«Казак» деген кімдер?
«Козак», «казак» – татар сөзі. Бұл славян және одан кейін орыс тілдеріне борыштан (салықтан) азат, ерікті, ержүрек және сонымен бірге атты жауынгер деген ұғымдарды білдіретін сөз ретінде енген. XVI ғасырдың екінші жартысынан бастап кейіннен Жайық казактары деп аталып кеткен ерікті казак қауымдастығы құрыла бастады. XVI ғасырдың 80-жылдарында Дон казактарының бір бөлігі Мәскеу мемлекетінің әскерінен жеңіліп, атаман Ермакпен бірге Сібірге кетті. Бұл жерде олар Сібірді басып алуға қатысты. Екінші бөлігі Волга бойымен Каспий теңізіне түседі. Жайық бойымен жүзе отырып, Үлкен Ноғай Ордасының астанасы Сарайшық қаласына келеді. Сарайшықты талқандап, теңіз арқылы қайтадан Донға кетеді. 1808 жылғы Ережеге сәйкес, Сібір линиялық әскері казактарды қызметке өз қаруларымен, жабдықтарымен, киім-кешегімен және жылқыларымен алуға тиіс болды. Сібір казак әскерлерін құрған кезде патша үкіметі бірінші кезекте казактардың полицейлік рөл атқаруы керектігін ескерді. Ал енді Сібір казак әскерлері «барлық бүлікшілерді тыныштандырушы және жуасытушы» ретінде өздерінің міндеттерін қатыгездікпен орындады. Казактардың Орал даласын отарлауы ХІХ ғасырдың екінші жартысында тұтастай Ресей отарына айналған қазақ даласындағы әскери казактардың рөлі мен жалпы казачество туралы кезінде А.И.Герцен «Колокол» журналында жеріне жеткізе айтқан еді. Ол: «Полковник Слуцкий қырғыз-қазақ даласындағы цивилизациялық әулиелер деп атаған казактар «тиімді» қызметке көшпелілерді тонап, пайда табу үшін барды», – деп жазады. Казактардың қырғыздарға не істейтінін білесіздер ме? (Яғни қазақтарға). Олардың күллі мал-мүлкі казактың өз меншігі тәрізді қойын тартып алу, өгізін не жылқысын ұрлап әкету казак үшін керемет бір батылдық, жігіттік өнер сияқты көрінеді. Ол үшін төменгі шендегілерге ескертіп, сөгіс беріп жатқан офицерлер де жоқ, ауық-ауық олардың өздері де ауылдарды талап отырады. Есаул Бутаков, подполковник Абакумов сияқты теріс қылықтарымен даңқы шыққан мырзалар да бар... Бүкіл Сібір әскерлері қырғыздардың (қазақтардың) есебінен күн көріп отыр десе де болады», – деген хабары жағдайды өте-мөте толық жеткізеді . Казак отрядтары орналасқан бос жатқан жерлер, негізінде, ешқандай иесіз жерлер емес, керісінше көшпелілердің жыл бойы көшіп-қонып жүретін қыс-қыстауы, жаз-жайлауы еді. Ежелгі қазақ еркіндігін шектеу саясаты, әскер жасақтарындағы өзгерістер, оның Ресей империясының құрамдас бөлігіне айналдырылуы қатардағы қазақ жұртшылығының 1722-1837 жылдар аралығындағы бір ғасырдан астам уақыт ішінде көптеген бой көтерулерін туғызды. Қазақ даласы тыныштықтан айырылды. Шаруашылығы күйзеліп, берекесі кетті. Казактар патшаның саптағы күші ретінде Исатай мен Махамбет, Көтібар мен Есет бастаған қазақ шаруаларының да отаршылдық пен феодалдық әділетсіздікке қарсы көтерілістерін қанға бояуға қатысты. Таққа отырған патша Екатерина-ІІ Е.Пугачевтің шаруалар көтерілісін жеңгеннен кейін «Жайықта болған сорақы оқиғаны мүлдем ұмыту үшін» 1775 жылғы қаңтардың 15 жұлдызында Жайық қаласын – Орал қаласы, Жайық өзенін – Орал өзені, ал Жайық әскерлерін Орал әскерлері деп өзгертуге жарлық шығарды. Сөйтіп, казактардың бұрынғы еркіндігіне де тыйым салынды. 1868 жылы «Далалық облыстардағы басқару туралы уақытша ереже» бойынша Орал облысы құрылады. Оған Орал казак әскерлерінің қоныстанған жерлері мен Орынбор қазақтары жерінің (Орал өзенінің сол жағалауы, Т.К) едәуір бөлігі, Маңғыстау төңірегі, жалпы көлемі 29,6 миллион десятина алқап енеді. Оның Орал, Өзен, Шыж, Елек тағы басқа өзендер айналасындағы анағұрлым шаруаға ыңғайлы, құнарлы 6,4 миллион десятинасы әскерлердің бөліп-жармай иелену құқындағы жерлер болса, 23,2 миллион десятинасы қазақтардың қоғамдық пайдаланудағы мемлекеттік меншігі еді. Облыс көлемінде 1897 жылғы санақ бойынша 645121 адам тұрса, оның 118 мыңға жуығы әскери казактар сословиесінің тұрғындары болған. Орынбор әскері 533 мың адамнан құралды. Осы кезде казак сословиесі 61 станицада, 446 поселкеде, 550 хуторда тұрып, қазақтардан күштеп тартып алған 7,4 миллион десятина жерді иеленді. Енді оларға төмендегі үш міндетті бұлжытпай орындау жүктелді: біріншіден, патшаның отаршылдық саясатын жүзеге асыруға көмектесу; екіншіден, тартып алынған жерді көшпенді тайпалардың шабуылынан қорғау; үшіншіден, казак әскерлері мемлекеттің қарулы күштерінің бір бөлігін құрайды.
Бұл жылдары қазақ даласынан өзге аймақтарда әскерлер құрыла бастаған еді. Дон казактарынан Астрахань казак әскері құрылды. Олар Кіші жүз қазақтарының 808 мың десятина жерін тартып алды (ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты, 39-қор, 1-тізбе, 2425-іс, 8083-б).
Казактар жергілікті халыққа үнемі қысымшылық жасап отырды. Қазақ ауылдарын тонады, малдарын тартып алды, әскер орналасқан территориядағы су көздеріне жолатпады.
Казактар – оңтүстік Қазақстанда
Оңтүстік Қазақстан территориясына орыс мұжықтарының алғашқы легі келгенге дейін патша әкімшілігі қазақ даласын әскери казак-орыстардың отарлауымен шектеді. Түркістан өлкесінде казак-орыстардың тұрақтары Жетісу облысында пайда болып, оның тұрғындарының саны уақыт өткен сайын өсіп отырды. Облысқа орыстардың енуі 1831 жылы Жетісуға таяу жерде Сібір гарнизоны орналасқан Аягөз приказдығының құрылуымен басталған еді.
1847 жылы жүзбасы Абакумов 200 казакпен бірге Қапал өзені бойында жаңа қамал – Қапалдың негізін қалады. Патша әскерлерінің Жетісудағы жылжуының келесі нысанасы Іле өзені бойы болды. Орыс әскерлері ілгері жылжыған сайын өздеріне қарсы шыққан қазақ ауылдарын қатыгездікпен талқандап отырды.
1853 жылы Қапалдан бүкіл Іле өлкесін жаулап алу мақсатымен арнайы экспедиция шығып, маусым-тамыз айларында өлкеде тірек орталығын салуға қолайлы жер іздестірілді. Қамал тұрғызу үшін суы мол, жері құнарлы, құрылыс жүргізуге қажетті қалың орманды Үлкен және Кіші Алматы өзендері аралығындағы кең дала таңдалып, мұнда 1854 жылы Заилийское деп аталған бекініс салынды. Ал келесі жылы бұл елді мекен Верный форты деген атпен өзгертілді. Қамалға таяу жерге Іле өлкесіндегі алғашқы орыс поселкесі болып табылатын Алматы казак станицасының негізі де осы жылы қаланды.
1856 жылы мұнда тағы да 139 казак және 200 шаруа отбасы Томбы және Тобыл губернияларынан, Воронеж губерниясынан 242 шаруа отбасы келіп қоныстанды. Талғар, Есік, Қаскелең және Шамалған өзендері бойында да жаңа казак және шаруа поселкелері пайда бола бастады.
Империя шекарасы оңтүстікке: Лепсіден – Ілеге, одан соң Шу өзеніне қарай жылжи берді. 1855 жылы Үржар және Лепсі станицалары, 1858-1860 жылдары Көксу, Қаскелең, Арасан, Қарабұлақ т.б. казак станицалары салынды. Нәтижесінде 1867 жылға дейін Жетісуда құрылған 14 казак поселкелері мен станицаларында 14648 адам өмір сүрді.
1867 жылғы 13 шілдеде ІІ Александр патшаның жарлығымен Жетісу казак әскерлері құрылды. Оның міндеттеріне отарлануға тиіс аймақтарды Ресей құрамына біртұтас кіргізу, басып алған сол жерлердегі шекараны қорғау, форпос, бекініс салу жұмыстары кірді. Жаңа әскер штатында 600 адамнан тұратын екі атты полкты қоса есептегенде барлығы 1768 адам болды.
Келімсек казактар мұндағы қазақтардың өңделген ең құнарлы егіс алқаптарын, су жүйелерін, мал жайылымдарын тартып алып, халқымыздың дәстүрлі мал және егін шаруашылығының дамуына орасан зор нұқсан келтірді.
Бұл жөнінде Телжан Шонайұлы былай дейді: «Үкімет, әуелі қылмысты болып, жазаға бұйырылып, Ресейге зияннан басқа пайда тигізбейді деп түсінген, шіріген жұмыртқаға есептелген адамдарды қазақ даласына орнықтыруға ұмтылды. Өлім жазасына кесілген және саяси өлімге арналғандарды жіберді. Екінші, тіпті салық төлемей шаруашылық күші үзіліп, Ресейге пайда келтіруден қалған мұжықтарды көшірді. Бұларды атты казак қылып жазды. Үшіншіден, бұрыннан басы бос жауынгер атты казактарды орналастырды, жауынгерлігінің үстіне казак-орыс бұрыннан қазақпен соғысып үйренген» («Қазақ тарихы», 2010 №4, 23-бет).
Патша генералы Колпаковский
Қазақстанның оңтүстік өңірлерін жаулап алуда отаршылдық саясаттың итаршылары, генералдар В.Перовскийдің, М.Черняевтің, Г.Колпаковскийлердің аттары тарихта қатар аталады.
Колпаковский Герасим Алевсеевич (1814-1896) – орыс армиясының генералы. Батыс Сібір, Түркістан және Дала өлкелерінің әскери-әкімшілік басшысы. Орта Азия мен Қазақстанда патша өкіметінің отарлау саясатын белсене жүзеге асырушы. Харьков губерниясындағы офицер-дворянның отбасында туды. 1852 жылдан бастап Батыс Сібір өлкесі генерал-губернаторының адъюданты болды. 1858 жылы Алатау округі мен Ұлы жүз қазақтары өлкесіне шабуыл жасаған қоқандықтарға қарсы соғыс қимылында Ұзынағаш маңындағы шайқасқа (1860 ж.) қатысты. 1862 жылы Шу өзені алқабына жасалған экспедицияны басқарып, Қастек, Пішпекті алды. Сол үшін оған генерал-майор атағы берілді. 1864-67 жылдары – Семей облысының, 1867-82 жылдары – Жетісу облысының генерал-губернаторы болып тағайындалды. 1889 жылы Әскери советтің мүшесі болып тағайындалып, Петербургке ауыстырылды.
Генерал Г.Колпаковскийдің «ерліктері» жөнінде Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатындағы құжаттарға сөз берсек:
1882 жылы 4 шілдедегі өзінің бірінші бұйрығында Колпаковский Дала генерал-губернаторы және Омбы соғыс округінің әскери Бас командашысы қызметін атқаруға кіріскенін жариялады (ҚР ОММ, 64-қор, 1-тізбе, 59-іс, 1-бет).
Өзінің орталыққа берілген адам екенін Колпаковский 1883 жылғы Ақ патшаға арнаған тұңғыш Дала генерал-губернаторының есебінде көрсетіп-ақ берді: «Үш дала облысының өзара қарым-қатынастары (Ақмола, Семей және Жетісу облыстары туралы) олардың бір орталыққа бағынуға негіз екенін дәлелдеді. Осыған орай алысқа созылған мемлекеттік шекара бірлігін, керекті транзитті жолдардың қалыптасуын, өлкені біркелкі отарлауын қамтамасыз етуді ұсынды» (ҚРООМ, 64-қор, 1-тізбе, 125-іс, 29-бет.).
Жаңадан келген патша итаршысы, Жетісу казак әскерінің құрметті атаманы Колпаковский енді қазақ жерінің байлығын халықтан тартып алып, самодержавиелік өкіметтің мүддесіне сай етіп жүзеге асыра бастады.
Ол өзінің патшаға арнаған есепті баяндамасында: «Орыстармен күнделікті экономикалық қарым-қатынастың ықпалы арқасында қазақтар өздерінің ежелгі жауынгерлік рухынан айырылды, ал қазір олар бейбіт, дәрменсіз өмір сүрген номадтарға айналды. Олар орыс өкіметіне бас иіп, түтін салығын, тағы басқа да алым-салықтарды бұлжытпай орындайды», – деп жазды (ҚРООМ, 64-қор, 1-тізбе, 125-іс, 122-бет.).
Міне, осындай генерал-губернатордың «мағыналы» сөздерінен самодержавиенің отарлау саясатының шеруін аңдауға болады. Мұның өзі – еңбекші халықты езіп, үнін шығартпай тастағанының бір айғағы.
Колпаковскийдің келуімен бірге дала өлкесінде отарлау саясатының жаңа толқыны өрледі. Қазақтардың ежелден бері ұқсатылған жайлы жерлері қазына меншігі деп жарияланды.
Қазақ жерлерін казактардың қалай тартып алып, зорлық-зомбылық көрсеткенін белгілі ғалым, жазушы Сапабек Әсіп ағамыз өзінің «Қазақ қасіреті» деген еңбегінде егжей-тегжейлі баяндап жазған (Әсіп С. Қазақ қасіреті – Алматы, 1994 ж.).
Қазақ поэзиясының Құлагері Ілияс Жансүгіров өзінің «Жетісу» (1730-1916) атты кітабында (Алматы, 2001 ж) былай дейді:
«Колпаковский қалайда Жетісуды орысқа шегелеп ұстауға отар саясатын мықтап ұстады. Жетісуды орнықты отар қылуға орнығып отыратын орыс керек болды. «Жетісуда жер мол» деген дақпырт бүтін Ресейге таралады. Жер, судан айырылған қазақ-қырғыз кедейленіп, аяқты малдың өрісі тарылып, азайып, егін салып, егінші болып күн көруге жайлы жер-суынан айырылып, әлгі келімсектерге малай болып сіңеді. Алғашында Жетісуға жалғыз арбамен қаңғырып келген қара мұжықтар жаулап алған ел ішіне келген соң, өзін әкім санап, мінезі өзгеріп, еңбек жеу, шаруаны қанауға, жұртты соруға құнығады. Әрқайсысы төрт-бестен қыстау жай салып, 20-30-дан малай жалдайтын алпауытқа айналады.