Поп-панк () — әдеттегі панк-роктың ұстанымдары мен аспаптық секциясын жұмсақ поп-әуендермен және поп-музыканың (сондай-ақ басқа да «жеңіл» жанрлардың) тәсілдерімен ұштастыруымен сипатталатын панк-роктың негізгі бағыттарының бірі. Панк-рокпен бірге пайда болған поп-панк 1990 жылдардың екінші жартысы мен 2000 жылдардың бірінші жартысында «жаңадан қайта өрлеу» кезеңін және ең ауқымды (жалпы панк-рок тарихындағы) коммерциялық табысты бастан өткерді.

Тарихы Алғашқы панк-рокерлер — Ramones тобы ең бірінші поп-панк өкілдері болып саналады. Олардың кейбір, әсіресе ерте кезеңдегі композицияларына көңіл көтеру бағыты, әлеуметтік мәселелердің қозғалмауы және жалпы позитивті көңіл-күй тән болды. Бұл ерекшеліктер 1980 жылдардың қарсаңында пайда болған панктің «тұңғиық» жанрларына (мысалы, хардкор-панк пен стрит-панк) мүлдем ұқсамайтын еді. Ең алғашқы «толыққанды» поп-панк тобы Buzzcocks болды. Олар Ramones ұсынған, дайындығы жоқ тыңдаушы үшін тым қатал әрі ерекше естілетін аранжировка мен вокалға қарағанда, өте жеңіл дыбысталуға қол жеткізді. Бұл дыбысталуда панк-рокқа тән гитаралық екпін мен 1960-шы жылдардағы поп-рок пен бабблгам-попқа негізделген әуезді әуендер үйлесім тапты.

Buzzcocks және басқа да жеңіл поп-панк ұжымдарымен қатар Англияда модтар субмәдениетін қайта жаңғыртушылар қозғалысы — мод-ривайвл дами бастады. Бұл бағыттың көшбасшылары The Jam және жанрдың басқа да топтары бірінші толқын модтарының (The Who мен The Kinks) мелодизмін сақтай отырып, олардың музыкалық берілісін панк-рок элементтерімен ауырлатып, ширата түсті. Осыған параллельді түрде поп-панкқа туыс жанрлар — пауэр-поп (The Knack сияқты жаңа толқын топтары) және екінші толқынның ска бағыты (Madness, The Specials) пайда болды. Сондай-ақ панк пен пауэр-поптың түйіскен шегінде жеңіл музыка ойнаған Элвис Костелло да бұл жанрдың қалыптасуына айқын әсер етті.

1980 жылдары Operation Ivy (ал одан сәл ертерек — көпшілікке белгісіз Serious Drinking, Clash) панк бағытын ска музыкасымен ұштастырды. Бастапқы кезеңде қатал хардкорға жақын болған ска-панк негезінде NOFX сияқты жеңілдеу ұжымдар пайда бола бастады. Осы топтардың шығармашылығы негізінде поп-панктің ең табысты толқыны қалыптасты. Бұл қосалқы жанрдың дамуына Bad Religion тобының туындылары да айрықша әсер етті. 1990 жылдары Green Day мен The Offspring (1990 жылдардағы екі басты поп-панк ұжымы) сияқты топтардың коммерциялық жетістігі поп-панктің жаңа толқынына серпін берді. Онжылдықтың соңында бұл бағытты Sum 41, Blink-182, Jimmy Eat World және Good Charlotte сияқты топтар жалғастырды. Сондай-ақ 1990 жылдары New Found Glory, MxPx, Simple Plan, Zebrahead сияқты табынушылық топтар пайда болды.

ХХІ ғасырдың бірінші онжылдығының екінші жартысынан бастап поп-панк пен хардкордың қоспасы болып табылатын изикор деп аталатын жаңа ағым пайда болды. Бұл стильдің көрнекті өкілдеріне Chunk! No, Captain Chunk!, Set Your Goals және Four Year Strong сияқты топтар жатады.

Дереккөздер

Санат:Поп-панк