Қырғызстан тарихы () — қазіргі Қырғызстан аумағында ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейін болған тарихи оқиғалардың жиынтығы.

Қазіргі Қырғызстан аумағы Ұлы Жібек жолы бойында маңызды рөл атқарған. Бұл өңір Ферғана аңғары мен Тарим ойпаты сияқты ежелгі отырықшы-егіншілік аймақтардың арасында стратегиялық орын алған. Ежелгі және орта ғасырлар бойы бұл жерге иран, түркі және моңғол тілді көшпелі жауынгер халықтар үнемі ұмтылып отырған.

XIV ғасырда қырғыздар Моғолстанның солтүстік-шығыс аймақтарында, Анға-төре мен Булғачы ұлыстарында өмір сүрген. XV–XVI ғасырларда Тәңір тауы мен Памир-Алай өңірлерінде нығайған қырғыз тайпалары моғол тайпаларымен бірге Қырғыз хандығын құрып, біртұтас қырғыз этносын қалыптастырған. XVI–XVII ғасырларда қырғыздар қазақтармен одақтаса отырып, Яркенд хандығы, Бұхара хандығы және Ойрат хандығына қарсы күрес жүргізген.

XVIII ғасырда қырғыздар солтүстік аймақтарынан Жоңғар хандығы тарапынан уақытша ығыстырылғанымен, күресті тоқтатпай, Қоқан хандығымен бірге жоңғарлар мен Цинь империясының кеңеюіне қарсы тойтарыс ұйымдастырды. XIX ғасырдың басында қазіргі Қырғызстан аумағы толықтай Қоқан хандығының құрамына енді. Қырғыздар Қоқан әскерінің негізгі әскери күшіне айналып, хандықтағы саяси үстемдік үшін де белсенді күрес жүргізді.

Қоқан-Ресей соғысы нәтижесінде, 1876 жылы Қоқан хандығы жойылып, қазіргі Қырғызстан аумағының Ресей империясы құрамына қосылуы аяқталды. 1898 жылы қырғыздар Әндіжан көтерілісіне қатысты. 1916 жылы қырғыздар Орталық Азия көтерілісіне де қатысқан.

Кеңес өкіметі Түркістанда орнағаннан кейін ұлттық-аумақтық бөлініс жүргізілді. 1924 жылы Қырғыз автономиялы облысы құрылып, кейін Қырғыз АССР-іне айналдырылды. 1936 жылдан 1991 жылға дейін КСРО құрамында Қырғыз КСР ретінде болды.

Социализм кезеңі Қырғыз КСР түбегейлі өзгертті — республикада экономика, мәдениет, білім беру мен ғылым дамып, халықтың тұрмыс деңгейі артты. Жаңғыртудың оң нәтижелерімен бірге кеңестік кезең тоталитарлық режимнің жағымсыз көріністерімен де ерекшеленіп, көптеген адамдардың тағдырына қайғылы әсерін тигізді. 1991 жылғы 31 тамызда Қырғыз КСР КСРОдан тәуелсіздігін жариялады.

Тәуелсіздік алғаннан кейін Қырғызстан қоғамды демократияландыру, мемлекеттілікті нығайту және әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту жолында күрделі өтпелі кезеңді бастан өткеруде. Халықтың авторитаризмнің күшеюіне, сыбайлас жемқорлық пен непотизмнің басым болуына наразылығы 2005, 2010 және 2020 жылдары жаппай наразылықтарға және президенттердің биліктен кетуіне алып келді.

Тағы қараңыз Қырғыз қағандығы КСРО ыдырауы

Дереккөздер

Санат:Қырғызстан тарихы