Fallen () — 2003 жылғы 4 наурызда Wind-up пен Epic Records лейблдерінде жарық көрген американдық Evanescence рок тобының дебюттік студиялық альбомы. Бірнеше мини-альбом (EP) және демо-диск шығарғаннан кейін, топ 2001 жылдың қаңтарында Wind-up компаниясымен келісімшартқа отырды. Альбом материалдарын шығару жұмыстары топ құрыла бастаған кезден басталған еді; альбомға енген бірнеше ән топтың ертеректегі релиздерінде де болған. Fallen 2002 жылдың тамызы мен желтоқсаны аралығында бірнеше жерде, соның ішінде Голливудтағы (Калифорния) Conway Recording Studios студиясында жазылды. Бұдан кейін Conway Recording Studios (Солтүстік Голливуд) студиясында екі апталық микстеу кезеңі өтті. Бұл — альбом жарық көргеннен кейін көп ұзамай топтан кеткен гитарист Бен Мудидің қатысуымен жазылған Evanescence-тің жалғыз альбомы.

Fallen — Америка Құрама Штаттарында 8 миллионнан астам данамен және бүкіл әлем бойынша 17 миллионнан астам данамен сатылған топтың бүгінгі күнге дейінгі ең коммерциялық табысты альбомы, бұл оны XXI ғасырдың ең көп сатылған 5-ші альбомы етеді. Ол Billboard 200 чартында алғашқы аптасында 141 000 данамен жетінші орында дебют жасап, соңғы нәтижесінде 2003 жылдың маусымында үшінші орынға дейін көтерілді. Альбом оннан астам елдің чарттарында көш бастады және Америка дыбыс жазу қауымдастығы (RIAA) тарапынан жеті дүркін «платиналық» деп сертификатталды.

Fallen музыка сыншыларының тарапынан негізінен оң пікірлер алды. Альбомнан төрт сингл жарық көрді: «Bring Me to Life», «My Immortal», «Going Under» және «Everybody's Fool». «Bring Me to Life» пен «My Immortal» туындылары Аустралия, Ұлыбритания және Америка Құрама Штаттарын қоса алғанда, оннан астам елдің чарттарына енді. Evanescence 2004 жылы «Грэмми» сыйлығының бес номинациясына ұсынылды: «Жыл альбомы», «Үздік рок-альбом», «Үздік рок ән», «Үздік хард-рок орындау» және «Үздік жаңа орындаушы». Топ осы санаттардың соңғы екеуінде жеңіске жетті. Келесі жылы өткен салтанатты шарада альбом «My Immortal» әні үшін «Дуэт немесе топтың үздік вокалдық поп-орындауы» номинациясына да ұсынылды. Альбомды одан әрі насихаттау мақсатында Evanescence 2004 жылы хедлайнер ретінде өздерінің алғашқы концерттік турына — The Fallen Tour сапарына аттанды. Осы өнер көрсетулердің бірінен жазылған жанды дауыстағы концерттік альбом сол жылы Anywhere but Home деген атаумен жарық көрді.

Алғышарттары мен жазылуы 1995 жылы Эми Ли мен Бен Муди құрған Evanescence тобы үш EP пен бір демо-диск шығарды. 2001 жылдың қаңтарында олар өздерінің алғашқы мейджор-лейблі — Wind-up Records компаниясымен келісімшартқа отырды. Fallen альбомына арнап ән жазу процесі сегіз жылға созылды; MTV арнасына берген сұхбатында Бен Муди Эми Лимен бірге «сегіз жыл ішнейінде екі немесе үш рет қана» бірлесіп ән жазғанын айтты.

thumb|left|Evanescence тобының 2003 жылы Моррисондағы (Колорадо) Red Rocks амфитеатрында өнер көрсетуі

Альбом Калифорниядағы Track Record, NRG Recording, Ocean және Conway Recording студияларында таспаға басылды. Негізгі дыбыс жазу сессияларының алдында әндер демо-нұсқа түрінде жазылған болатын, ал «My Immortal», «Imaginary» және «Whisper» туындылары Evanescence тобының ертеректегі жазбаларында да бар еді. Альбом 2002 жылдың тамыз айының соңынан желтоқсан айының басына дейінгі аралықта жазылып, микстелді. Жазу процесі Бербанк қаласындағы Ocean студиясында басталды, онда «Bring Me to Life» әні таспаға түсірілді. Кейінірек бұл жазба «Тәуекелшіл» фильмінің саундтрегі ретінде пайдаланылды. Осы ән үшін Джей Баумгарднер өзінің студиясында (Солтүстік Голливудтағы NRG Recording Studios) SSL 9000 J пультінде микс жасап шықты. Барабан партияларын Ocean студиясында музыкант Джош Фриз жазды.

Дэйв Фортман қалған соқпалы аспаптарды жазу үшін үлкен барабанның ішіне D112, сыртына U47 микрофондарын және сыртқы монитор ретінде Yamaha NS-10 динамигін пайдаланғанын айтты. Продюсер райд пен хай-хэт тәрелкелерін жазу үшін 414 микрофонын қолданып, барабандарды Studer пультіндегі екі дюймдік таспаға жазып алды, содан кейін бұл жолдарды Pro Tools бағдарламасына аударды. Гитаралар (Gibson Les Paul, Gibson SG) Mesa Boogie және Marshall күшейткіштері мен Бербанктегі Mad Dog студиясында тұрған ескі Mesa Boogie гитара кабинетя арқылы жазылды. Эми Лидің вокалы, фортепиано партиялары және Millennium хорының бэк-вокалы NRG дыбыс жазу студиясында таспаланды. Оркестрлік партияларды Дэвид Ходжес пен Дэвид Кэмпбелл аранжирледі, тек композитор Грэм Ревелл аранжирлеген «My Immortal» әні ғана ерекшелік болды. Fallen альбомы Солтүстік Голливудтағы Conway студиясында екі апта бойы микстеліп, Нью-Йорктегі Sterling Sound студиясында Тед Дженсеннің қатысуымен мастерингтен өтті.

Композициялар туралы ақпарат Эми Лидің айтуынша, «Going Under» — бұл бұрынғы эмоционалды және физикалық тұрғыдан күйретуші қарым-қатынастардың тарихы: «Сіз өз мүмкіндігіңіздің шегіне жеткенде, бірдеңе өзгеруі керек екенін және мұндай жағдайда бұдан әрі өмір сүре алмайтыныңызды түсінген сәт туралы. Бұл өте әсерлі. Бұл өте күшті ән». «Going Under» әні Fallen альбомынан екінші сингл ретінде жарық көрді. «Bring Me to Life» — қалыпты өлшемде жазылған және орташа қарқынмен (минутына 96 соққы) орындалатын ню-метал/рэп-рок стиліндегі туынды. Эми Ли, Бен Муди және Дэвид Ходжес бірлесіп жазған бұл ән ресторанда бір танысы Лиден қазіргі қарым-қатынасында бақытты ма, жоқ па деп сұраған кезде туындаған. Ли бақытты емес екенін сезінген сәттегі оның ой-толғаулары «Bring Me to Life» әнінің мәтініне арқау болды. Әнші бұл туындының өзі 2007 жылы тұрмысқа шыққан көптен бергі досы Джош Хартцлерге арналғанын растады.

Ли, Муди және Ходжес жазған «Everybody's Fool» әні екіжүзді атақты адамдар туралы баяндайды. VH1 телеарнасына берген сұхбатында Ли: «Менің сіңілім бұған қатты еліктейтін. Мен ешкімнің көңіліне тигім келмейді, бірақ маған әлгіндей өтірік, арзан әрі жеңілтек әйел кумирлер мүлдем ұнамайтын, бұл менің ашуымды туғызды. Сіңілім солар сияқты киіне бастағанда ол шамамен 8 жаста еді. Сондықтан мен онымен сөйлесіп, осы әнді жаздым». Муди мен Ли бірігіп жазған «My Immortal» фортепианолық рок-балладасы Муди жазған қысқа әңгімеге негеделген; альбом буклетінде ол бұл әнді өзінің атасы Билл Холкомбқа арнайды. «Haunted» әні де Мудидің Evanescence жанкүйерлерінің EvBoard.com форум-сайтында жарияланған қысқа әңгімесінің желісімен жазылған. «Tourniquet» әні бастапқыда құрамында Evanescence-тің болашақ мүшесі Рокки Грей болған Soul Embraced христиандық металл тобына арнап жазылған болатын. Evanescence тобының 1998 жылғы аттас EP алынған «Imaginary» әні бастапқыда Fallen альбомынан төртінші сингл ретінде шығарылады деп жоспарланған еді. «Taking Over Me» әнінің мәтіні Лидің басқа бір адамның оған деген шектен тыс құмарлығына бой алдырғанын баяндайды. «Hello» әні Лидің 1987 жылы үш жасында аурудан қайтыс болған әпкелерінің бірін еске алуға арналған. «My Last Breath» әнінің мәтіні эмоционалдық тұрғыдан аман қалуды зерттейді, ал атаудың өзі метафора ретінде алынған. «Whisper» әнінде Millennium вокалдық ансамблі бәсеңдетілген гитара дыбыстарының сүйемелдеуімен латын тілінде ән шырқайды, бірақ альбом буклетінде ансамбльдің ресми атауы жазылмаған, оның орнына әр вокалист жеке-жеке көрсетілген.

Қабылдануы

Fallen музыка сыншыларының тарапынан негізінен оң пікірлер алды. AllMusic-тен Джонни Лофтус альбом «шынымен де PG рейтингі бар синглдерде («Everybody’s Fool», «Going Under») ню-металл элементтерін қамтиды, бірақ Fallen туындысына көбіне Type O Negative сияқты симфониялық-готикалық рок топтары әсер еткен» деп жазды. Entertainment Weekly альбомды B- деңгейіне бағалады: «Қазіргі уақытта ню-металл деп атауға тым ескіріп кеткен бұл жанр әйелдерді былай қойғанда, керемет ұлы вокалист қыздарға толы емес. Evanescence-тің арканзастық тұңғиық рокерлерімен бірге өнер көрсететін вокалист Эми Ли — бұл қатардан тыс ерекшелік». Rolling Stone журналынан Кирк Миллер «вокалист Эми Ли «in my field of paper flowers» немесе «pouring crimson regret» өтіріктері туралы назды әуенмен шырқаған кезде, ол Fallen альбомына жаңа металл бағытындағы жігіттерде жетіспейтін жұмбақ әрі қорқынышты рухани реңк береді» деп атап өтті.

Billboard басылымынан Криста Титус альбомды «жоғары деңгейде өңделген оқиға» деп атады. Spin журналынан Мелисса Маерц оған бес жұлдыздың төртеуін берді: «Ню-металл бағыты Эндрю Ллойд Уэббердің театрландырылған стилінің реңкін алады; Ли өзінің фортепианода ойнау шеберлігін жетілдіріп, ішекті аспаптар секциясын қосады және маңызды мәселелерді — Құдай („Tourniquet“), Махаббат („Going Under“) және Өлім („Bring Me To Life“) тақырыптарын өзіне лайықты ұлылықпен ашады». PopMatters-тен Эдриен Бегранд альбомда «бірнеше трансцендентальды сәттер бар, бірақ музыкалық авантюризмнің мүлдем жоқтығы топты тек жалықтыратын ню-металл риффтерінде, мектеп деңгейіндегі пафосты айқайларда немесе, ең сорақысы, осы екеуінің де арасында бейберекет қалдырады» деген пікір білдірді. Бегранд Лидің «қалықтаған, сиқырлы, періштедей» дауысын мақтап, онсыз «Evanescence ештеңе де емес» болар еді деп жазды. The Austin Chronicle-дан Кристофер Грей альбомды «Лидің айқын талантын толық ашу үшін саны жағынан тым көп басымдыққа ие» деп сипаттады. Village Voice сыншысы Роберт Кристгаудың айтуынша, «Олардың Эми Лидің қатты сопрано дауысына енген сенімі готикалық металл жанрына айтарлықтай жағымды сипат береді». Ол әзілдеп: «Егер бұл готикалық металл болмаса, күлкілі болар еді» деп қорытындылады. 2017 жылы Rolling Stone Fallen альбомын «Барлық уақыттағы 100 ұлы металл альбомы» тізіміне енгізіп, оны «қорқынышты фильмдердің атмосфералық деңгейіне ие, қорқынышты әрі еркіндігі қатар жүретін күтпеген классика» деп атады.

Коммерциялық көрсеткіштері thumb|Эми Ли мен Бен Мудидің Барселонадағы Evanescence өнер көрсетуі, 2003 жыл Fallen коммерциялық табысқа қол жеткізіп, 2003 жылы жарық көрген сәттен бастап бүкіл әлем бойынша 17 миллионнан астам данамен сатылды. Альбом Billboard 200 чартында жетінші орында дебют жасап, алғашқы аптасында 141 000-нан астам данасы өтті, ал бүгінгі күнге дейін Америка Құрама Штаттарында 8 миллионнан астам данасы сатылды. Fallen 2004 жылдың ең көп сатылған сегізінші альбомы және 2000-жылдардың ең көп сатылған он тоғызыншы альбомы  атанды. 2011 жылдың қазан айына қарай альбом Billboard 200 чартында 106 апта бойы тұрды, оның 58 аптасын алғашқы жиырмалықта өткізді. 2003 жылдың 14 маусымында үшінші сатыға көтерілген туынды, 2010 жылдың 13 наурызында чартқа қайта еніп, 192-ші орыннан көрінді. Fallen Billboard 200 чартынан шығып қалғаннан кейін Top Pop Catalog Albums чартында 223 апта бойы тұрақтады. Америка дыбыс жазу қауымдастығы (RIAA) альбомды 2003 жылдың сәуірінде «платиналы» деп сертификаттады; 2008 жылдың маусымына қарай ол жеті дүркін «платиналық» мәртебесіне ие болды.

UK Albums Chart чартында Fallen 15 589 дана сатылыммен 18-ші орында дебют жасады. Альбом жеті аптадан кейін, «Bring Me to Life» синглі UK Singles Chart хит-парадын бастаған соң, бірінші орынға жайғасты. 2003 жылдың желтоқсанында 56 193 данасы өтті, бұл сатылым аптасындағы ең жоғары жетістік болды. Fallen үздік 20-лықтың ішінде 33 апта және үздік 75-тіктің ішінде 60 апта өткізді. Альбом Evanescence тобының екінші студиялық альбомы The Open Door жарық көргеннен кейін бір аптадан соң 35-ші орынға тұрақтап, британдық чартқа қайта енді. Ол басқа елдерде де үлкен табысқа жетті, өйткені оннан астам мемлекеттің чарттарында көш бастап, әлемнің жиырмадан астам елінде алғашқы ондыққа кіре алды. Nielsen SoundScan мәліметтеріне сәйкес, Canadian Albums Chart чартының алғашқы ондығында үш айдан астам уақыт бойы тұрған соң, Fallen 2003 жылдың 13 тамызында 8900 дана сатылыммен бірінші орынға көтерілді.

Даулары