Ғазы Герей (, 1626 — 1666 кейін) — 1641–1651 жылдары нұреддин, 1651–1666 жылдары қалғай болған Қырым татарының өкілі. Ол Қырым хандығының нұреддині Мүбарак Герейдің ұлы және 1608–1610 жылдары Қырым ханы болған I Саламат Герейдің немересі еді.
Өмірбаяны 1641 жылы Осман сұлтаны I Ибраһим (1640–1648) Қырым ханы етіп I Саламат Герейдің кіші ұлдарының бірі IV Мехмет Герейді (1641–1644) тағайындады. IV Мехмет Герей өзінің немере інісі, Мүбарак Герейдің ұлы Ғазы Герейді (1641–1644) нұреддин етіп тағайындады.
1644 жылы Осман үкіметі IV Мехмет Герейді биліктен алып, оның ағасы III Ислам Герейді (1644–1654) Қырым ханы етіп тағайындады. Бақшасарайда хан тағына отырған III Ислам Герей өзінің інісі Қырым Герейді (1644–1651) қалғай, ал жиені Ғазы Герейді нұреддин қызметінде қалдырды.
1645 жылы желтоқсанда III Ислам Герей ханның бұйрығымен Ғазы Герей нұреддин Ресейдің оңтүстігіндегі жерлерге жорық жасап, қалың елді ойрандады. Ғазы Герей бастаған 30 мыңдық Қырым әскері Муравский соқпағы арқылы Ресейдің оңтүстігіндегі иеліктерге басып кірді. Ғазы Герей Рыльск пен Путивльдің арасына әскери қосын тігіп, осы жерден жеке татар және ноғай жасақтарын айналадағы ауылдарға жіберіп отырды. Олар елді мекендерді тонап, адамдарды тұтқынға алды. Қырым әскері Рыльск, Путивль, Курск және Севск уездерін ойрандап, көп адамды тұтқынға әкетті. А. А. Новосельскийдің есептеуінше, 1645 жылы татарлар тұтқынға алған адамдардың саны алты мыңнан асқан. Қырым татарларының жасақтарымен болған шайқастарда Курск воеводасы кінәзі Семен Романович Пожарский ерекше көзге түсті.
1648–1653 жылдары Ғазы Герей III Ислам Герейдің Речь Посполитаяға қарсы жорықтарына қатысты. III Ислам Герей украин гетманы Богдан Хмельницкиймен одақтасып, поляк-шляхта билігіне қарсы азаттық соғысына қолдау көрсетті.
1651 жылдың жазында Берестечко түбіндегі шайқаста III Ислам Герейдің туған інісі әрі Ғазы Герейдің ағасы Қырым Герей (1644–1651) қаза тапты. Осыдан кейін III Ислам Герей бұрынғы нұреддин Ғазы Герейді қалғай (1651–1666), ал өзінің туған інісі Әділ Герейді жаңа нұреддин (1651–1659) етіп тағайындады.
1654 жылы III Ислам Герей хан (1644–1654) қайтыс болғаннан кейін, түрік сұлтаны I Ибраһим IV Мехмет Герейді (1654–1666) екінші рет Қырым ханы етіп тағайындады. IV Мехмет Герей қалғай Ғазы Герей мен нұреддин Әділ Герейді бұрынғы қызметтерінде қалдырды.
1655 жылы қаңтарда IV Мехмет Герей ханның бұйрығымен Ғазы Герей қалғай мен Әділ Герей нұреддин бастаған қырымтатарының қалың қолы Украинаға аттанды. Польша деректерінде әскер саны 120–150 мың адам болғаны айтылады. Олар орыс-казак әскеріне қарсы күресте поляк әскеріне көмек көрсетуге тиіс болды. Умань маңында Қырым жасақтары короналық польный гетман Станислав Лянцкоронский басқарған поляк әскерімен қосылды. Польша қолбасшылығымен жүргізілген келіссөздер барысында Ғазы Герей қалғай татарларға маңайдағы елді мекендерді тонауға және адамдарды тұтқынға алуға рұқсат алды.
Наурыз айының басында поляк әскерінің жаңа қолбасшысы Кшиштоф Тышкевич Браславщинадағы 270 елді мекеннің Қырым татарлары тарапынан тоналып, өртелгенін хабарлады. Тышкевичтің есептеуінше, одақтас Қырым әскері Украинада болған төрт айдың ішінде 200 мыңнан астам адам тұтқынға алынып, Қырымға айдап әкетілген. Қырым татарлары одақтас поляк жасақтарына да шабуыл жасап, олардың жылқылары мен малдарын тартып алып, адамдарын тұтқынға түсіріп отырған. 1655 жылы наурыздың ортасында Қырым татарлары мен ноғайлар поляк-шляхта әскері әлі де бақылауында ұстап тұрған украин жерлерінен көп мөлшерде тұтқын алып, біртіндеп өздерінің далалық аймақтарына қарай шегіне бастады. Алдымен Каммамбет мырза мен Меңлі Герей ханзада басқарған алдыңғы жасақтар жолға шықты. Одан кейін Ғазы Герей қалғай-сұлтан негізгі күштерімен Ақкерманға қарай шегінді. Ал 18 наурызда Әділ Герей нұреддин-сұлтан бастаған соңғы татар жасақтары да ат басын кері бұрды.
Кейін Ғазы Герей IV Мехмет Герей ханның Украина мен Ресейдің оңтүстігіндегі жерлерге жасаған әскери жорықтарына қатысты. 1657 жылы жазда IV Мехмет Герей хан қалың әскер бастап, Украинаға жорық жасады. Алайда Днепрдің сағасында казак полктерінен жеңіліп қалды. Хан негізгі күштерімен Днепрден өтіп, Каменец-Подольскийге қарай бет алды. Ал Ғазы Герей қалғай Қырым әскерінің басқа бөлігімен бірге Орқапыға қарай шегінуге мәжбүр болды. Ханның Қырымда болмауын пайдаланған Запорожье казактары Қырымға шабуыл жасады. 8 мыңдық Запорожье казактарының әскері Орқапыға қарай аттанды. Алайда оларды Ғазы Герей талқандады. 1659 жылы IV Мехмет Герей ханның Украинаға жасаған кезекті жорығы кезінде Ғазы Герей Қырымды қорғау үшін сонда қалдырылды.
1666 жылы көктемде IV Мехмет Герейдің саясатына наразы болған Осман үкіметі оны биліктен алып, оның орнына Герей әулетінің жанама тармағының өкілі Әділ Шобан Герейді (1666–1671) Қырым ханы етіп тағайындады.
Бұған дейінгі IV Мехмет Герей хан отбасымен бірге Қырымнан Дағыстанға қашып кетті. Қырымға келіп, Бақшасарайда хандық билігін орнықтырған Әділ Герей өзінің інілері Дәулет Шобан Герей мен Ғазы Шобан Герейді тиісінше қалғай және нұреддин етіп тағайындады. Ал бұрынғы қалғай Ғазы Герей Қырымнан кетуге мәжбүр болды.
Әдебиет Олекса Гайворонский. Созвездие Гераев. — Ақмешіт, 2003 ж. Олекса Гайворонский «Повелители двух материков», том 1, Киев-Бақшасарай, 2007 ж. ISBN 978-966-96917-1-2 Олекса Гайворонский «Повелители двух материков», том 2, Киев-Бақшасарай, 2009 ж. ISBN 978-966-2260-03-8, ст. 23-35
Санат:Қырым хандығының нұреддиндері Санат:Қырым хандығының қалғайлары