Жылқыбай Гүлімжан Қызметқызы — Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, ғылым кандидаты, доцент. Өмір жолы 1962 жылдың 5 сәуірінде Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Кіші Қамқалы ауылында малшы отбасында дүниеге келген. 1969 жылы сол ауылдағы Кәрім Мыңбаев атындағы орта мектебіне барады. 1979 жылы орта мектепті бітіреді. 1979 -1984 жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (бұрынғы КазГУ) Филология факультетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқып бітіреді. 1984-1988 жылдар арасында жолдамамен Көкшетау облысы Зеренді ауданында, 1988-1993 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында мұғалім болып қызмет атқарды. 1993 жылдан бері Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде қызмет атқарды: 1993-2006 жылдары оқытушы, аға оқытушы, доцент қызметтерінде; 2006-2010 жылдары Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, университет профессоры, 2017-2023 жылдары Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды. Қазіргі таңда Қазақ филологиясы кафедрасында доцент қызметін атқарып келеді. 2000 жылы «Қазіргі қазақ тіліндегі етістік пысықтауыш» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 2006 жылы Тіл білімі бойынша доцент ғылыми атағын алды. Жылқыбай Гүлімжан Қызметқызы 20-ға тарта оқу құралдары мен 200-ге тарта ғылыми мақала авторы.
Жобалары 2018-2019 жж. «Түркістан - руханият бесігі» атты «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың «Туған ел - Туған жер» базалық бағыты бойынша Жоба орындаушысы.
2020-2022жж. ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан қаржыландырылатын АР08856398 «ХХІ ғасырдағы түркі әлемінің интеграциясы: қыпшақтық фактордың лингвистикалық аспектілері» атты ғылыми-зерттеу жобасының жетекшісі.
Жетістіктері Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы (2006), «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы - 2008» Білім және ғылым министрлігі ҰТО Алғыс хаты (2012, 2013, 2014) Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Ясауи» төсбелгісі (2016) Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалі (2021) «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы - 2023» «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісі (2025)