Вестерн (, сөзбе-сөз: «батыстық») — АҚШ-қа тән өнер бағыты. Вестерндердегі оқиғалар негізінен XIX ғасырдың екінші жартысында Жабайы Батыста — АҚШ-тың болашақ батыс штаттарында, сондай-ақ Батыс Канада мен Солтүстік Мексика аумағында өтеді. Вестерн өзіне комедия, экшн, детектив, триллер және тіпті фантастика сияқты әртүрлі жанрлардың көркемдік ерекшеліктерін біріктіре алады. Бұл бағыт алғаш рет XIX ғасырдағы көркем әдебиет пен кескіндеме өнерінде пайда болды. XX ғасырдың басында ол кинематографқа, ал кейінірек теледидар мен өнердің басқа да түрлеріне бейімделді. Кино жанры ретінде АҚШ-тан басқа елдерге таралып, олар уақыт өте келе вестерн негізінде жанрдың өзіндік нұсқаларын жасап шығарды.
Вестерннің ең қатты гүлденген кезеңі XX ғасырдың ортасына тұспа-тұс келді. ХХ ғасырдың екінші жартысында бұл жанрға деген қызығушылықтың біршама төмендегені байқалды, соған қарамастан американдық вестерндер мен олардың басқа елдердегі аналогтарын өндіру әлі де жалғасып келеді. Аргентинаның гаучо әдебиеті мен Аустралиядағы еуропалық қоныстанушылар туралы әңгімелер де вестерн бағытына өте жақын болып табылады. Әдебиет, бейнелеу өнері және ТД өнерінен бөлек, вестерн — бүкіл әлемде, әсіресе АҚШ-та кең таралған атқа міну стилі және ат спортының бір түрі. Вестерн ат спорты көптеген пәндерді қамтиды, ал оның жарыстары өте көп қатысушылар мен көрермендерді жинайды.
Жанрдың анықтамасы Вестерндердің оқиға орны ретінде әдетте АҚШ-тың батыс штаттары алынады, олар: Айдахо, Аризона, Вайоминг, Вашингтон, Калифорния, Канзас, Колорадо, Монтана, Небраска, Невада, Нью-Мексико, Оклахома, Солтүстік Дакота, Техас, Орегон, Оңтүстік Дакота және Юта штаттары.
Оқиға уақыты — шамамен 1860 жылдан бастап 1890 жылғы Вундед-Ни жылғасындағы қырғынмен аяқталған «Үндістер соғысы» деп аталатын кезеңді қамтиды. Кейбір вестерндер АҚШ-тағы Азамат соғысы (Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы соғыс) тақырыбын да қолданады. Сондай-ақ, кеңістік пен уақыт шекаралары Техастың тәуелсіздік үшін соғысын (1836) және Мексика революциясын (1910 жылдар) қамту үшін кеңейтіліп отырады.
Басқа елдерге таралуы Кейінірек вестерн бағыты басқа елдердің, соның ішінде Аргентина, Австралия, Бразилия, Ресейдің тарихи әрі ойдан шығарылған жағдайларына, тіпті ойдан шығарылған ғарыштық колонияларға да (мысалы, «Светлячок» телесериалы) бейімделді.
Сценарист әрі ғалым Эрик Р. Уильямс өзінің сценаристер таксономиясында вестернді толықметражды көркем фильмдер жіктелетін он бір басты супержанрдың бірі ретінде көрсетеді.
Дереккөздер
Санат:Кино жанрлары Санат:Вестерндер