Биотикалық потенциал — жеке бір түрдің санын шектейтін факторлар болмаған жағдайдағы сол түрдің көбею шапшаңдығының болжамдық шартты көрсеткіші. Биотикалық қуат түрдің орташа өсім шамасымен немесе жеке бір түрдің жаппай (ешбір кедергісіз) көбейген жағдайда, Жер шарын түгелдей бір қабатпен жабу шапшаңдығымен анықталады (мыс., бұл шапшаңдық пілдер үшін 0,3 м/с, бірқатар микроорганизмдер үшін жүздеген м/с). Биотикалық қуат пен түр популяциясының тараған нақты сан арасындағы айырмашылық қоршаған ортаның қарсыласуын көрсетеді. Биотикалық қуат пен “ортаның қарсыласуы” туралы ұғымдар түр популяциясының көлемі мен санын шектейтін факторлардың жиынтық әрекетін анықтағанда пайдаланылады.

Дереккөздер

“Қазақ Энциклопедиясы”, 2-том