Мон-Кхмер тілдері — Үндіқытай түбегі мен Оңтүстік Қытай, Солтүстік-Шығыс Үндістан және Никобар аралдарына таралған туыстас тілдер. Австроазия тілдері семьясына жатады. Көне жазбалы кхмер (Камбоджаның мемлекеттік тілі; жазба текстері б. з. 7 ғасырдан белгілі) және мон (жазба текстері б. з. 10 ғасырдан белгілі) тілдерінің есімімен осылай аталған. Мон-Кхмер тілдері төрт топқа: оңтүстік-шығыс (Камбоджа, Вьетнам, Тайланд, Бирма, Оңтүстік Қытайға тараған мон, поар, срэ, бахнар, брао, бру т.б. тілдері), солтүстік-шығыс (Лаос, Тайланд, Оңтүстік Бирмаға тараған палаунг, ва, кава, лава, данау т. б. тілдері), солтүстік-батыс (Үндістанның Ассам штатына тараған кхаси тілі), оңтүстік-батыс (Никобар аралдарына тараған көп диалектілі никобар тілдері). Мон-Кхмер тілдерінде аффрикат және ызың дыбыстарға қарағанда дауысты дыбыстар мен дифтонгілер көбірек қолданылады. Жаңа сөз жасауда негізінен аффикстік (префикс және инфикс) тәсіл, кейде аналитикалық тәсіл де қолданылады.Қазақ Совет Энциклопедиясы,8 том Дереккөздер

Санат:Тілдер