Өмір үзіндісі (, ) немесе күнделікті өмір — натуралистік театрға қатысты қолданылатын және кейіпкерлердің шынайы өмірін дәл әрі табиғи түрде сипаттауды білдіретін термин. Бұл ұғым 1890 жыл мен 1895 жылдар аралығында пайда болған. Болжам бойынша, бұл терминді алғаш рет француз драматургі әрі әдебиет сыншысы Жан Жюльен (1854—1919) қолданған.

Жанрдың тарихы Уэйн С. Терни өзінің «Театрдағы натурализм туралы жазбалар» атты эссесінде атап өткендей, Жан Жюльен бұл ұғымды «Серенада» (1887) пьесасы сахналанғаннан кейін көп ұзамай енгізген. Драматург өз шығармаларын қойған кезде оның композициясы, декорациясы мен сюжеті шынайы өмірдің серпінді әрі дәл көрінісі болуын талап етті. «Серенада» туындысы сырттай сыпайы көрінгенімен, іштей адамгершіліктен жұрдай болған жемқор кейіпкерлердің өмірін баяндайды. Жюльеннің натурализм туралы: «Пьеса — бұл өнермен сахнаға шығарылған өмірдің бір үзіндісі», — деген әйгілі сөзі бар. Сондай-ақ ол біздің басты мақсатымыз күлкі тудыру емес, көрерменді ойландыру екенін жазған. Оның пікірінше, пьесадағы оқиға перде жабылғанмен аяқталмайды, ал перде тек әрекеттің ерікті түрде тоқтатылуы ғана, бұл көрерменге одан әрі не болатынын еркін ойлауға мүмкіндік береді. Осыған ұқсас стильде, бірақ жоғары эстетикалық деңгейде француздың «comédie rosse» натуралистік комедиялары орындалды.

Қазіргі таңда қолданылуы Батыс мәдениетіндегі «slice of life» термині француз тілінен тікелей аударылған калька болып табылады. 1950 жылдары бұл ұғым британдық фильмдер мен театрлардағы «асүйлік реализм» (kitchen sink realism) бағытының синонимі ретінде қолданылды. Қазіргі уақытта бұл термин әдебиетте, кинода, журналистикада және комикстерде күнделікті өмірдегі оқиғалар мен жағдайлардың кез келген шынайы сипатталуын атау үшін пайдаланылады. Кинематографта, әсіресе аниме өнеріне қатысты бұл жанр көбіне «күнделікті өмір» деп аталады. Мұнда басты назар кейіпкерлердің сезімдері мен мінез-құлқына аударылады. Сюжеттің нақты мысалдары ретінде кейіпкердің жұмыс орнында ішімдік ішкені үшін жұмыстан шығарылуын, коллекционердің өзіне құнды зат табуын, кейіпкердің автобус кешіккендіктен жұмысқа үнемі кешігіп қалуын немесе мектепте дәптерін ұмытып кеткені үшін мұғалімнің оған ұрсуын келтіруге болады.

Дереккөздер

Санат:Театр терминдері Санат:Кино жанрлары