Геита (суах. және ағылш. Geita) — Танзанияның солтүстік-батысындағы қала, Геита облысының әкімшілік орталығы (2012 жылы наурызда құрылған). Алтын өндіру мен алтын саудасының ірі орталығы.

Этимологиясы Геита атауы Уаянго (Уаронго) тайпасының Акабанга кейта абханту () сөзінен шыққан. Тау Уаронго тайпасының дәстүрлі рәсімдер өткізетін орны болған. Кейін ақ нәсілділердің бұл сөзді айта алмауынан, және Уазинза, Уасукума, Уасумбуа, Уасуби тайпаларының оларға еліктеуінен елді мекен «Геита» атала бастаған.

Халқы 2022 жылғы халық санағы бойынша Геита қаласының халқы 361 671 адамды құрады. Танзания Ұлттық статистика бюросының ресми жобалық есебінің (Geita Town Council Population Projections 2023–2050) деректері бойынша, 2026 жылдың ортасына қарай халық саны 423 070https://www.nbs.go.tz/uploads/statistics/documents/en-1764236993-25.02.Geita%20Town%20Council%20Population%20Projection%20Report%20_%202023-2050.pdf адам деп белгіленген. Бірқалыпты өсуді ескере отырып, 2026 жылдың басындағы болжамды халық саны шамамен 420 000 адамды құрайды. Өсу жоғары табиғи өсім қарқынымен және алтын өндірудің дамуына байланысты көші-қонмен түсіндіріледі.

Географиясы Геита Танзанияның солтүстік-батысында, Виктория көлінің оңтүстік жағалауына жақын орналасқан. Геита, Сенгерема, Ньянгвале аудандарымен шектеседі. Жер аумағы 1080.3 км². Танзания астанасы Додомаға дейінгі қашықтық шамамен 500 км солтүстік-батысқа қарай. Мванза қаласына дейінгі қашықтық 80–83 км оңтүстік-батысқа қарай.

Жер бедері Теңіз деңгейінен 1100–1300 биіктікте орналасқан. Солтүстік-шығысында төбелі, оңтүстік-батысында жазық.

Климаты Климаты — саванналық (құрғақ және ылғалды маусымдар айқын байқалатын тропиктік). Орташа жылдық температура +22 °C. Ең жылы ай — қыркүйек (25 °C). Ең салқын ай — сәуір (20 °C). Жауын-шашынның орташа жылдық мөлшері — 1 221 мм. Ең ылғалды ай — қараша (198 мм). Ең құрғақ ай — шілде (3 мм).

Тарихы Неміс отарлық кезеңі (XIX ғасырдың аяғы – 1918) Қоныстың қашан пайда болғаны нақты белгісіз. Геитаның бүкіл тарихы алтын өндірумен тығыз байланысты. XIX ғасырдың аяғында неміс геологиялық зерттеулері аймақта бай алтын кенорындарын анықтады. Әртүрлі деректер бойынша, алғашқы ашылулар 1880-жылдарға немесе ғасырдың ең соңына жатады. 1900-жылдардың басында неміс іздеушісі болашақ қаланың төңірегіндегі төбелерден алтын тапты. Бұл ашылу «алтын безгелін» тудырды, оған неміс және африкалық іздеушілер қатысты. Германияның отарлық билігі «Бисмарк рифі» (нем. Bismarckriff) деп аталатын кен орнын игеру үшін рудник ашты. Алтынды ірі көлемде өндіру жоспарлары Бірінші дүниежүзілік соғыс (1914–1918) кезінде бұзылды. Германия жеңіліске ұшырағаннан кейін Танзания аумағы (Германияның Шығыс Африка отарының құрамында болған) 1919 жылғы Версаль бейбіт келісімі бойынша Ұлыбританияның басқаруына өтті.

Британдық отарлық кезең (1919–1961) Британдық биліктің алғашқы жылдарында әлемдік алтын бағасының төмендеуіне байланысты ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық берілді. Дегенмен, 1934 жылы британдық әкімшілік рудник салды, ал 1936 жылы алтынды өнеркәсіптік масштабта өндіруді бастады. Осы кезеңде рудниктегі жұмысшылар саны 2 000 адамға жетті. 1936–1966 жылдар аралығында Геита руднигі Шығыс Африкадағы ең ірі алтын өндіруші кәсіпорны болды. Осы уақыт ішінде 1 миллион унциядан астам алтын (31 тоннадан астам) өндірілді. 1936–1961 жылдар аралығында (Танзания тәуелсіздік алғанға дейін) аймақта қолөнерлік (артельдік) алтын өндіруге британдық отарлық билік тыйым салған. Екінші дүниежүзілік соғыс (1939–1945) тау-кен өнеркәсібіне кері әсер етті: алтынды іздеу және өндіру айтарлықтай шектелді немесе уақытша тоқтатылды.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезең (1961–1990) 1961 жылы Танзания Ұлыбританиядан тәуелсіздік алды. 1966 жылы Геита руднигі жабылды. Жабылудың себептері — жас тәуелсіз мемлекеттегі саяси өзгерістер және әлемдік алтын бағасының құлдырауы. Алтын бағасы қайта өскеннен кейін рудник 1971 жылы қысқа уақытқа қайта ашылды, алайда ұзақ мерзімді өндіріс қалпына келмеді.

Қазіргі кезең (1990-жылдардан бастап) 1990-жылдардың ортасы мен соңында Танзания үкіметі тау-кен секторын шетелдік инвестицияларға ашты. Бұл Геитаның дамуының жаңа кезеңіне әкелді. Ashanti Gold (Гана) және Anglo-American (ОАР) сияқты ірі тау-кен компаниялары қала маңайында кең ауқымды барлау жұмыстарын жүргізді. 1996 жыл — Ashanti Gold компаниясы өндіру құқығының бақылау пакетін сатып алды. 2000 жыл — Оңтүстік Африканың AngloGold компаниясымен серіктестік келісімі жасалып, 400 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. 2002 жыл — жаңа рудникте толыққанды өндіріс басталды. Нәтижесінде қазіргі таңда AngloGold Ashanti компаниясына тиесілі Геита алтын руднигі (ағылш. Geita Gold Mine) салынды. Бұл кәсіпорын Танзаниядағы ең ірі алтын өндіруші және Африкадағы ең ірілердің бірі болып табылады. 2007 жылғы деректер бойынша, рудникте 327 000 унция алтын (шамамен 10,2 тонна) өндірілген. 2012 жылдың наурызында Геита қаласы жаңадан құрылған Геита облысының әкімшілік орталығы мәртебесін алды.

Қазіргі әлеуметтік және экологиялық мәселелер Геита маңындағы аудандарда, әсіресе Рвамагаса (Rwamagasa) және Матабе (Matabe) маңайында «алтын безгелі» мерзімді түрде орын алып, елдің түкпір-түкпірінен ондаған мың іздеушілерді тартады. Алтынды қолөнерлік әдіспен өндіру заңсыз немесе реттелмеген режимде жүзеге асырылады. Бұл мынадай салдарға әкеп соғады: іздеушілердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін қауіпті өндіру әдістерін қолдану; қоршаған ортаның айтарлықтай ластануы, оның ішінде сынаппен (алтынды амальгамациялау үшін қолданылады); ормандардың жаппай кесілуі.

Көлік Геита B163 жолында, шамамен Мванза және Бихарамуло қалаларының арасында орналасқан. Қала маңында Геита әуежайы (IATA: GIT, ICAO: HTGE) орналасқан. Ол 2021 жылы пайдалануға берілген, Air Tanzania ішкі әуе линиялары үшін қолданылады — Дар-эс-Салам және Мванза қалаларына.

Көрікті жерлер Геита қалалық округінің құрамына Виктория көлінде орналасқан «Рубондо аралы» ұлттық паркі (Rubondo Island National Park) кіреді.

Дереккөздер

Санат:Танзания қалалары