Лингвоэкологиялық құзыреттілік – жеке тұлғаның әдеби тілдің ауызша және жазбаша түрлеріне тән нормаларды меңгеруі, сөздің қатысымдық сапасына байланысты ортологиялық және этикалық талаптарды сақтай білуі, тілдік сананың қалыптасуына әсер ететін факторларды түсінуі және тілдік ортаның экологиялық тепе-теңдігін сақтай отырып тиімді коммуникация құра алу қабілеті.

Бұл ұғым тіл экологиясы, Сөз мәдениеті және Тілдік тұлға теорияларымен байланысты қарастырылады. Лингвоэкологиялық құзыреттілік тілдік ортаны қорғау, ана тіліне құрмет қалыптастыру, тілдік нигилизмге қарсы тұру және тілдің қоғамдық қызметін сақтауға бағытталған құзыреттер жүйесін білдіреді.

Лингвоэкологиялық құзыреттіліктің құрамдас бөліктері Ғылыми әдебиеттерде лингвоэкологиялық құзыреттілік бірнеше өзара байланысты компоненттерден тұратын жүйе ретінде сипатталады:

Тілдік-лингвоэкологиялық құзыреттілік – әдеби тіл нормаларын меңгеру және тілдік бірліктерді орынды қолдану қабілеті. Танымдық-лингвоэкологиялық құзыреттілік – тілдің мәдени, әлеуметтік және танымдық мәнін түсіну. Эмоциялық-лингвоэкологиялық құзыреттілік – қарым-қатынас барысында эмоциялық тепе-теңдікті сақтау, тілдік әдеп нормаларын ұстану. Әлеуметтік-лингвоэкологиялық құзыреттілік – қоғамдағы тілдік қатынастардың мәдени нормаларын сақтау. Құндылықтық-лингвоэкологиялық құзыреттілік – ана тіліне құрмет қалыптастыру және тілдің ұлттық құндылық ретіндегі маңызын түсіну.

Лингвоэкологиялық құзыреттілігі қалыптасқан тілдік тұлға Лингвоэкологиялық құзыреттілігі қалыптасқан тілдік тұлға:

тілдік ортаны әртүрлі «тілдік ластанудан» сақтайды; лингвистикалық нигилизмге қарсы тұра алады; шеттілдік сөздерді уәжсіз қолданудан сақтанады; тілдік экспансияға қарсы тұрады; қазақ тілінің болашағына жауапкершілікпен қарайды; ортологиялық қағидаларды сақтайды; сөз мәдениетінің нормативтік, қатысымдық және этикалық сапаларын ұстанады.

Қатысым түрлері бойынша көрінісі

Жазбаша қатысым Лингвоэкологиялық құзыреттілігі қалыптасқан тұлға жазбаша қатысымда: мәтіннің логикалық құрылымын сақтайды; шеттілдік сөздерді стильдік мақсатта орынды қолданады; көріктеу құралдарын тиімді пайдаланады; орфографиялық және этикалық нормаларды сақтайды.

Ауызша қатысым Ауызша коммуникация барысында: өз ойын дәл, анық және қысқа жеткізеді; сұрақ қойып, жауап бере алады; пікірталас кезінде эмоциялық қысымды реттейді; қатысым этикетін сақтайды; орфоэпиялық нормаларды ұстанады.

Тыңдалым Тыңдалым кезінде: сұхбаттасушыны мұқият тыңдайды; төзімділік пен құрмет көрсетеді; эмоциясын бақылап, ұстамдылық танытады; серіктесінің ұстанымын түсінуге ұмтылады.

Қараңыз Тіл экологиясы Сөз мәдениеті Тілдік тұлға

Дереккөздер Чукенaева Г. Лингвоэкологиялық құзыреттілік және оның құрамдас бөліктері. – Общественные науки, 2017. National Digital Library of Kazakhstan. http://nblib.library.kz/elib/library.kz/Jurnal/Obshestvennye%202017-05/Chukanaeva0517.pdf

Санат:Лингвистика Санат:Қазақ тілі Санат:Тіл мәдениеті Санат:Лингвоэкология