Асқарбек Қабыкенұлы Құсайынов (30.05.1951 жылы туған, қазіргі Абай облысы, Жаңасамей ауданы, Қайнар аулы) – ғалым, педагогика ғылымдарының докторы (1997), профессор (1998), академик. Қазақстанда салыстырмалы педагогика ғылымының негізін салды, оқулықтану ғылымын дамытуға зор үлес қосты. Қазақ политехникалық институтын бітірген (1973). 1976 – 79 ж. Германияда Жоғары техникалық мектепте оқып, неміс тілінде  диссертация  қорғады, Германияның Доктор-Инженері.

1991 – 97 ж. Қазақстан Республикасы Білім министрінің басқарма бастығы, департамент директоры болды. «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясының бас редакторының бірінші орынбасары, «Білім», «Мектеп» баспаларының директоры (1997 – 2001),  Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының президенті қызметтерін атқарды (2001 – 03). 2000 – 05 ж. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, 2005 – 12 ж. ҚазҰлтҚызПУ кафедра меңгерушісі,  2012 – 15 ж. Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, 2015 – 22 ж. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, 2022 жылдан осы уақытқа дейін қосалқы профессоры, 2022 ж. осы уақытқа дейін Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, зерттеуші-профессоры. 2004 жылдан Қазақстанның Педагогикалық Ғылымдар Академиясының басқарма төрағасы.

Құсайынов орта білім беру сапасын арттыруда көлемді ғылыми-тәжірибелік зерттеулер жүргізіп, оның сапасын көтеру формуласын жазды. Салыстырмалы педагогика, оқулықтану, білім сапасын ғылыми-практикалық негізде көтеру ғылым салалары бойында көптеген оқулықтар, монография және басқа да еңбектер жариялады. Оның ғылыми жетекшілігімен шетелдердің білім беру жүйелері зерттеліп, Қазақстанның білім беру саласын реформалау мен дамытудың жаңа үлгісі ұсынылды. Құсайынов 31 томдық және толықтырылған 30 томдық қазақша-орысша, орысша-қазақша ғылыми салалық терминологиялық сөздіктер сериясын шығаруға және Қазақ этнографиясының көп тілді қысқаша сөздіктерін жазуға басшылық етті. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2001), Парасат орденімен марапатталған (2019).«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, I том

Дереккөздер

Санат:1951 жылы туғандар