«Халлам» (;) — Англияның Кросспул қалашығында орналасқан кәсіби футбол клубы. 1887 жылы құрылған бұл клуб қазіргі уақытта Англия футболының сегізінші деңгейі саналатын Northern Premier League Division One East лигасында ойнайды. Үй ойындарын Сандигейт стадионында өткізеді. Бұл стадион Гиннестің рекордтар кітабымен «Әлемдегі ең көне футбол алаңы» ретінде ресми түрде танылған. 1867 жылы Халлам клубы әлемдегі ең алғашқы футбол турнирі — Юдан кубогын жеңіп, тарихқа енді.

Тарихы Футбол клубының тарихы 1804 жылдан бастау алады. Сол жылы Сандигейт-роудтағы Plough Inn қонақүйінің иесі өзінің жанындағы бос жерді жаңа құрылған Халлам крикет клубына ойнауға рұқсат берген.

1850-жылдары клуб мүшелерінің саны 300-ден асқанHistory Hallam FC, ал 1860 жылы олар үш жыл бұрын құрылған Шеффилд клубына қарсы ойнау үшін футбол клубын құру туралы шешім қабылдады. 1860 жылдың Boxing Day күні екі клуб алғаш рет Сандигейтте бір-біріне қарсы матч өткізді.

Халлам футбол клубының негізін қалаушы әрі капитаны Джон Чарльз Шоу көп ұзамай мүшелер саны өсіп келе жатқан клубтардың матчтарын жергілікті ережелер бойынша ұйымдастыратын Шеффилд футбол қауымдастығының президенті болды. Шоу Лондондағы Футбол қауымдастығының өкілі Чарльз Алкокпен бірге футбол ойынының ұлттық деңгейде мойындалған бірыңғай ережелерін жасауға тікелей атсалысты. 1871 жылы Шеффилд құрамасы мен Лондон құрамасы арасындағы алғашқы ойында осы ұсынылған ережелер сыналды, Шоу мен Алкок өз командаларының капитандары болды.

1867 жылы Халлам әлемдегі ең алғашқы футбол жарысы — Юдан кубогын жеңіп алды. Кейінірек кубок жоғалып кеткен, тек 1997 жылы ғана Шотландияның антиквариат жинаушысы трофейді тауып, клубқа 2000 фунтқа қайтарып сатқан. 2014 жылы кубок BBC-дің Antiques Roadshow бағдарламасына шығарылып, оның құны 100 000 фунт деп бағаланған. Клуб төрағасы Крис Тейлор клубтың трофейді сатуға ниеті жоқ екенін мәлімдеді.

1870–1880 жылдары футболға кәсібилік ене бастағанына қарамастан, Халлам толықтай әуесқой клуб болып қалуды таңдады. 1886 жылдың жазында клуб белгісіз себептермен, мүмкін қаржылық қиындықтарға байланысты, таратылды. Алайда бір жылдан кейін клуб қайта құрылды.

Халлам өздерінің алғашқы лига жарысына 1892 жылы жаңадан құрылған Hallamshire лигасына қосылған кезде қатысты. XIX ғасырдың соңына қарай олар Sheffield Minor Cup League, Sheffield Alliance және Hatchard League турнирлерінде де ойнады. 1903 жылы олар алғаш рет Hatchard League чемпионы атанды, ал бір жылдан кейін лиганы тағы да жеңді. Алайда үздік төрт команда арасындағы плей-офф финалында жеңіліп, өз атағынан айырылды. 1904 жылы Халлам алғаш рет Sheffield and Hallamshire Senior Cup финалына шықты, бірақ Брэмолл Лейн алаңында Барнсли клубының қосалқы құрамынан 1–6 есебімен жеңілді.

1911 жылы клуб алғаш рет Футбол Ассоциациясының FA Amateur Cup жарысына қатысты. Үш жылдан кейін Бірінші дүниежүзілік соғыс басталды, бірақ Халлам ойнауды жалғастырып, Hatchard лигасынан шығып, бұрын негізінен қосалқы құрама ойнайтын Sheffield Amateur және Minor лигаларына ауысты. Ақырында, 1917 жылы Халлам ойындарын уақытша тоқтатты. Соғыс аяқталғаннан кейін, 1919 жылы клуб Sheffield Amateur League лигасына қайта қосылды.

1925 жылы Халлам Сандигейт алаңында 2000-нан астам жанкүйердің көз алдында Amateur Cup турнирінің бес дүркін чемпионы Бишоп Окленд клубын жарыстан шығарды. Екі жылдан кейін клуб алғаш рет Англия кубогы турниріне қатысты. 1927 жылы Sheffield Amateur League лигасын екінші рет жеңгеннен кейін, олар Sheffield Association League құрамына қайта қабылданды.

1932–33 маусымының соңында Plough Inn қонақүйінің иесі Халлам клубының бар табысы аз деп есептеп, Сандигейт алаңын басқа командаларға (Crookes WMC, кейін Фулвуд) жалға беруге шешім қабылдады. Клуб жергілікті Футбол қауымдастығындағы мүшелігін сақтағанымен, өз алаңынан айырылуы Халлам клубының 15 жыл бойы футболдан бас тартуына себеп болды.

Халлам футболға 1947 жылы қайта оралды. Олар Сандигейт алаңына қайта оралу жөнінде келісімге келді. Клуб Sheffield Amateur League және қайта құрылған Hatchard League жарыстарында ойнап (соңғысын жеңіп алды), 1949 жылы Sheffield Association League лигасына қайта қосылды және сол жылы алғаш рет чемпион атанды. Бір жылдан кейін Халлам тарихында алғаш рет Sheffield Senior Cup трофейін жеңіп алды. 1952 жылы клуб Yorkshire League турниріне қатыса бастады.

Дәл сол маусымда Далвич Хамлет клубына қарсы Amateur Cup кездесуіне билеттерге сұраныс күрт артқандықтан, матч Хиллсборо стадионына ауыстырылды. Бұл ойынды 13 000-нан астам көрермен тамашалап, клуб тарихындағы рекорд орналды. 1960 жылы Yorkshire League жоғарғы дивизионына екінші рет көтерілгеннен кейін, Халлам жиырма жыл бойы сол деңгейде ойнады.

1982–83 маусымында ескі Yorkshire League таратылды, ал Халлам жаңа Northern Counties East League (NCEL) құрамына кіріп, стадион талаптарын едәуір күшейтті. Алаң жалдау мерзімі небәрі жеті жыл қалғандықтан, клуб қымбат жөндеу жұмыстарына кірісе алмады. Жер иесімен ұзаққа созылған келіссөздер нәтижесінде 99 жылдық жалға алу мерзімі берілді, бірақ үлкен көлемдегі төлемді бір жыл ішінде төлеу талап етілді. Үлкен қаржы жинау науқаны жаңа жалға алу келісімін қамтамасыз етті және әрі қарай прожекторлар орнатуға (1992 жылы алғаш қолданылды) және қақпа артында 100 адам паналай алатын трибуна салуға мүмкіндік берді.

Клуб NCEL-дегі уақытын негізінен Премьер-дивизионда (Англия футбол жүйесіндегі 9-деңгей) өткізді және 2004 жылы финалда Микловер Спортс клубын жеңіп, Лига кубогын иеленді, бірақ 2011 жылы қайтадан Бірінші дивизионға түсіп қалды.

2012 жылы Сандигейт стадионына клубқа бүкіл өмірін арнаған жанкүйердің өсиетнамамен қалдырған ірі қаражаты есебінен маңызды жаңғырту жүргізілді. World's oldest football ground receives financial boost BBC. 2016 және 2017 жылдары клуб Бірінші дивизионның маусым соңындағы плей-оффтарына қатысып, екі жолы да жартылай финалда тоқтады.

2020 жылы Крейг Дентонның бас бапкер болып тағайындалуы нәтижелер мен жанкүйер санының артуына әкелді. 2021–22 маусымында Халлам Бірінші дивизион чемпионы атанып, NCEL Премьер-дивизионына көтерілді, бұл кезеңде Сандигейт алаңында 1 100-ден астам көрермен жиналып, жаңа рекорд орнады.

Жетістіктері Лига Yorkshire Football League Division Two Чемпион: 1960–61 Northern Counties East League Division One Чемпион: 2021–22 Sheffield Association League Чемпион: 1949–50 Hatchard League Чемпион: 1902–03, 1948–49 Sheffield Amateur League Чемпион: 1922–23, 1926–27

Кубок Sheffield & Hallamshire Senior Cup Жеңімпаз: 1950–51, 1961–62, 1964–65, 1967–68 Финалист: 1903–04, 2009–10, 2024-25 Northern Counties East League Cup Жеңімпаз: 2003–04 Юдан кубогы Жеңімпаз: 1867

Дереккөздер

Санат:Англия футбол клубтары