1929 жылғы сәуір айында өткен Бүкілодақтық партия конференциясы СССР халық шаруашылығын дамытудың бірінші бесжылдық жоспарын (1928-32) қабылдады. Онда еліміздегі қорғасын мен басқа металдар өндірудің ең басты көзі болып саналатын Риддер қаласына да үлкен маңыз берілді. Риддер кен-металлургия комбинаты алғашқы жылы-ақ өзінің өндірістік бағдарламасын төрт есе өсіруге тиіс болды. Мұндай ауқымды міндеттерді орындап шығу үшін комбинат кәсіпорындарында социалистік жарыстар кеңінен өріс алды. Бесжылдықтың алғашқы жылдарында өндірістік нормаларын 140-160 пайызға орындаушы 10 бригада өмірге келді.

Баспа ісінің даму жолы Риддер жұмысшыларын кен-металлургия өндірісін дамытуға, қоғасын балқыту мен сирек те бағалы металдар алуға, екпінділер қозғалысын кеңейтіп, өнертапқыштар мен жаңашылдар жұмысын, еңбектің озық тәсілдерін насихаттауда 1929 жылғы 1 маусымнан бастап жарық көре бастаған қалалық орыс газетінің рөлі ерекше үлкен болды.Оның алғашқы отыз номері "Горняк в соревновании" деген атпен, одан соң "Риддерский рабочий" болып шыға бастады.

Облыстағы баспа ісі қашан дүниеге келді, қандай басылымдар жарық көрді, ХХ ғасыр басындағы кезеңнің ақпараттық кеңістігі қандай еді? Ол кездегі Шығыс Қазақстан облысының орталығы Семей қаласы — халықтың рухани орталығы да болды. Және мұнда баспа ісі, баспа өнімдерін, газет шығару ертеректен қолға алынған. Мәселен, үкіметтің жарлықтары, губернатордың бұйрықтары тұрақты жарияланып тұрған алғашқы басылым — "Публикации по Семипалатниской области" газеті 1863 жылдан, ал "Семипалатинские ведомости" газеті 1780 жылдан шыға бастаған.

Ал Өскеменде жеке кәсіпкер А. Горловтың баспаханасында бірінші дүниежүзілік соғыс майдандарындағы жағдай туралы деректерді жария еткен алғашқы газет — "Телеграммы Российского телеграфного агентства" 1914 жылдан жарық көре бастады.Одан соң Семейде "Памятная книжка Семипалантиской области", "Сельскохозяйственный листок", "Адрес-календарь Семипалатинской области", "Семипалатинский листок" сияқты түрлі ведостволық газеттер шығып тұрды.

Қазақ халқының ұлттық мақсат-мүддесін қолдап, жаңа өмірге алғаш жігерлендірген орыс тілді басылымның бірі — "Семипалатинский листок" газеті. Ә. Бөкейханов І Мемлекеттік Думаға Семей облысы қазақтары атынандепутат болып сайланады. Осы оқиғаға орай газет: "Редакция қазақ халқын нәтижелі сайлау қорытындысымен құттықтайды. Ә. Бөкейхановтың Мемлекеттік Думаға ұлт мүддесін қорғай алатын, қазақтың жоғын жоқтап, тілегін жеткізетін бірден-бір адам екеніне халқы сенсе керек" деп жазды.

Өскеменде 20-жылдары "Охотник Алтая" журналы, 1918 жылғы 13 наурыздан бастап жергілікті Совдеп органы — "Голос Алтая" деген атпен жарық көріп, кейінірек, 1924 жылдан "Крестьянский труд", 1930 жылғ,ы 18 қыркүйектен облыстық "Прииртышский коммунар" газеті болып жарық көре бастады.

Семейде 1917 жылдың 16 наурызынан "Қазақ тілі" газеті, 1928 жылдан бастап "Жаңа ауыл" аталып шыға бастады.

1930 жылы республика көлемінде огруктер жойылып, аудандар тікелей өлкеге бағынатын болғандықтан және бесжылдықтың тұңғышы болған Түркісіб теміржолының дәл ортан белі болуы себепті "Жаңа ауыл" газеті Аягөзге көшілірді.

Сонымен, 1930 жылы облыс көлеміндегі негізгі қазақ басылымдары — БК(б) ІІ Семей қалалық комитетінің органы ретінде шығып тұрған "Қызыл дала" газеті және Аягөздегі "Жаңа ауыл" болды. Өскеменде, Риддерде қазақ тіліндегі басылым деген мүлде болған жоқ.

Жалпы 1930 жылы Қазақ өлкесі бойынша қазақ тілінде шығатын газеттердің жалпы саны 14, ал олардың таралымы 133 мың болатын. Бұл әрине, аз деп табылып, бұл мәселе Қазақ өлкелік партия комитетінің Пленумында арнайы қаралды. Сол Пленумда Риддерде де қазақ газетін шығару қажеттілігі жөнінде мәселе шешімін тапты. Өлкелік партия комитетінің Үгіт-насихат және баспасөз бөлімі бұдан бұрынырақ 1928 жылы қазанда білімді газет қызметкерлерін даярлау туралы мәселе қарады. Олардың саны аз, барларының білімі саяз екенін көрсете келіп, нақты шаралар белгілеп, арнаулы қаулы қабылдады. Бұл қаулы қалың елдің ішінде жүрген сауатты интеллигенцияға, оқып жүрген жастар мен көзі ашық шаруа адамдарына қозғау салды. Оларды баспасөз төңірегіне топтастырды.

Өлкелік партия комитеті бұған дейін де аударма жұмысымен айналысып, "Колхоздардың ішкі тәртібі", "ауыл шаруашылығы артелінің үлгілі уставы" сияқты кітапшаларды қазақшалаған, шағын мақала, өлеңдер жазып, басылымдармен байланыста болып жүрген Ақмола қаласы прокурорының көмекшісі Мақсұт Тайшыбаевты Алматыға шақыртып алады. "Газета жұмысына жіберілетін болғандықтан Тайшыбаевты шұғыл түрде өлкелік партия комитетінің қарамағына жіберіңіз. Щипков" деген шақыртумен 1931 жылы шілде айында Мақсұт Тайшыбаев Өлкелік комитет "Еңбекші қазақ" газеті партия секторы бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалады. Сол жерде екі айдай "сынақтан" өткізіп алған соң Өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Ф.И. Голощекиннің қолымен "Тайшыбаев жолдас Риддердегі қазақ газетінің редакторы болып тағайындалсын" деген бұйрық шығарылды. Сонымен республиканың Шығыс өңірінде тұңғыш ашылмақ қазақ газетінің алғашқы редакторы 1931 жылы 1 қыркүйекте еліміздегі аса ірі өндіріс өңірінің бірі саналатын Риддерге келіп, қыруар дайындық жұмыстарын жүргізе отырып, сол жылғы 24 қазанда "Жұмысшы" аталған қазақ газетінің бірінші санын жарыққа шығарады.

"Жұмысшы" алғашында қалалық "Риддерский рабочий" газетінің бес күнде екі рет шығатын қазақша беті ретінде жарық көріп жүрді де, 1932 жылдың жаңа жылынан бастап жеке шаңырақ көтерді.

Дереккөздер: Бабинцев С.М. Заметки о периодике Семипалатинского края. Записки Семипалатинского отдела общества изучения Казахстана. — Семипалатинск, 1931. — 135 с. Қасымов А. Тарихи жол. Шығыс Қазақстан облыстық "Дидар" газетінің даму жолдары. — Өскемен, "Шығыс ақпарат" баспасы, 2011. — 232 б.