thumb|Төлеген Диметұлы

Төлеген Диметұлы (20 желтоқсан 1931, Сауран ауылы, Түркістан ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы) — ғалым-агроном, мақта шаруашылығының озат бригадирі, Ленин орденінің иегері.

Өмірбаяны 1931 жылы 20 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданының Сауран ауылында дүниеге келген. 1937 жылы мектепке барып, 1943 жылы жетінші сыныпты бітірді. Содан кейін Шымкент қаласындағы бір жылдық ауыл шаруашылығы училищесіне түсті. Оқуын Ташкент қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумында жалғастырды.

Еңбек жолын туған өңіріндегі «Шорнақ» ұжымшарында бастады. 1947 жылы Фрунзе ауданындағы машина-трактор станциясында агроном болып қызмет етті.

1954 жылдан СОКП мүшелігіне өтті. 1955 жылдың қазан айынан бастап Түркістан ауданындағы «Андреев» ұжымшарында партком хатшысы болды. 1956 жылдың қыркүйек айынан бастап Ә. Науаи атындағы ұжымшарға партком хатшысы болып ауысты. 1964 жылдан бастап мақта шаруашылығы бригадирі болып еңбек етті.

Ташкент ауыл шаруашылығы институтына сырттай оқуға түсіп, 1970 жылы жоғары білімді ғалым-агроном дәрежесіне ие болды.

Еңбек жетістіктері Мақта бригадирі болып жүріп, 1964 жылы гектарынан 30 центнерден өнім алды. Бұл көрсеткіш Мәскеу қаласында өткен ауыл шаруашылығы көрмесінде жоғары бағаланып, қола медальмен марапатталды. 1965 жылы гектарынан 34 центнерден өнім алып, алтын медальға қол жеткізді. 1966 жылы өнім көрсеткіші 43 центнерге жетті.

Төрт жылдық көрсеткіштің қорытындысы бойынша КСРО Жоғары Советі Президиумының Жарлығымен «Ленин» орденімен марапатталды. Сол жылы бригада мүшелерінің төрт адамы «Ленин» орденіне ие болды.

Қоғамдық қызметі Бірнеше дүркін ауылдық кеңестің депутаттығына сайланды. 1970—1980 жылдар аралығында екі рет Түркістан аудандық кеңесінің депутаты болды. 1972 жылы Ташкентте өткен Одақ мақташыларының съезіне Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д. Қонаевпен бірге қатысты.

1980 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық кеңесіне депутат болып сайланды. Сол жылы бесжылдықтың үздігі атанды.

Санат:1931 жылы туғандар Санат:20 желтоқсанда туғандар Санат:Қазақ агрономдары Санат:Ленин ордені иегерлері Санат:Түркістан ауданында туғандар