Дін Мұхаммад мешіті (XIX ғасырдың 2-ші жартысы) – Солтүстік Қазақстан облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген сәулет өнері ескерткіші.

Орналасқан жері Петропавл қаласы, С. Мұқанов көшесі, 34.

Тарихы, сипаты Дін Мұхаммад мешітінің өзіндік тарихы бар. 1881 жылы татар көпестері Д. Бичурин мен В. Янгуразов 1000-нан астам мұсылмандардың өтініштері бойынша екі тас мешіт құрылысына өтініш білдіреді. Өтініш қанағаттандырылып, таяу уақытта қалада тағы екі әдемі тас мешіттер бой көтере бастайды. 1917 жылы қарай қалада ағаштан тұрғызылған үш мешіт және алты тас мешіт болды. Діни мекемелердің ең алғашқысы 1795 жылы салынған. Дін Мұхаммад мешіті мешіттер тізімінде №5 болып белгіленіп (1917 ж.), 1938 жылға дейін қызмет еткен. Кеңес өкіметі жылдарында Петропавлдағы барлық медреселер мен мешіттер жабылып, жойылған. Мешіт ғимараты басқа қажеттіліктерге пайдаланылып, оның мұнарасы толығымен бұзылды.

1990 жылдары қала тұрғындары тарихи, діни мекемелерді қалпына келтіруге атсалысты. 1996 жылы татар-башқұрт діни қауымына мешіт киелі құрылыс ретінде қайтарылады. Сол уақытта ғимарат толығымен қирап, тек бос қабырғалары ғана қалған. Көп ұзамай, Петропавл қаласының Дін Мұхаммад мешітін қайта қалпына келтіру жұмыстары басталып, ол 1998 жылы аяқталады. Мешіт ретінде 1998 жылдан бастап пайдалануға беріліп, мұсылман әдет-ғұрыптарын өткізуге арналған орын және қаланың көрікті жерлерінің бірі болды.

Мешітке осы құрылысты ұйымдастырып, басқарған адамның есімі беріледі. 2001 жылы мешіт мұнарасы қайта қалпына келтіріледі. Шағын дуалмен қоршалған, төбесі жасыл түсті, мұнара, мешіттің жан-жағы ағаштармен қоршалған бір қабатты ғимарат. Мұнда діни-ғұрыптар өткізіліп, жыл сайын Рамазан айында ораза ұстаған мұсылмандарға арнап, ауызашар беріледі. 2013 жылымешіт Қазақстан мұсылман Діни басқармасының (ҚМДБ) қарамағына кіреді. Мешіт қаланың сәулет ескерткіштерінің бірі және жергілікті маңызы бар тарихи- мәдени ескерткіш болып табылады.Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017. – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7

Дереккөздер

Санат:Солтүстік Қазақстан облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Солтүстік Қазақстан облысы сәулеті Санат:Қазақстан мешіттері