшін» медалі «Соғыс ардагері», «Еңбек ардагері» медальдары