Ягайло (шамамен 1350-жылдар / 1362, Вильно (болжаммен) — 1 маусым 1434, Городок, Русь воеводствосы) — Витебск кінәзі, 1377–1381 және 1382–1392 жылдары Литваның ұлы кінәзі, 1386 жылдан бастап ІІ Владислав Ягелло есімімен Поляк королі. Гедиминнің немересі, Литваның ұлы кінәзі Ольгерд пен Тверь ханшайымы Иулианияның ұлы. Еуропа тарихындағы әйгілі Ягеллондар (Яғайло ұрпақтары) әулетінің негізін салушы.Kazhdan, Alexander, ed. (1991). The Oxford Dictionary of Byzantium. Oxford and New York: Oxford University Press.
Балалық шағы Ягайлоның туған жылы мен жері нақты белгісіз. Зерттеушілер не шамамен 1350 жылды көрсетеді, немесе туған уақытын 1351 мен 1362 жылдар аралығындағы ауқымда белгілейді. Оның Ольгердтің 1350 жылы Тверь кінәзшасы Юлианиямен қиған екінші некесінен туғаны анық. Бұл некеден (1350 және 1377 жылдар аралығында) өте көп бала дүниеге келген (16 адамға дейін саналады).
Ягайлоның балалық шағында-ақ православие салтымен шоқындырылғаны айтылады. Оның христиандық есімі — Иаков.
1377 жылы ол әкесінің «ең сүйікті ұлы» ретінде ресми мұрагері атанғанға дейін оның өмірі туралы тарихи деректерде ешқандай мәлімет кездеспейді.
Билік үшін күрес 1377 жылы әкесі, ұлы кінәз Ольгерд қайтыс болғаннан кейін Ягайло Литваның ұлы кінәзі болып жарияланды. Өз туған бауыры Андреймен болған саяси қақтығыстан кейін Полоцк қаласын өз бақылауына алды. Брянск (1371) пен Смоленск (1375) қалаларынан кейін, ұлы кінәздің қарамағынан Волынь, Подолье (1377) және Северщина (1379/1380 ж.) аймақтары шығып кетті.Почекаев Р. Ю. Цари ордынские. Биографии ханов и правителей Золотой Орды. — СПб.: Евразия, 2010. — 408 с.
1380 жылдың қыркүйегінде Ягайло Мәскеу кінәзі Дмитрий Ивановичке (Донской) және мәскеушіл бағыттағы литва-русь ақсүйектеріне қарсы бірлесіп қимылдау үшін Алтын Орданың беглербегі Мамайдың әскерімен қосылуға аттанды. Алайда Дон өзеніне жетпей жатып, Мамайдың Куликов шайқасында ауыр жеңіліске ұшырағанын естіп, кейін бұрылды. Зерттеушілердің пікірінше, Дмитрий Донскойдың стратегиялық тұрғыдан алдын ала соққы беруінің арқасында литвалық және татарлық әскерлер бір-бірімен қосылып үлгермеген. Орыс әскері Дон өзенінің жоғарғы ағысынан өтіп, Куликово даласына шыққан кезде, Ягайло әлі шайқас алаңынан бір күндік жерде қалған болатын. Басқа бір болжам бойынша, Ягайло жол үстінде кері шегініп бара жатқан орыс әскеріне тұтқиылдан шабуыл жасап, үлкен олжаға кенелген, бірақ бұл жағдай соғыстың тарихи нәтижесін өзгерте алмады. Айта кетерлігі, оның әкесі бір туған бауырлары Андрей мен Дмитрий бұл ұрыста Мәскеу кінәзі Дмитрий Донскойдың жағында соғысты.Трепавлов В. В. История Ногайской Орды. — М.: Восточная литература, 2002. — 752 с.
1381 жылдың қазан айында Мәскеумен Алтын Ордаға қарсы негізде жақындасу саяси курсын жүргізген немере ағасы (әкесінің інісі) Кейстут тарапынан тақтан тайдырылды. Бастапқыда Кейстут Ягайло Тевтон орденіне қарсы күресті жалғастырады деп үміттеніп, оған қолдау көрсеткен болатын. Алайда көп ұзамай олардың арасында келіспеушіліктер басталды. Кейстут Ягайло шығыс майдандағы экспансиялық әрекеттерінен бас тартып, Ұлы Литва кінәздігінің бүкіл күшін батысқа, крестшілерге қарсы жұмсайды деп үміттенді. Ал Ягайло болса, Орденмен бітімге келіп, олар қоршауға алған Трок кінәздігін тағдыр тәлкегіне қалдыруды және бар күшін Русьқа бағыттауды жоспарлады. Көп ұзамай Кейстут Ягайлоның крестшілермен жасырын келіссөздер жүргізіп жатқанын біліп қойып, оны тақтан тайдырды.
Бірақ Ягайло күрестен бас тартпады және 1382 жылдың шілдесінде Тевтон орденінің әскери көмегі мен Орданың дипломатиялық қолдауының арқасында ұлы кінәздік тағын қайтарып алды. Кейстут Крев қамалына қамалды, онда кейбір дереккөздердің мәліметінше, ол шарасыздықтан өз-өзіне қол жұмсаған, ал басқа дереккөздер бойынша — Ягайлоның бұйрығымен буындырып өлтірілген (1382 жылдың 15 тамызы). Сондай-ақ Ягайло Кейстуттың әйелі Бірутаны да суға батырып өлтіруге бұйрық берді деген сөздер тарады.
1384 жылға Мәскеумен жасалған екі шарт тиесілі: оның біріншісі бойынша кінәздер Ягайло, Скиргайло және Дмитрий-Корибут Мәскеулік Дмитрийге, Владимирович Серпуховскийге және олардың балаларына адалдық танытып, крест сүйді. Ал бұрынғы Тверь кінәз ханымы Иулиания Александровнаның Дмитриймен жасасқан екінші шартында оның ұлы Ягайлоның Дмитрий Донскойдың қызына үйленуі қарастырылды. Бұл неке литва кінәзінің мәскеулік кінәздің жоғарғы билігіне бағынуы және православиені Ұлы Литва кінәздігінің мемлекеттік діні ретінде мойындауы шартымен ғана жүзеге асуы тиіс еді.
Ягайлоның немере ағасы Витовт әкесі Кейстутпен бірге Крев қамалына қамалған жерінен Тевтон орденінің ұлы магистріне қашып үлгерді. Ол неміс рыцарьларымен одақтаса отырып Ягайлоға қарсы күрес бастады және оны тығырыққа тіреді, нәтижесінде Ягайло Дубиса өзені бойындағы шарт бойынша Жемайтиядан бас тартуға мәжбүр болды және төрт жыл ішінде католик дінін қабылдауға міндеттенді (1384).
Әдебиет Почекаев Р. Ю. Цари ордынские. Биографии ханов и правителей Золотой Орды. — СПб.: Евразия, 2010. — 408 с. Трепавлов В. В. История Ногайской Орды. — М.: Восточная литература, 2002. — 752 с.
Дереккөздер
Санат:Литва Ұлы кінәздері