Касымалы Жантөшев (2 (15 қыркүйек) 1904, Теңізбай ауылы — 13 тамыз 1968, Фрунзе) — қырғыз әдеби және қоғам қайраткері, жазушы, драматург, аудармашы, актер және режиссер. 1946 жылы Қырғыз КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері атағын алған, 1968 жылы халық жазушысы атанған. 1934 жылдан бастап Кеңес жазушылар одағы мүшесі болған.

Өмірбаяны Касымалы Жантөшев 1926 жылы қырғыз музыкалық-драмалық студиясына болашақ әртіс ретінде қабылданды. Бұл жерде Ашыралы Куттубаев, Абды Боталиев, Сыдык Сабаев, Касым Эшимбеков сияқты өнер қайраткерлерімен бірге оқыды. Студияда жүрген жылдары ол бірнеше рөлдерді сомдап, алғашқы пьесаларын жазды: «Қойшылар», «Қарашаш», «Алым мен Мария» және т.б. Кейін бұл пьесалардың барлығы театр сахнасында қойылды.

Касымалы Жантөшев 1930 жылы Фрунзе қаласындағы педагогикалық техникумды бітірді. Одан кейін Қырғыз педагогикалық техникумында оқытушы болып жұмыс істеп, біршама уақыт ауылдық кеңес төрағаларын даярлау курстарында сабақ берген.

Касымалы Жантөшев 1934–1948 жылдары Қырғыз драма театрында актер, режиссер және қоюшы-режиссер болып жұмыс істеген. Замандас әріптестерінің айтуынша, әсіресе күрделі әрі интеллектуалдық рөлдерді шебер орындаған.

1948–1949 жылдары Киргосиздатта редактор болып еңбек етті. 1949–1951 жылдары Қырғыз КСР Халық комиссариатының өнер басқармасының бастығы қызметін атқарды. 1964–1968 жылдары Қырғыз КСР Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық алқасының бас редакторы болды.

Касымалы Жантөшев 1943 жылы (ВКП(б)) қатарына қабылданған.

1946 жылы Қырғыз КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері атағына ие болды, 1968 жылдан бастап халық жазушысы атанды.

1968 жылғы 13 тамызда қайтыс болып, Ала-Арча зиратында жерленген.

Шығармашылығы Касымалы Жантөшев әдеби қызметін 1926 жылы қырғыз музыкалық-драмалық студиясының тәрбиеленушісі кезінде бастаған.

Педагогикалық техникумда оқып жүрген жылдары да шығармашылығын жалғастырып, өлеңдер мен драмалық үйірмелерге арналған бір актілі пьесалар жазды.

Прозалық шығармалар мен қырыққа жуық пьесаның авторы. Ең маңызды туындылары: «Қарашаш» (1928), халық эпосы негізінде жазылған «Курманбек» батырлық драмасы (1942), Тоқтықұл Сатылғановға арналған «Халық жыршысы» (1945), ауыз әдебиеті негізінде жазылған «Мендирман» поэмасы (1957). Үш томдық «Каныбек» (1939–1948) шытырман оқиғалы романында қырғыз халқының революцияға дейінгі өмірі бейнеленген. Сонымен қатар оған «Асу асқан сулар» (1955) повестер мен әңгімелер жинағы, «Аспан тауларының шопаны» (1963) романы және балаларға арналған ертегілер тиесілі.

Касымалы Жантөшевтің «Курманбек» романы мен драмасы қырғыз ұлттық мәдениетінің алтын қорына енген.

Көркем аударма шебері ретінде танымал. Александр Островскийдің «Бесприданница» пьесасын, Николай Островскийдің «Қалай шыныққан болат» романын және басқа да шығармаларды қырғыз тіліне аударған.

Қырғыз жазушыларының ішінде алғашқылардың бірі болып кинодраматургия жанрында еңбек етті. «Тянь-Шань қызы» және «Каныбек» фильмдерінің сценарийлерін жазып, Кырғызфильм студиясында экранға шығарылған.

Жады Касымалы Жантөшев есімі Ыстықкөл облысы драма театрына, бірқатар мектептер мен кітапханаларға, Қырғызстанның қалалары мен ауылдарындағы көшелерге берілген. Жазушының аты Бішкек қаласындағы көшеге де қойылған.

Дереккөздер

Сыртқы сілтемелер

Санат:Пржевал уезінде туғандар Санат:Бішкекте қайтыс болғандар Санат:Ж. Баласағұни атындағы Қырғыз ұлттық университеті түлектері Санат:Еңбек Қызыл Туы орденінің иегерлері Санат:Қырғыз жазушылары Санат:Қырғызстан жазушылары Санат:КСРО жазушылары Санат:Қырғызстан аудармашылары Санат:КСРО аудармашылары Санат:Орыс тілінен аудармашылар Санат:КСРО жазушылар одағы мүшелері Санат:Соцреалист-жазушылар Санат:КСРО балалар жазушылары Санат:Қырғызстан балалар жазушылары Санат:Қырғызстан драматургтері Санат:КСРО драматургтері Санат:Қырғызстан актерлері Санат:Қырғызстан режиссёрлері Санат:Қырғыз КСР-дің еңбек сіңірген өнер қайраткерлері Санат:Қырғызстан қоғам қайраткерлері Санат:Ала-Арча зиратында жерленгендер