«Абай» және «Абай жолы» романдарының жазылуы туралы» («Как я работал над романами «Абай» и «Путь Абая»), Мұхтар Әуезовтың мақаласы. Оқырмандармен кездесу кештерінде ойға оралған ой-пікірлері мен оқырмандар сұрауына қайтарған жауаптары негізінде, әсіресе М. Горький атындағы Әдебиет институтында оқитын студенттермен кездесу кезінде сөйлеген сөздері негізінде жазылған. Мақаланы ұзақ ойлану, пікір тезистерін жазу, алдын ала мақаланың жоспарын құру арқылы деректер көзін жүйелеп, айтар ой пікірлерін жинақтап барып, қағазға түсірген. Бұл ерекшеліктер Мұхтар Әуезовтің «Абайтанудан жарияланбаған материалдар» атты кітабына енген «Абай жолы» эпопеясының жазылу тарихынан» деген бөлімінде берілген шашпа пікірлері мен тезистер жүйесінде келтірілген. Мақала орыс тілінде алғаш рет «Вопросы литературы» (1959, № 6) журналында жарияланып, сол жылы Букілодақтык, радио арқылы оқылды. Кейінірек 1959 ж. «Мысли разных лет» жинағында (397-413-беттер), 1967 ж. «Абай Құнанбаев» монографиясында (357-376-беттер), Мәскеуде орыс тілінде жарық көрген 5 томдығында (1975, 5-кітап, 439-460-беттер), Мұхтар Әуезовтың 20 томдық шығармалар жинағында (1985, 20-кітап, 257-279-беттер) басылым көрді. Мақаланың қазақ тіліне аударылған қысқаша нұсқасы (3. Қабдолов аудармасы) «Абай» романынын жазылу жайынан» деген атпен М. Мұхтар Әуезовтің 12 томдық шығармалар жинағының 12-томында (1969, 106-124-беттер) жарияланды. Мақалада «Абай жолы» эпопеясынын жазылу тарихы романға деректер іздеп, мұрағат көздері болмағандықтан, мыңнан астам кісілермен әңгімелесу, естеліктер жазып алу арқылы, өткен тарихи шындықты табиғи қалпына келтіруге суйенгені баяндалған. Романдағы кейіпкерлер, жер атаулары, рулар, ел билеу жуйесіндегі өзгерістер өмірде болған қалпында өзгеріссіз беріліп, ойдан алынған кейіпкерлер болса, олар бірлі-жарым ғана екені айтылған. Романды жазудағы басты мақсат 19 ғасырдағы қайталанбас көшпелі қазақ тұрмысы менолардың басынан өткерген тарихи оқиғалардың энциклопедиялық болмысын беруге құрылғанын, әрі роман өнер адамының шығармашылық өмір жолын суреттеуге арналған ерекшелігін ескерткен.
Мұхтар Әуезовтің бұл жолдағы өзінің көздеген мақсаты Абайдың барлық еңбегімен, шығармашылық ерекшеліктерімен түгел қамтып, «осы тұлғаға заманының барлық жарқын, алдыңғы қатарлы, прогресшіл құбылыстарын жинақтай керсету және оның сахара өмірінде, халық өмірінде бірден бола калмай, бірте-бірте қалыптасқан, күреспен дамыған зор тарихи процесс екенін көрсету еді» (12 томдық шығармалар жинағы, 1969, 12-кітап, 108-бет).Мұхтар Әуезов энциклопедиясы Алматы, «Атамұра» баспасы, 2011 жыл. ISBN 987-601-282-175-8
Дереккөздер
Санат:Мақалалар