Анна Леонидовна Ракитина — ресейлік дирижëр.
Өмірбаяны Анна Ракитина 29 сәуірде 1989 жылы Мәскеуде музыкаға толы отбасында дүниеге келген (әкесі-украин, анасы-орыс хор дирижëрі). Музыкалық білімін жастайынан скрипкашы ретінде бастаған, кейін музыкатану саласын оқыған. П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясын музыкатанушы мамандығы бойынша (2012) кейін опера және симфониялық дирижëрлеу кафедрасын (доцент Станислав Дяченко сыныбында) 2016 жылы бітірген. Германиядағы Гамбург қаласында Музыка және театр жоғары мектебін профессор Ульрих Виндфур сыныбында (2018) аяқтаған.
Шеберлік-сыныптар мен тағылымдама Геннадий Рождественский, Владимир Юровский, Бернард Хайтинк, Иоганнес Шлефли сынды ұстаздардың шеберлік-сыныптарына қатысқан. Швейцарияда Люцерн фестивальінде 2016 жылы атақты дирижëр Алан Гилберттің шеберлік-сыныбына және 2022 жылы итальяндық дирижëр Фабио Луизи жетекшілігімен «Консертгебау» нидерландтық оркестрімен «Ammodo» шеберлік-сыныбына қатысқан.
Якутия мемлекеттік опера және балет театрында тағылымдамадан өткен, онда П.И.Чайковскийдің «Евгений Онегин» және «Иоланта»; Дж.Пуччинидың «Богема»; С.Прокофьевтің «Золушка» балет-операларын дирижëрлеген.
Мансабы Әлемнің жетекші оркестрлерімен өнер көрсеткен, олардың қатарында Бостон симфониялық, Чикаго симфониялық, Сан-Франциско симфониялық, Бирмингем симфониялық, Нью-Йорк филармониялық, Лос-Анджелес филармониялық, Лейпциг Гевандхаус оркестрі, Дрезден мемлекеттік капелласы, Франция радиосының филармониялық оркестрі, Берлин радиосының симфониялық оркестрі, Швеция радиосының симфониялық оркестрі, Йомиури Ниппон симфониялық оркестрлері бар.
2019–2023 жылдары дирижëр Андрис Нельсонс жетекшілігімен Бостон симфониялық оркестрінің дирижёр-ассистенті қызметін атқарған, оркестр тарихында бұл лауазымды иеленген екінші әйел дирижëр болды. Ең алғашқы осы оркестрде ресми түрде дирижëр-ассистент қызметін атқарған Сиëн Сон корейлік әйел дирижëр 2007 жылы дирижëр Джеймс Левин жетекшілігімен болған.
2019–2020 жылдар маусымында Лос-Анджелес филармониялық оркестрде дирижëр Густаво Дудамель бағдарламасының жас дирижëрлерге арналған стипендиаты (Dudamel Conducting Fellowship) болған.
Жеке жобалары Дирижёр Сергей Акимовпен бірлесіп «Affrettando» камералық оркестрін құрған. Оркестр сирек орындалатын және қызықты репертуарға маманданған болатын.
Байқаулар мен марапаттар Халықаралық дирижёрлер байқауларының лауреаты: III дәрежелі сыйлық — TCO International Conducting Competition (Тайбэй, Тайвань, 2015) II дәрежелі сыйлық — Malko Competition (Копенгаген, Дания, 2018) III дәрежелі сыйлық — Deutscher Dirigentenpreis (Кёльн, Германия, 2017)
Сондай-ақ 2014 және 2015 жылдары Румынияның Бухарест қаласында өткен «Jeunesses Musicales Conducting Competition» атты халықаралық дирижёрлер байқауына екі мәрте қатысқан.
2025 жылы классикалық музыкаға қосқан үлесі үшін Еуропалық мәдениет премиясына (European Culture Prize) ие болды.
Көзқарасы «Музыкалық өмір» (орысш. Музыкальная жизнь) журналына берген сұхбатында былай деген: «Кәсіби тұрғыдан мен дирижëрлеудің әмбебап стиліне жақындауға тырысамын, сонда музыка тыңдағанда немесе орындағанда адамдар дирижёрлік тұғырда ер адам тұр ма, әлде әйел адам тұр ма деп ойламайды.»
Тағы қараңыз Қазақстандағы әйел дирижёрлер жайлы жазылған алғашқы мақала Әйел дирижёрлер (тізім)
Дереккөздер
Әдебиет Орлов, Дмитрий Михайлович. Женщины дирижёры - в оркестрах стран мира : [16+] / Д. М. Орлов. — Москва : КнигИздат, 2023. — 273 с. : портр. : 21 см.; ISBN 978-5-4492-0528-5.
Сыртқы сілтемелер Сайты Operabase
Санат:Ресей әйел дирижёрлері Санат:Ресей дирижёрлері