Әсел Иманғалиқызы Тасмағамбетова (1979 жылы туған, Атырау облысы, Махамбет ауданы) — қазақстандық қоғам қайраткері, эколог, кәсіпкер және меценат. Қазақстандағы алғашқы жекеменшік қайырымдылық қорларының бірі — «Сәби» қорының негізін қалаушы және президенті. Сонымен қатар, Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтының (ОАЭЗИ) негізін қалаушы.

Әсел Тасмағамбетова Forbes Kazakhstan (2025 жылғы қыркүйек) нұсқасы бойынша Қазақстанның ең ықпалды 25 әйелі тізімінде 7-орында. Жолдасы Кеңес Рақышев 2025 жылғы Қазақстанның ең бай 75 бизнесмені рейтингінде 23-орында. Оның байлығы $435 млн деп бағаланады.

Өмірбаяны Әсел Тасмағамбетова 1979 жылы Атырау облысы, Махамбет ауданында мемлекеттік және саяси қайраткер Иманғали Тасмағамбетовтың отбасында дүниеге келген.

Білімі 1999 жылы Қазақ мемлекеттік заң университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. 2009 жылы Халықаралық тәуелсіз экологиялық-политологиялық университетін (Мәскеу) «Экология және табиғатты пайдалану» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Қызметі 2002 жылдан қазіргі уақытқа дейін – «Саби» қайырымдылық қорының президенті. 2002 жылы Әсел Тасмағамбетова Кеңес Рақышевпен бірге «Сәби» қайырымдылық қорын құрды. Қордың қызметі әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарға көмектесуге, денсаулық сақтау және білім беру салаларын дамытуға бағытталған. 2024 жылы қордың бюджеті 3 млрд теңге құрады, ал салық төлемдері 2015 жылдан бастап 126,3 млн теңге құрады.

2008 жылы – «Телли» табиғи косметикалық бутигін құрды;

2010-2014 жылдары – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың химия және химиялық технология факультетінде табиғатты қорғау құқығы бойынша дәрістер оқыды.

2010 жылы – «Әлем» атты Қазақстанның дарынды жастарын қолдау бағдарламасы ұйымдастырды;

2012 жылы студенттер тобымен бірге қоршаған ортаны қорғау саласында зерттеулер жүргізетін, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеудің жаңа әдістерін жасайтын және өнеркәсіптік нысандардың табиғатқа әсерін зерттейтін Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтын (CAIER) құрды.

2012-2014 жылдары – Астана қаласының Ұлттық медициналық холдингінің «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ-ның директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесіндегі қызметін атқарды;

2013 жылы – Кеңес Рақышевпен және басқа да меценаттармен бірге Қазақстанның жас кәсіпкерлерін қолдау мақсатында «Өз бизнесіңді құр» байқауын құрды;

2017 жылы – балалар үйінің түлектеріне арналған «Мейірім» атты жасөспірімдер үйін салды;

2017-2021 жылдары – Алматы, Семей, Петропавл, Ақтау қалаларында 4 жедел балалар хирургиясы бөлімшелерін салып, оларды жабдықтады.

2019 жылы – CAIER базасында Қазақстандағы Каспий итбалығын зерттеу және оңалту бойынша орталығын құрды.

2017-2021 жылдары – Каспий итбалығы популяциясын зерттеу және сақтау бойынша 5 халықаралық экспедиция ұйымдастырды;

2020 жылы – Шоқана Уәлиханов атындағы жеке меншік мектебін салды.

2021 жылы – «Домбыра дастаны» балалар республикалық байқауын ұйымдастырды.

Қайырымдылық жобалары Қазақстанның 20 қаласында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 62 арнайы «Инватакси» жұмыс істейді. Халықаралық стандарттарға сай келетін бірнеше шұғыл балалар хирургиясы орталықтары салынды және жабдықталды. Дарынды жастарды қолдау және олардың жетекші жоғары оқу орындарында білім алуына жағдай жасау мақсатында «Әлем» бағдарламасын іске қосты. 2008 жылы Лондонда және 2012 жылы Нью-Йоркте қазақ өнері мен зергерлік бұйымдарының көрме-аукциондарын ұйымдастырып, түскен қаражатты қайырымдылыққа жұмсады.

Экологиялық қызметі 2012 жылы Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтын құрды. Институт қоршаған ортаны қорғау, қалдықтарды кәсіби кәдеге жарату және биотехнология саласында ғылыми зерттеулер жүргізеді.

Ақтау қаласында Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығын ашты. Оның бастамасымен және ғылыми экспедициялардың нәтижесінде Каспий итбалығы (Pusa caspica) Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілді.

Кәсіпкерлік қызметі Органикалық косметика сататын био-бутиктер желісінің иесі. Желі құрамында дәріхана, косметологиялық кабинет және парфюмерия бөлімдері бар. 2022 жылы құрылған «Telli Öndiris» ЖШС, сабын, парфюмерия және косметика өндірісіне маманданған кәсіпорын. Оның салық аударымдары 191 млн теңгені құрады. 2023 жылы Тасмағамбетова Asiya жаңа косметикалық брендін іске қосты. Бренд өнімдері Алматыдағы жеке зауытта шығарылады. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 30 млн бірлік өнімді құрайды.

Қарағанды облысындағы «Балқаш түсті мет» кәсіпорнының қалдықтарындағы мыс пен басқа да компоненттерді барлаумен айналысатын компанияның үлескері.

Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектебі Алматы қаласында орналасқан Шоқан мектебі жекеменшік мектебінің құрылтайшысы. Мектеп 1350 орынға есептелген, қазіргі уақытта онда 1200 бала білім алуда. 2020 жылы мектептің жаңа ғаимараты іске қосылды. Мұнда 9-11 сынып оқушылары оқиды.

2024 жылдың қаңтарында білім беру саласындағы басқарушы және педагогикалық кадрларды даярлауға арналған Shoqan Academy жобасын іске қосу жоспарлары жарияланды.

Кеңес Рақышев 2025 жылы Әсел Тасмағамбетова өзі бас директор болып табылатын Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектептегі 9% үлесті сыйға тартты. Сыйға тарту туралы шешім 2025 жылғы 8 шілдеде қабылданды. Осылайша, Рақышев мектеп иелерінің құрамынан тікелей қатысушы ретінде шықты. Мектептің 91% үлесіне иелік ететін Fincraft Group (Рақышевқа тиесілі бас компания).

2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Shoqan School-дың жарғылық капиталы 9,05 млрд теңгені, меншікті капиталы 7,3 млрд теңгені құрады. Қаржылық есептілікке сәйкес, мектеп 2024 жылды 459 млн теңге шығынмен аяқтады (2023 жылы шығын 391 млн теңге болған). 2025 жылдың маусымында мектеп KASE (Қазақстан қор биржасы) арқылы облигацияларын орналастырып, 1 млрд теңге инвестиция тартты.

Оқу орны Forbes журналының «Алматы мен Астананың үздік 25 жекеменшік мектебі – 2025» рейтингінде жылдық табысы шамамен 4,29 млрд теңгемен 8-орынды иеленді. Оқу құны 1–4 сыныптар үшін айына 450 мың теңге, 5–11 сыныптар үшін 400 мың теңге, оған қоса 520 мың теңге көлемінде бастапқы жарна төленеді. 2018 жылдан бастап мектеп 2 млрд теңгеден астам салық төлеп, мемлекеттік сатып алулар аясында «Қаржы орталығы» АҚ-мен 745,6 млн теңгеге 5 келісімшарт жасасты.

2024 жылдың 29 ақпанында Алматы қаласындағы Fincraft Group штаб-пәтерінде кәсіпкерлер Кеңес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетованың жаңа жобасы — byb capital венчурлік қорының таныстырылымы өтті. Қордың атауы ағылшын тіліндегі «build your business» (өз бизнесіңді құр) тіркесінің аббревиатурасынан алынған. Орталық Азия мен Кавказ өңірлеріне бағытталған, сондай-ақ АҚШ пен Еуропа сияқты ірі нарықтарға шығуды көздейтін жаңадан басталған B2B-SaaS (бизнеске арналған бағдарламалық қамтамасыз ету) компанияларына қолдау көрсету.

Марапаттары «Құрмет» ордені (2016) — қоғамдық және қайырымдылық қызметі үшін. Семей қаласының құрметті азаматы — балалар медицинасын дамытуға қосқан үлесі үшін.

Жеке өмірі Әкесі: Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов — мемлекеттік қайраткер. Жұбайы: Кеңес Хамитұлы Рақышев — кәсіпкер, инвестор. Отбасы: Екі ұлы және екі қызы бар. Сіңлісі — София Тасмағамбетова, танымал суретші. Әсел Тасмағамбетова әлеуметтік желілерде жеке аккаунттар жүргізбейді және БАҚ-қа сұхбат беруден бойын аулақ ұстайды, негізгі назарын ғылыми және қайырымдылық жобаларға аударады.

Дереккөздер

Санат:Кәсіпкерлер Санат:Қайырым жасаушылар