Тоқтамыс пен Әмір Темір соғысы (1385–1395) — XIV ғасырда Алтын Орда ханы Тоқтамыс хан мен Әмір Темір (Ақсақ Темір) арасында болған ірі әскери қақтығыс.

Алғышарттары

Тоқтамыс хан мен Әмір Темір арасындағы соғыстың бірнеше себебі болды. Солардың бірі — Хорезм үшін талас еді. Әмір Темір Шағатай ұлысы мен Хулагу әулеті мемлекетінің мұрасына ғана емес, Алтын Орда құрамындағы Хорезмге де өз билігін орнатуға ұмтылды. Тоқтамыс үшін Алтын Ордадағы ұзаққа созылған ішкі алауыздықты тоқтатып, мемлекетті нығайту және Жошы әулетінің билігін қалпына келтіру басты міндет болды. Бату әулетінің орнына таққа Тоқа-Темір әулеті келгеннен кейін ол Алтын Орданың халықаралық беделін қайта көтеруге ұмтылды. Осы кезеңде оның сыртқы саясаттағы негізгі қарсыласына Әмір Темір айналды. Әмір Темір кезінде Тоқтамысқа билікке келуге көмек көрсеткенімен, кейін одан өзіне бағыныштылық күтті. Алайда Тоқтамыс жеке тәуелділіктен гөрі мемлекет мүддесін жоғары қойды. Парсы жылнамашысы Будақ Қазуинидің айтуынша, Алтын Орда ханы «қауіпті ортада өсіп, ешкімнің қамқорлығын қадірлемейтін адам болған».

XIV ғасырдың екінші жартысында Шыңғыс хан ұрпақтары билеген мемлекеттердің ішінде Алтын Орда ғана толық сақталып қалды. Сондықтан моңғол мұрасына әрі Тоқтамыс, әрі Әмір Темір ие болуға тырысты. Заңды Шыңғыс ұрпағы болған Тоқтамыс Әмір Темірдің, яғни Шыңғыс әулетіне жатпайтын билеушінің, Шағатай әулетінің атынан бұрынғы Шыңғыс ұлыстарының жерлеріне билік жүргізуін мойындамады. Сонымен қатар Тоқтамыстың өзі де Шағатай мен Хулагу мемлекеттерінің мұрасын өзіне қаратуды көздеген болуы мүмкін. Ашық текетірес дәл Әмір Темір бұрынғы Елхан мемлекетінің жерлерін жаулай бастаған кезде өршіді. 1385 жылдан бастап Тоқтамыс ханның сыртқы саясаты түгелдей Әмір Темірге қарсы күреске бағытталды. Әуелгі мақсат — қарсыласын Кавказ шекарасынан өткізбеу болса, кейін ол Мәуереннахрға жорық жасау туралы шешім қабылдады. Екі билеушінің текетіресі ақыры кең ауқымды соғысқа ұласып, оның шешуші кезеңдері 1391 және 1395 жылдары Алтын Орда жерінде өткен ірі шайқастар болды.

Соғыс барысы

Алғашқы ірі қақтығыс

1391 жылғы Көк Орда аумағындағы жорық Әмір Темірдің Кавказ арқылы шабуыл жасайтынын күткен Тоқтамыс негізгі күштерін Кавказ бағытында шоғырландырды. Ол қарсыласы Көк Орданың сусыз даласын кесіп өтуге тәуекел етпейді деп есептеді. Алайда Әмір Темір әскерін мұқият дайындап, қашқындардан алынған мәліметтердің көмегімен күтпеген жерден дала арқылы жорық жасады. Қарсыластың қозғалысын байқаған Тоқтамыс жедел түрде әскер жинап, жауды ел ішіне тереңірек енгізіп әлсірету үшін «күйдірілген жер» тактикасын қолданды.

Шешуші шайқас 1391 жылғы 18 маусымда Қондырша өзені бойында өтті. Ұрыстың алғашқы кезеңінде Алтын Орда әскері тактикалық басымдыққа ие болды. Орда жасақтары қарсыластың қанатын айналып өтіп, Әмір Темір әскерінің тылына шықты және оның бірқатар бөлімдерін қоршауға алды. Нәтижесінде Темір әскері өте ауыр жағдайға түсті. Алайда шайқастың тағдырын Алтын Орда әмірлерінің бір бөлігінің сатқындығы шешті. Қанаттарды басқарған кейбір қолбасшылар алдын ала келісілген түрде шегініп, әскердің сапын бұзды. Осы мүмкіндікті пайдаланған Әмір Темір орталықтан қарсы шабуылға шығып, Тоқтамыс әскеріне ауыр соққы берді. Тоқтамыстың жеңілуіне қарсыластың күтпеген бағыты ғана емес, сондай-ақ Әмір Темірдің көптеген жорықтарында қолданған қолбасшылар мен ту ұстаушыларды сатып алу саясаты да әсер етті. Сыртқы саясат және коалиция құру әрекеттері

Жеңістен кейін Әмір Темір кері шегініп, әскері жолай Алтын Орда қалалары мен қоныстарын ойрандап, жергілікті халықты тұтқынға әкетті. Бұл жорықтағы оның негізгі мақсаты Дешті Қыпшақтың демографиялық және экономикалық әлеуетіне соққы беру болды. Соған қарамастан, 1392 жылдың жазына қарай Тоқтамыс хан Алтын Ордадағы билігін толық қалпына келтірді. 1394 жылдың басында Алтын Орданың елшілері Мысырға барып, Мамлүк сұлтанына Әмір Темірге қарсы бірлескен әскери қимылдар жүргізуді ұсынды. Осы кезеңде Алтын Орда, Осман мемлекеті және Мамлүк сұлтандығы Әмір Темірге қарсы кең ауқымды одақ құру жөнінде келіссөздер жүргізді. Араб тарихшысы Ибн Тағрибердидің мәліметінше, бұл коалиция құрамына Тоқтамыс хан, Осман сұлтаны І Баязид, Мамлүк сұлтаны Барқуқ, Сивас әмірі Ахмед Бурханеддин, Қара Қоюнлы билеушісі Қара Жүсіп, Жалайыр әулетінің өкілдері және Мардин билеушісі кірген.

Екінші ірі қақтығыс

1395 жылғы Кавказ арқылы жорық

1394 жылы Әмір Темірдің Дариял шатқалын басып алу әрекеті сәтсіз аяқталды, өйткені Алтын Орда әскері оның тылына шығып, жабдықтау жолдарын кесіп тастады. Тоқтамыстың белсенді қорғанысқа дайын екенін түсінген Әмір Темір қысты Солтүстік Әзербайжанда өткізіп, қосымша күш жинады. 1395 жылдың көктемінде ол қайта шабуылға шықты. Тоқтамыс Терек өзенінің сол жағалауында бекініп, қарсыласын өткел үстінде соққыға жығуды жоспарлады, алайда Әмір Темір айла қолданып, өзенді басқа жерден кесіп өтті. 1395 жылғы 15 сәуірде Терек өзені бойында үш күнге созылған шешуші шайқас басталды. Шайқастың алғашқы күні Алтын Орда әскері басымдыққа ие болды. Орда әскерінің оң қанаты жалған шегіну тәсілін қолданып, қарсыласты тұзаққа түсіріп, олардың жасағын талқандап, Әмір Темірдің лагеріне басып кірді. Әмір Темірдің өзі қоршауда қалып, арбалардан тұрғызылған қорғанның арқасында ғана тұтқынға түсуден аман қалды. Алайда үшінші күні Алтын Орда әмірлерінің бір бөлігінің сатқындығы шайқастың тағдырын қайта өзгертті. Әмір Ақтау бастаған бірнеше қолбасшы әскерлерімен бірге майданнан кетіп, нәтижесінде Алтын Орданың сол қанаты бұзылып, Тоқтамыс әскері жеңіліске ұшырады.

Жеңістен кейін Әмір Темір бір жылдан астам уақыт бойы Алтын Орданың қалаларын жүйелі түрде қиратып, оның экономикалық қуатын әлсіретті. Соған қарамастан, ордалықтардың қарсылығы партизандық соғысқа ұласып, Темір әскері арасында аурулардың таралуы мен мал шығынының көбеюі салдарынан ол 1396 жылдың көктемінде Кавказ арқылы Иранға шегінуге мәжбүр болды. Тоқтамыстың жеңілу себептері

Тоқтамыстың жеңілуіне бірнеше өзара байланысты факторлар әсер етті. Олардың ішінде стратегиялық тосындық, Әмір Темірдің тактикалық артықшылықтары және Алтын Орда әмірлерінің бір бөлігінің сатқындығы шешуші рөл атқарды. Әмір Темірдің күтпеген жерден шабуыл жасауы Тоқтамысқа толыққанды жұмылдыру жүргізуге, әскерін мұқият даярлауға және балама соғыс жоспарын жасауға мүмкіндік бермеді. Соның салдарынан негізінен халық жасақтарынан құралған Алтын Орда әскері қарсыласынан саны жағынан да, ұйымдасу деңгейі жағынан да әлсіз болды. Сонымен қатар Әмір Темір қорғанысты тиімді ұйымдастырып, қарсы шабуылға жылдам көшуге мүмкіндік беретін жаңа тактикалық тәсілдерді қолданды.

Шайқастың тағдырын шешкен басты себептердің бірі – Әмір Темірдің Алтын Ордадағы беделді қолбасшыларды өз жағына шығара білуі болды. Бұл әрекетке Едіге, Темір-Құтлық және Тоқтамысқа қарсы тұрған басқа да ықпалды тұлғалар қолдау көрсетті. Әмір Темір өз жорықтарында қарсы жақтың ту ұстаушыларын және қолбасшыларын сатып алу сияқты тәсілдерді жиі қолданған. Ұлы тудың құлауы әскер арасында қолбасшы қаза тапты деген жалған әсер туғызып, үрейдің таралуына және әскердің бытырауына әкелетін.

Қолбасшылардың опасыздығы Тоқтамыстың өз жазбаларында да, тәуелсіз деректерде де көрініс тапқан. Польша королі Ягайлоға жолдаған хатында Тоқтамыс шешуші сәтте Бекболат, Қожа Мәдин, Бекгіш және Тұрдұшақ Берді Дәуіт сияқты әмірлердің алғашқылардың бірі болып майданнан кеткенін атап көрсетеді. Бұл мәлімет Ибн Халдунның еңбектеріндегі деректермен де үндеседі. Оның жазуынша, Әмір Темір Алтын Орда әмірлерінің бір бөлігімен және Бекболат оғланмен жасырын келіссөздер жүргізген. Осыдан кейін туындаған алауыздық пен сатқындардың шайқас алаңынан кетуі Тоқтамыстың толық жеңілуіне алып келіп, кейін Бекболат Сарай қаласын уақытша өз бақылауына алды.

Дереккөздер

Санат:Алтын Орда шайқастары