Адам метапневмовирусы өршуі (2024) — Адам метапневмовирусымен (HMPV) сырқаттану жағдайларының өршуі 2024 жылдың соңында басталды. Қоғам назарын бұл жағдайға Қытайдың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы 2024 жылдың 16–22 желтоқсан аралығындағы бір апта ішінде метапневмовирус тудырған тыныс алу инфекцияларының айтарлықтай өсуін көрсететін деректерді жариялағаннан кейін аудартты.

Адам метапневмовирусы — парамиксовирустар тұқымдастығына жататын вирус, тыныс алу жолдарының ауруларын тудырады, әсіресе балалар мен иммунитеті әлсіз адамдарда жиі кездеседі. Қытайдағы hMPV вирусының өршуі ауру жағдайларының айтарлықтай көбеюіне және елдің денсаулық сақтау жүйесіне үлкен салмақ түсуіне әкелді.

Сипаттамалары 2024 жылдың желтоқсан айының ортасында Қытайдың медициналық мекемелері тыныс алу жолдарының инфекцияларының жалпы көбеюі туралы хабарлады. Солардың ішінде елдің солтүстігінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында HMPV вирусының өршуі байқалды. Қытайдың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметінше, 2024 жылдың соңында адамның метапневмовирусы тыныс алу ауруларына жасалған оң тесттердің 6,2%-ымен және тыныс алу аурулары бойынша ауруханаға жатқызылғандардың 5,4%-ымен байланысты болған. Бұл көрсеткіштер COVID-19, риновирус және аденовирус көрсеткіштерінен жоғары болды.

Қазіргі уақытта Қытайдағы расталған жағдайлардың нақты саны белгісіз. Вируспен өзге елдерде де, соның ішінде көршілес аймақтар мен алыс өңірлерде де жұқтыру жағдайлары тіркелуде. Гонконгта ауру жағдайлары анықталған, бірақ таралу қарқыны Қытайдың басқа бөліктерімен салыстырғанда төмен. Малайзияда жағдайлар саны 2023 жылғы 225-тен 2024 жылы 327-ге дейін артқан. Үндістан 2025 жылғы 6 қаңтарда Бангалор қаласында HMPV жұқпасының алғашқы жағдайларын растады: 8 айлық ұл бала мен 3 айлық қыз баладан тыныс алу белгілері анықталды. Қазақстанда 30 ауру жағдайы тіркелді, алайда HMPV жұқтыру саны риновирус, аденовирус немесе коронавирус жұқпаларымен салыстырғанда әлдеқайда аз.

Қытайлық және халықаралық зерттеулердің деректеріне сәйкес, вирус халық тығыз қоныстанған аймақтарда белсенді айналымда жүр және ең үлкен қауіп тобына бес жасқа дейінгі балалар, қарт адамдар және созылмалы аурулары бар науқастар жатады.

Адам метапневмовирусының өршуі Қытайдың кейбір аймақтарындағы ауруханалардың толық толуына және медициналық қызмет көрсетуді қиындатуға себеп болды.

Белгілері HMPV белгілері COVID-19 және тұмау сияқты басқа тыныс алу жолдарының инфекцияларына ұқсас. Ең жиі кездесетін белгілер мыналар:

Жөтел және қатты ауырсыну Мұрынның бітелуі (мұрыннан су ағу) Дене қызуының көтерілуі (лихорадка) Ентікпе Бастың ауыруы Тамақтың ауруы Шаршағыштық (әлсіздік) Бөртпе Ыңыл (тыныс алу кезінде сырыл естілуі)

Кейбір науқастарда пневмония немесе созылмалы тыныс алу ауруларының асқынуы сияқты асқынулар байқалуы мүмкін.

Жауап шаралары Қытай билігі вирус жұқтырған адамдарды анықтау мен оқшаулау шараларын күшейтті, халықты вирусқа тестілеу үшін мобильді топтар ұйымдастырды. Төмендегідей қатаң ұсыныстар енгізілді:

Қоғамдық орындарда бетперде тағу Беттер мен заттарды үнемі дезинфекциялау Бұқаралық іс-шараларды азайту

Сонымен қатар Қытаймен шектес елдер шекарадағы бақылауды күшейтіп, аймақтық әрекет ету жоспарларын әзірлеуге дайын екендерін хабарлады.

Алдын алу шаралары HMPV вирусына қарсы арнайы вакцина әзірге жоқ. Алдын алу мақсатында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) келесі шараларды ұсынады:

Қолды жиі сабынмен жуу; Антисептиктерді қолдану; Вирус жұқтырған адамдармен байланысты азайту; Респираторлық этикетті сақтау (жөтелгенде немесе түшкіргенде ауыз бен мұрынды жабу).

Бұл шаралар жұқтыру және вирустың әрі қарай таралу қаупін едәуір төмендетеді.[ВОЗ](https://www.who.int )

Емдеу Науқастарға демалу, көп мөлшерде сұйықтық ішу арқылы су-электролит теңгерімін сақтау, аурудың жеңіл түрінде бұлшықет ауырсынуын жеңілдету және дене қызуын төмендету үшін рецептсіз дәрілік препараттарды қолдану ұсынылады. Инфекцияның ауыр түрлерінде, әсіресе иммундық тапшылығы бар адамдарда, рибавирин сияқты препараттар вена ішіне енгізілетін иммуноглобулиндермен бірге қолданылады.

Вакцина Биофармацевтикалық Moderna корпорациясы адамның метапневмовирусы (HMPV) тудыратын инфекцияға қарсы вакцинаның кандидат-препараты болып табылатын эксперименттік дәріні клиникалық зерттеуден өткізді. Аталған фармакологиялық агент модификацияланған матрицалық РНҚ (модРНҚ) технологиясы негізінде жасалған және 2019 жылғы қазан айындағы жағдай бойынша клиникалық сынақтың төрт кезеңінің бірін сәтті аяқтаған.

Диагностика Метапневмовирус инфекциясының қоздырғышын анықтау және растау заманауи молекулалық биология әдістер арқылы жүзеге асырылады. Солардың ішінде негізгі рөлді нақты уақыттағы полимеразалық тізбекті реакция (RT-qPCR) әдісі атқарады. Бұл әдіс дәстүрлі RT-PCR-мен салыстырғанда жоғары сезімталдыққа ие және уақыт пен ресурстық шығындарды азайтады, сондықтан HMPV-ді жедел молекулалық анықтау үшін ең тиімді тәсілдердің бірі болып саналады.

Қосымша түрде инвазивті әдістер (мысалы, бронхоскопия) және сәулелік диагностика (кеуде қуысы ағзаларының рентгенографиясы) қолданылады. Сонымен қатар вирус нуклеин қышқылдарын амплификациялау тесттері арқылы оның генетикалық материалын тікелей анықтау немесе иммунофлуоресценция мен иммуноферменттік талдау (ИФТ) әдістері арқылы тыныс алу жолдарының сөлдерінен вирус антигендерін табу арқылы да идентификациялануы мүмкін.

Тағы қараңыз Адам метапневмовирусы

Дереккөздер

Санат:Вирустық аурулар Санат:2024 жылдағы эпидемия Санат:2025 жылдағы эпидемия