Балхтағы жер сілкінісі — 2025 жылғы 3 қарашада жергілікті уақытпен 00:59:02-де Ауғанстанның солтүстігіндегі Балх провинциясында магнитудасы 6,3 болатын жер сілкінісі орын алды. Зілзаланың салдарынан 30 адам қаза тауып, кемінде 956 адам жарақат алды.
Геология Ауғанстан аумағының басым бөлігі Еуразия плитасының ішінде орналасқан кең континенттік деформация аймағына жатады. Елдегі сейсмикалық белсенділікке батыстағы Арабия плитасының субдукциясы және шығыстағы Үнді плитасының қиғаш субдукциясы әсер етеді. Үнді плитасының құрлықтық шекара бойымен жылжу жылдамдығы жылына 39 мм немесе одан да жоғары деп бағаланады. Плиталардың өзара соқтығысуынан туындайтын транспрессия жер қыртысының үстіңгі қабаттарында жоғары сейсмикалық белсенділікке алып келеді. Ауғанстан аумағында плиталардың субдукциясына байланысты жер сілкіністері шамамен 300 км тереңдікке дейін тіркеледі.
Жер сілкінісінің сипаттамасы АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметі бойынша, жер сілкінісінің магнитудасы 6,3 болды, ал Өзбекстанның Төтенше жағдайлар министрлігі магнитуданы 6,8 деп хабарлады. Эпицентрі Балх провинциясындағы Нахри-Шахи ауданына жақын, Саманған провинциясының шекара маңында орналасқан, ал гипоцентр жер бетінен 28 км тереңдікте болды. Максималдық қарқындылығы Меркалли шкаласы бойынша VII балл (өте күшті) деп бағаланды — АҚШ Геологиялық қызметінің есебінше, мұндай діріл Ташқұрған қаласында тіркелген. Ал VI балдық (күшті) қарқындылық Мазари-Шариф пен Балхта байқалды, V балл (бірқалыпты) — Өзбекстанның Термез қаласында, Тәжікстанның Носири-Хусрав және Шахритус аудандарында, сондай-ақ Түрікменстанның Көйтендақ атырабында сезілді. Жер асты дүмпулері Қазақстан, Иран, Пәкістан және Үндістан–Пәкістан шекарасына жақын аймақтарда да байқалды. Жер сілкінісі шамамен 20 секундқа созылған.
Залал Жер сілкінісі салдарынан кемінде 30 адам қаза тауып, тағы 956 адам жарақат алған.
БАҚ мәліметінше, Балх провинциясында 12 адам қаза тауып, 616 адам жарақат алған. Шөлқара ауданында 4 адамның қаза тапқаны және көптеген жараланғандар бар екені хабарланды. Аймақтың түрлі аудандарынан капиталды құрылыстардың зақымдануы туралы деректер түсті, соның ішінде Мазари-Шарифтегі Көк мешіттің бір бөлігі қиратылған.
Саманған провинциясында 11 адам қаза тауып, 329 адам жараланған, 70-тен астам үй қирағаны анықталды. Жер сілкінісі салдарынан Саманган провинциялық ауруханасының зертханасы құлап, маңызды медициналық жабдық-жиһаз жоғалған.
Ауғанстанды Тәжікстан және Өзбекстанмен жалғайтын электр беру желілері зақымданды. Соның нәтижесінде елдің тоғыз провинциясында, соның ішінде Кабулда, жарық өшті.
Көмек Ауғанстан Қорғаныс министрлігі құтқару жұмыстарын жүргізу үшін Ислам ұлттық армиясының «Әл-Фатх» 209-корпусын жұмылдырды.
Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ миссиясы, Еуропалық одақтың Ауғанстандағы өкілдігі, Норвегиялық босқындар кеңесі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және «Баяд» қоры жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарға құтқарушылар мен медицина қызметкерлерін жіберіп, гуманитарлық көмек жөнелтті.
Дереккөздер
Санат:Ауғанстандағы жер сілкіністері Санат:2025 жылғы Ауғанстандағы табиғи апаттар Санат:2025 жылғы жер сілкіністері Санат:Табиғат апаттары Санат:2025 жылғы апаттар