Баб Араб кесенесі — Ескі Түркістан қаласында, Жеті ата қақпасы маңында орналасқан XIX ғасырғы діни-рухани нысан. Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген сәулет өнері ескерткіші.
Сипаттамасы Бір бөлмелі құрылыс. 2009–2010 жылдары Түркістан археологиялық экспедициясы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген. О. Дастанов өзінің «Әулие жерлер туралы шындық» кітабында дін иелерінің түсіндіруінше, Түркістаннан бір кісі Меккеге барады, алайда қайтуға ақшасы жетпейді. Әбден шаршаған ол Мұхаммед пайғамбардың мәйітін құшақтап жылайды. Бір күні оған бір адам келіп, ертеңгі жұма намазы кезінде бір ағашқа қара ат байланатынын және сол аттың иесі кез келген тілегін орындай алатынын айтады. Еліне оралуды қалаған кісі айтылған ағашқа барып, байланған қара атты көреді. Аттың шылбырын ұстап, иесін күтеді. Жұма намазы аяқталған соң аттың иесі келеді, ал әлгі кісі шылбырды жібермей, оны тастамауын өтінеді. Кісіні аяған ат иесі оны артына отырғызып, көзін жұмуды өтінеді. Көзін ашқан кезде олар Түркістанда болады. Ат иесі Әзірет Сұлтанға қарай кетіп бара жатқан кезінде есімін сұрағанда «мен Баб Арабпын» деп жауап береді де ғайып болады. Еліне аман оралған кісі бұл оқиғаны халыққа айтып, ат түскен жерге Баб Арабқа арнап күмбез тұрғызады делінеді«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты тарихи-мәдени ескерткіштер»: жинақ / «Service Press» баспасы, 184 б. Алматы 2025 ж. 58 бет. - ISBN 978-601-7316-24-2.
Археологиялық зерттеулер 2011 жылы Жеті ата қақпасының тарихи деректерге негізделген қалпына келтіру жұмыстары барысында кесектен қаланған кесене қабырғасы анықталған. Сонымен қатар, Баб Араб кесенесінің ізі мен төртбұрышты кірпіштен тұратын еден бөліктері табылған. Құрылыс ортасында күйген қыштан қаланған және сырты бірнеше рет қара сыбақпен, соңыра құм сыбақпен сыланып, әктелген. Құлпытас көлемі — 3,25×1,7 м, биіктігі — 1 м. Оны қоршаған төртбұрышты бөлменің қабырғаларының іргесі сақталған. Қабырғалары XIX ғасырға тән «патша кірпішімен» (өлшемі 25,5×13×6,2 см) қаланған. Еденге төселген кірпіштердің өлшемдері 23×24,5×5 см және 24,5×24,5×5 см. Кесененің сыртқы өлшемдері — 5,75×5,5 м, есігі оңтүстік-шығыс беттен шығарылған. 1910 жылғы фотосуреттен кесененің қабырғалары мен күмбезі қам кесектен қаланғандығы байқалады. Сырты қалың қара сыбақпен сыланған, биіктігі шамамен 5 м (күмбездің ұшына дейін). Кесененің еденіне төселген кірпіштер XIV–XV ғасырларға жатады.
Баб Арабтың ұрпақтары Қазіргі күні Баб Арабтың ұрпақтары Қызылорда қаласы мен оның маңында тұрады. Бүгінде марқұм болған ұрпағы Жолдыбаев Өтеген Ысқақұлының айтуынша, «Баб Араб», «Баба Ғаріп», «Баба Араб ата» — бұл оның ныспылары, ал шын есімі — Сабыр Мәлік. Ұрпақтарының қолында «Насабнамесі» сақталған.
Дереккөздер
Санат:Түркістан облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері