Абдусамат Тайметов (; 9 қаңтар 1909, Чернак ауылы, Шымкент уезі, Сырдария облысы — 8 шілде 1981, Ташкент, Өзбекстан ) — Кеңестік әскери көлік және азаматтық авиация ұшқышы, тұңғыш өзбек ұшқышы.

Өмірбаяны Абдусамат Тайметов 1909 жылы Шымкент уезіндегі Чернак ауылында Тайметовтердің көп балалы отбасында дүниеге келген. Анасы дүниеден өткенде ол екі жаста ғана еді. Ал үш жылдан 1914 жылы әкесі Таймет Тайметов те бұл дүниеден кетті.

Бірақ немере ағасы оларды қиындыққа қалдырған жоқ. Кәмелетке толғанға дейін Абдусамат бауырларымен бірге тәрбиеленді. Бала кезінен еңбекқор, ізденімпаз Әбдусамат екі мектепте қатар оқиды – таңертең зайырлы (яғни кәдімгі) мектепте оқыса, кешке ескі Артықбай-сопы молданың мектебінде сабаққа барады. Ескі мектепте арнайы білім берілмеді, бірақ жас Абдусамат араб тілін үйреніп, араб қарпімен жазуды үйренді.

Ауыл адамдары балаға құрметпен қарап, бастауыш мектепті енді ғана бітірген «ерекше сауатты» адам ретінде оны ауылдық кеңестің хатшысы етіп сайлады да, Абдусаматты агрохимия курстарына жіберуді талап етеді, оны жиырма жасында Ташкентте бітіреді. Курстан кеін ол туған ауылына оралған бойда ауыл шаруашылығы зиянкестерімен күресті бастады. Соның нәтижесінде жас маман еңбек еткен колхоз үздіктердің бірі болып танылып, ерекше марапат – орден емес, сыйлық емес, сепкіш, тырма, темір соқа алды.

1930 жылы Орта Азия индустриалды-мақта-мұнай-механикалық техникумына және бір мезгілде Осоавиахимдегі планер училищесіне оқуға түседі. 1933 жылдың күзінде ұшқыштар мен авиация техниктерінің ІІІ Біріккен училищесіне қабылданып, екі мың курсанттың ішінде жалғыз өзбек болды. Соғыстың басында Ә.Тайметов оқу-жаттығу эскадрильясын басқарып, бүкіл Орта Азияны шарлап, облыс орталықтарында жаңа аэродромдар ұйымдастырды.

Ұлы Отан соғысы 1941-1942 жылдар аралығында ол 71 ұшқышты дайындады, содан кейін ол Ли-2-нің жаңа нұсқасын басқаруды меңгерді. 1944 жылы ақпанда оның өтініші бойынша майданға жіберіліп, 10-гвардиялық авиация дивизиясына тағайындалады. Сол жылы ол әскерлер мен партизандарға керек-жарақ жеткізу, сондай-ақ барлау үшін 109 түнгі рейс жасады. Экипаж командирі ретінде оның экипажында екінші ұшқыш Петр Гордиенко, штурман Николай Смирнов, бортинженер Николай Демин және радио операторы Михаил Малинкин болды.

1945 жылы 1 қаңтарда 19-арнайы азаматтық авиация полкіне ауыстырылып, оның құрамында Сергей Притицкий басқарған партизандарға көмек көрсету бойынша Польшада миссияларды орындады. Жауынгерлік миссиялары үшін Кеңес Одағы және Қызыл Ту ордендерімен қатар, поляк Virtuti Militari орденімен марапатталды. 1945 жылы 9 мамырда ол Германияның берілу актісі мен Жеңіс туын Берлиннен Мәскеуге жеткізген аты аңызға айналған ЛИ-2 ұшағында екінші ұшқыш болды.

Соғыстан кейін Соғыстан кейін Ә.Тайметов Өзбекстанға оралып, азаматтық авиация жүйесіне қызмет етті. 161-ші авиация эскадрильясының командирі, кейін Ташкент әуежайының бастығы болып жұмыс істеді. Ташкент мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. Өзбекстан азаматтық авиация департаментінің бас заң кеңесшісі қызметін атқарған.

Ұшқыштың жұбайы - Балтабаева Бибиниса Шамұратқызы — өзбек-парашютшілер тарихындағы алғашқы бестікке кірді, сауда жүйесінде жұмыс істеді, Республика сауда Министрінің орынбасары болды.

Абдусамат Тайметов 1981 жылы шілдеде қайтыс болды. Тайметовтар отбасынан тек майдангердің жиені Уткир Тайметов қана соңғы уақытқа дейін «Өзбекстан әуе жолдары» ұлттық әуе компаниясының ИЛ-86 ұшағын командирі болып қызмет атқарды.

Марапаттары Жауынгерлік Қызыл Ту Ордені (1944). II дәрежелі Отан соғысы ордені (1945). II дәрежелі Virtuti Militari ордені (әскери ерлігі үшін, Польша) (1944). «Әскери қызметі үшін». «Ерен еңбегі үшін». 1-дәрежелі «Отан соғысының партизан» медалі.

Дереккөздер

Санат:Өзбекстан ұшқыштары