«Давид ди Донателло» () — Италияның ұлттық киномарапаты. 1956 жылдан бері жыл сайын Италия киноакадемиясы () тарапынан табысталып келеді. 2023 жылғы дерек бойынша 26 номинация бойынша беріледі.

Бұл сыйлық — XV ғасырда мүсінші Донателло жасаған Давид мүсінінің алтын жалатылған көшірмесі болып табылады. Ол малахиттен жасалған куб пішінді тұғырға орнатылып, сыйлық санаты, жылы және жеңімпаздың аты жазылған алтын пластинамен жабдықталған.

Бұл марапат америкалық «Оскар» сыйлығының итальяндық баламасы болып есептеледі.

Тарихы «Давид ди Донателло» киномарапатының негізі 1955 жылы AGIS (Италия ойын-сауық бизнесінің бас қауымдастығы) негізін қалаушы президенті, кәсіпкер Итало Джемини тарапынан жыл сайынғы ең үздік итальяндық және шетелдік фильмдерді марапаттау мақсатында қаланды. Ол тұңғыш рет 1956 жылы 5 шілдеде Рим қаласында табысталды.

«Давид ди Донателло» киномарапаты америкалық «Оскар» сыйлығымен бірдей критерийлерді ұстанады.

Италияда ұқсас марапаттар («Nastro d'Argento» сияқты) бұрыннан, яғни шамамен онжыл бұрын болған еді, алайда оларға киносыншылар мен журналистер дауыс беретін. Ал «Давид ди Донателло» сыйлығын киноиндустрия өкілдері — актерлер, продюсерлер, режиссерлер, сценаристер және техниктер сайлайды.

Римнен кейін 1957–1980 жылдары бұл рәсім Таормина кинофестивалі кезінде Таорминадағы Грек театрында өтті, содан кейін екі рет Флоренцияда ұйымдастырылып, ақыры қайтадан Римге оралды. Рәсім әрқашан Италия Республикасы Президентінің қолдауымен және қазіргі уақытта Рим қалалық кеңесінің мәдени саясат департаментінің бірлесуімен өткізіледі.

Қазіргі уақытта «Италия киноакадемиясы» деп аталатын ұйым Италия Мәдениет министрлігі мен Туризм министрлігінің қолдауымен және солардың қатысуымен жұмыс істейді.

Бұл сыйлықтар негізінен итальян фильмдеріне беріледі, сонымен қатар шетел тіліндегі фильмдерге арналған арнайы номинация да бар.

Дереккөздер

Санат:Давид ди Донателло Санат:Италия кино марапаттары