Агамемнон () — ежелгі грек мифологиясындағы Микен патшасы, Гомердің «Илиада» поэмасының басты кейіпкерлерінің бірі, әрі поэманың басталуына түрткі болған Ахилл екеуінің арасындағы жанжалдың басты кейіпкері. Ол патша Атрей мен патшайым Аэропаның ұлы (немесе немересі), Менелайдың ағасы, Клитемнестраның күйеуі және Ифигения, Ифианасса, Электра, Лаодика, Орест пен Хрисофемиданың әкесі.Гомер, Илиада 9.145.

«Илиадада» Агамемнон екі түрлі қырынан көрінеді. Бір жағынан ол – ержүрек жауынгер, екінші жағынан – тәкаппар әрі көнбейтін мінезді жан. Қолбасшы Агамемнонның дәл осы соңғы қасиеттері көптеген қайғылы оқиғалардың туындауына себеп болды. Агамемнон Тиндарейдің қызы Клитемнестраға үйленді, ал оның ағасы Менелай басқа қыз – Сұлу Еленаны жар етіп алды. Еленаны троялық ханзада Парис алып қашқаннан кейін Троя соғысы басталды. Трояны жеңіп алған Агамемнон Микенге оралды. Патшаның жоғын пайдаланған Клитемнестраның Егисф есімді ғашығы пайда болды. Олар бірігіп қаскөйлік құрды, соның салдарынан Агамемнон мен Троядан өзімен бірге әкелген күңі Кассандра қаза тапты.

Антика зерттеушілері Агамемнон туралы мифтерден б. з. б. XIV–XII ғасырлардағы Микеннің өркендеуін және оның басқа ежелгі грек қалалары арасындағы үстем рөлін көреді. Олардың пікірінше, жоғарғы құдай Зевстің «Агамемнон» эпитеті бұл патшаның тарихи прототипі уақыт өте келе өз халқының жартылай құдай қамқоршы-қаһарманына айналғанын көрсетеді. Кейіннен олимпиадалық он екі құдай жүйесі қалыптасу кезеңінде бұл функциялар Зевске өтті.

Агамемнонның өмірі, өлімі және оның ұлы Оресттің кейінгі кегі туралы мифологиялық сюжет Антика дәуірінде де, Жаңа және Ең жаңа замандарда да көптеген трагедияларға арқау болды. Сондай-ақ бұл тарих бірқатар опералық шығармалар мен кантаталардың либреттосынан да орын тапты.

Дереккөздер

Санат:Ежелгі грек мифтерінің кейіпкерлері Санат:Троя соғысына қатысушылар Санат:Микен патшалары Санат:Энеида кейіпкерлері