ЦИКАС (СYCAS) ЦИКАС - саговник тұқымдасына жатады. Отаны Оңтүстік – шығыс Азия және Австралия. Бұл ежелден келе жатқан өсімдік. Қырыққұлақ пен қылқанжапырақтылар сияқты, жер бетінде 200 миллион жыл өмір сүріп келеді. Грек тілінен аударғанда Kykas - «пальма» дегенді білдіреді. Шынымен-ақ пішіні пальмаға өте ұқсас. Бірақ ботаниктердің айтуы бойынша цикас пен пальманың туыстығы жоқ. Цикас қымбат өсімдіктер қатарына жатады. Баяу өседі. Бір жылда бір қатар ғана жапырақтар шығарады. Үйде өсіргенде дұрыс күтім жасаса ұзақ жыл өмір сүреді. Отанында үлкен биік болып өседі. Үй жағдайында бойы 2 метрге жетеді. Жарығы: жарықты жақсы көреді. Жазда аулаға күннің көзі барлық жағынан бірдей түсетіндей жерге қойса, өсімдіктің өсу қарқыны артып жаңа жапырақтардың өсуіне жағдай жасалады. Жылуы: температураны көп талғамайды. Бірақ қыста 8-10 °C салқындау жерді қалайды. Жел өтінен сақтау қажет. Суғарылуы: жазда молынан жиірек, қыста сирек суғарады. Тек тұндырылған сумен суғару қажет. Құрамында тұзы бар су тамырларын ауруға ұшыратады әрі жапырақтарының түсуіне әкеледі. Ескертетін жай, суғарғанда діңіне су тигізбеу керек. Ылғалдылығы: ылғалдылықты өте жақсы көреді. Жиірек су бүркіп тұрған абзал. Жазда күн шықпай тұрып, не күннің көзі қайтқанда кешқұрым, қыста 8-10 °C салқын жерде ұстасаңыз. Жапырақтарын ылғандырудың қажеті жоқ. Қоректендірілуі: сәуірден қыркүйек айларына дейін екі аптада бір пальмаға арналған тыңайтқышпен қоректендіреді. Қазан айынан бастап айына бір рет және жаздағыға қарағанда тыңайтқыштың мөлшерін екі есе аз қолданады. Аурулары: бөлмедегі ауа құрғақ болса ақ ұнтақ құрты, щитовка, трипс зиянкестерімен ауырады. Тығыз, ауыр топырақтан, шамадан көп суғарғанда, суағары нашар немесе жоқ болғанда шірік ауруларымен ауырады. Көбейтілуі: Тұқымы арқылы жылыжайларда арнайы мамандар ғана көбейте алады. Сондықтан жас көшетін сатып алған дұрыс.
Сілтемелер Гүлстан, өсімдіктер туралы сайт
Дереккөздер "Гүлстан" республикалық ғылыми-танмыдық, көпшілік журнал, 2010 жыл ISSN 2078-6727
Санат:Ашықтұқымдылар