«Have You Ever Seen the Rain?» () — Джон Фогерти жазған ән. Ол оның Creedence Clearwater Revival тобының Pendulum (1970) альбомына енгізіліп, 1971 жылы сингл ретінде жарық көрді. Ән хит-парадтардағы ең жоғары сатысына Канадада жетті, онда 1971 жылдың наурызында RPM журналы басып шығаратын RPM100 ұлттық синглдер чартында бірінші орынға ие болды. АҚШ-та дәл сол жылы бұл сингл «Billboard» журналының «Hot 100» чартында 8-орыннан көрінді (тізімде ол «Have You Ever Seen the Rain?» / «Hey Tonight», яғни «Б» жағындағы «Hey Tonight» әнімен бірге көрсетілген), ал «Cash Box» журналының поп-чартында 3-орынға тұрақтады. Ұлыбританияда сингл 36-орынға дейін көтерілді. Бұл Creedence Clearwater Revival тобының сатылым бойынша «алтын» мәртебеге ие болған сегізінші синглы еді.
Кейбіреулер бұл әнде Вьетнам соғысы туралы сөз болады, ал «жаңбыр» — аспаннан жауған бомбалардың метафорасы деп топшылады. Ал Марк Деминг AllMusic сайтына жасаған шолуында бұл әннің 1960-жылдардағы идеализм және оның «Альтамонт» фестивалі (1969) мен Кент университетіндегі наразылыққа шыққан студенттерді ату (1970) сияқты оқиғалардан кейін қалай өшкені туралы екенін алға тартады. Оның пайымдауынша, Фогерти 1960-жылдардағы мәселелер мен сол кезде күрескен идеялардың 1970-жылдары да өзекті болып қалғанына қарамастан, бұл уақытта ешкімнің ештеңе үшін күреспегенін айтып шырқайды. Алайда Фогертидің өзі сұхбаттарында және концерттерде бұл әнді орындар алдында оның Creedence Clearwater Revival тобының ішіндегі барған сайын шиеленісіп бара жатқан қарым-қатынастар мен оның ағасы Томның топтан сөзсіз кетуі туралы екенін айтатын. Бір сұхбатында Фогерти бұл әннің өздері чарттардың шыңында тұрған кездегі жағдай туралы жазылғанын және шындық олардың атақ пен байлық туралы ең асқақ армандарынан да асып түскенін жеткізді. Олар бай әрі танымал болды, бірақ қандай да бір себептермен сол уақытта топтың барлық мүшелері күйзеліске түсіп, өздерін бақытсыз сезінген. Ал «Have you ever seen the rain, coming down on a sunny day» («Күн шуақты күні жауған жаңбырды көрдіңіз бе?») деген жолдар дәл осы жағдайды сипаттайды. Топ келесі жылдың қазан айында, яғни 1972 жылы Mardi Gras альбомы жарық көргеннен кейін тарап кетті.
Кавер-нұсқалары Ән бірнеше рет қайта шырқалды. Оны Smokie тобы, Бонни Тайлер, Род Стюарт, Джоан Джетт, Белинда Карлайл, Boney M., Ramones, The Ventures, Alpha Blondy және басқа да танымал орындаушылар мен топтар таспаға жазды. Spin Doctors тобының орындауындағы нұсқа «Филадельфия» фильмінің саундтрегіне енді.
КСРО-да бұл ән 1974 жылы Георгий Гаранянның жетекшілігіндегі «Мелодия» аспаптық ансамблі «Стены» (С62 04887 88) шағын альбомын жарыққа шығарған кезде танымал болды. Бұл күйтабаққа ансамбльдің күйсандықшысы Борис Фрумкин өңдеген Фогерти әнінің аспаптық нұсқасы да кірді (альбомның тысқабында композицияның атауы орыс тілінде жай ғана «Дождь» деп көрсетілген). Кейінірек Гарик Сукачёв пен «Кипелов» рок тобы да бұл әнге өз кавер-нұсқаларын жазып шықты.
Дереккөздер
Сыртқы сілтемелер
Санат:Creedence Clearwater Revival әндері Санат:1970 жылғы әндер Санат:Джоан Джетт әндері Санат:Ramones әндері Санат:Бонни Тайлер әндері Санат:Рок-балладалар Санат:Fantasy Records синглдері