УЕФА Чемпиондар Лигасының финалы 2006 — 2005/06 жылғы УЕФА Чемпиондар Лигасының шешуші ойыны. 2006 жылы 17 мамырда Францияның Сен-Дени қалашығындағы "Стад де Франс" стадионында өтіп, Испанияның "Барселонасы" Англияның "Арсеналын" 2:1 есебімен ұтты.

Матч Матч өте тартысты басталды. Ойын басталарда-ақ, "Арсенал" футболшылары жоқ дегенде екі мүмкіндікті жіберіп алды. Алма-кезек шабуылмен өтіп жатқан әдемі ойынды 18 минуттағы бір көрініс бұзды: "Арсенал" қақпашысы Йенс Леманн өзін алдап өткен Самуэль Это'Оны ережеден тыс тоқтатып, тәртіп бұзып, алаңнан қуылды. Осыдан соң басымдық "Барселона" жақта болды.

Ойынның 37 минутында оң қапталдан Тьерри Анридің асырған айып добын Сол Кэмпбелл баспен ұрып торға түсірді — 0:1. Есепте алға шыққан лондондықтар қорғанысты нықтағанымен, 76 минутта каталондықтар бәрібір дегендеріне жетті. Сол қапталдан ұйымдастырылған комбинацияны Это'О сәтті аяқтады — 1:1.

Алаңда осы кезде жаңбыр тіпті күшейді. Осының әсерінен қалжыраған лондондықтар екінші допты оңай жіберіп алды. Сол қанаттан Хенрик Ларссон ұрымтал тұстағы Жулиану Беллетиге пас берді. Беллетти өте қиғаш тұрса да, қақпаға бірден бағыттады. Доп Леманның орнына шыққан қақпашы Алмунияның аяқ арасынан өтіп, қақпаға енді. Есеп — 2:1.

Бұдан кейін ойын сабасына түсті. Қалған уақытта есеп өзгермеді. "Барселона" араға 14 жыл салып, турнир жеңімпазы атанды.

Матчтан алдын мамандар қос команданың мүмкіндігін тең деп бағалады. Әсіресе, екі клубтың да қорғанысы өте берік екені көп айтылды. "Арсенал" плей-офф кезеңінде бір гол да жібермеген болса, "Барселона" плей-офф кезеңінде екі доп қана жіберіп алыпты, оның бірі автогол, 1/8 финалда "Челсимен" ойында Тиагу Мотта абайсызда өз қақпасына гол соғып алған болатын, ал екінші допты тағы сол "Челсимен" ойында Фрэнк Лэмпард пенальти арқылы ғана соға алған.

Протокол

GK 1 Виктор ВалдесRB 23 Олегер Пресас CB 4 Рафаэль МаркесCB 5 Карлес Пуйоль (к)LB 12 Джованни ван БронкхорстDM 15 Эдмилсон CM 20 ДекуCM 17 Марк ван Боммель RW 8 Людовик ЖюлиLW 10 РоналдиньоCF 9 Самуэль Это'ОҚосалқы құрам:DF 2 Жулиану Беллети MF 24 Андрес Иньеста FW 7 Хенрик Ларссон Бапкер: Франк Райкаард GK 1 Йенс Леманн RB 27 Эмануэл Эбуэ CB 28 Коло ТуреCB 23 Сол КэмпбеллLB 3 Эшли КоулRM 7 Робер Пирес CM 19 Жилберто СилваCM 15 Сеск Фабрегас LM 13 Александр Глеб SS 8 Фредди ЮнгбергCF 14 Тьерри Анри (к) Қосалқы құрам:GK 24 Мануэль Алмуния DF 20 Филипп СендеросMF 16 Матье Фламини FW 9 Хосе Антонио Рейес Бапкер: Арсен Венгер

Басқа да фактілер

Бұл финал нидерландылық Деннис Бергкамптың футболшылық карьерасындағы соңғы ресми матчы болуы тиіс еді. Матчтан алдын Арсен Венгер оған "қалайда алаңға шығарам" деп уәде беріпті. Бірақ онсыз да бір футболшысы кем болып, ұтылып жатқандықтан, оны алаңға жіберудің ретін таппапты. Бапкерінің шарасыз күйін көрген Бергкамп та оған ренжімеген екен. "Арсенал" сапында кейін "Барселонаға" ауысқан бірнеше футболшы алаңға шықты. Атап айтқанда, Тьерри Анри, Сеск Фабрегас, Александр Глеб. Ал "Барселона" құрамында бұрын "Арсеналда" ойнаған екі футболшы бар еді, ол бразилиялық Сильвиньо мен Джовани ван Бронкхорст болатын. Бірақ екіншісі алаңға мүлде шыққан жоқ. "Барселонаның" бапкері Франк Райкаард футболшы ретінде де, бапкер ретінде де УЕФА Чемпиондар Лигасының жеңімпазы атанды. Бұған дейін мұндай жетістікке жеткендер төртеу еді: Карло Анчелотти, Мигель Муньос, Джованни Трапаттони, Йохан Кройф. Кейін бұлардың қатарына 2009 жылы Хосеп Гвардиола, 2016 жылы Зинедин Зидан қосылды. "Стад де Франс" стадионы осымен екінші рет аталмыш турнирдің финалын қабылдады. 2000 жылғы финал да осы стадионда өткен болатын. Ол жолы да испаниялық тағы бір "Эль-Класико" өкілі Мадридтің "Реалы" жеңімпаз атанған-ды. Дереккөздер

Сілтемелер https://web.archive.org/web/20100205180908/http://www.uefa.com/competitions/ucl/finals/index.html

Санат:УЕФА Чемпиондар Лигасы 2005/06 Санат:Барселона ФК ойындары Санат:Арсенал Лондон ФК ойындары Санат:2006 жылғы футбол Санат:УЕФА Чемпиондар лигасының финалдары